Шаруалар жер игеруге шындап бет бұрды

183
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында үшінші жаңғырудың бес басымдығына тоқтала отырып, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері екендігін айтты. Бұл сөз негізсіз емес, өткен жылдың қорытындысына көз салсақ, ауыл шаруашылығы саласында біраз ілгерілеу бар екендігі байқалады.

Сарапшылар ғаламдық дағ­дарыс белең алып тұрған қазіргі таңда, оның үстіне салаға тар­тылып отырған инвестицияның тө­мендігіне қарамай, ауыл шаруа­шылығы секторы ел эконо­микасына айтарлықтай қолдау көрсеткенін айтады. Жалпы, кө­лем тұрғысынан алып қарағанда, аграрлық салаға тартылған инвес­тиция деңгейі бар болғаны 3,3 пайызға өскен. Ұлттық эконо­ми­каның өзге саласымен салыс­тыр­ғанда ауыл еңбеккерлерін инвес­тициялық қолдау мардымсыз екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 51 пайызға жетіп, 253 миллиард теңгені құраған.
Жыл басталғалы да бұл саланы жаңғыртуға қаржы бөлу назардан тыс қалған жоқ. Қаңтар мен ақпан айларында ауыл шаруашылығы саласына 19,4 миллиард теңге инвестиция бөлініп, өткен жыл­дың тиісті мерзімімен салыс­тырғанда 14 пайызға артқан.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына басым­дық беруі тегін емес және бұл енді ғана айтылып отырған жоқ. Экономиканы әртараптандыру, мұнайға тәуелділіктен арылу – жиі қозғалып жүрген мәселе. Жерді түгін тартсаң майы шығатындай етіп күтіп ұстау арқылы аграрлық саланы дамыту – мемлекетіміздің негізгі мақсатының бірі.
Бүгінде Үкіметтің алдында «Агросектор­­ды ұлттық экономи­ка­ның жаңа драйверіне айналдыру үшін не істеу керек?» деген мәселе көлде­нең тұр. Мамандар бұл бағытта жұ­мыс істеп те келеді. Бір қуанар­лығы – ауыл шаруашылығы са­ласының еңсесін тіктеу үшін мемлекет тарапынан түрлі бағ­дар­­ламалардың жұмыс істеп жатқан­дығы. Саладағы ұсақ шаруашы­лықтарды біріктіріп, кооператив құру жайын қарастырып жатқа­нымыз да ауыл еңбеккерлерінің мемлекет тарапынан бөлініп отыр­­­­ған жеңілдетілген несиеге қол жеткізуіне, техника паркін жаң­­ғыртуына жасалып отырған қадам. Алдағы бес жылда 500 мың­нан астам жеке шаруашылықтар мен шағын фермерлік ұйымдар коопе­ративке біріктіріледі. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау, тасымалдау мен өт­кізу деңгейін көтеру жайы да басты назарда. Шаруалардың, әсіресе, көкөніс пен бақша өнімдерін өндіріп, оны өткізе алмай далада шіріп қалып жатқанын көріп ішіміз ашитын. Осы екі ортада делдалдар пайда көріп, ала жаздай маңдай терін төккен диқанның өнімін су тегінге алып кетіп жата­тын кездер де аз емес. Мемлекеттік деңгейде үйлестіре алсақ, оң­түстіктің көк-сөгіне солтүстіктегі, батыстағы қандастарымыздың қолжетімділігін арттырсақ, бәріне де тиімді емес пе?
Жерді пайдалану тиімділігін арттыру жайы да тап қазір күн тәртібінде. Алдағы бес жылда суармалы жер көлемін 40 пайызға арттырып, оны 2 миллион гектарға жеткізу жайы қарастырылып жатыр. Ғылымға сүйенбей сала жұмысының жанданбайтыны әмбеге аян. Сондықтан аграрлық ғылыми-зерттеу саласына инвес­тиция тарту көлемін арттыру да көзделіп отыр.
Бір қуанарлығы, ауыл еңбек­керлері бүгінде «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген қағиданы негізге алатындай. Ауыл шаруашы­лығы саласына салынып отырған негізгі қаражат та сол шаруашы­лық­тардың өзіне тиесілі. Өткен жылы шаруалар агросалаға 53 мил­лиард инвестиция құйған. Сондай-ақ былтыр шаруалар банк­тік және басқа да қаржы ұйым­дарынан шаруа­шылығын жүргізу үшін бел­сенді түрде несие тартқан. Қаржы институттарынан шаруашылықтар­дың тартқан қаржысы 30 миллиард теңгеден асып жығылған. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 2 есе артық көрсеткіш. Демек, ел аграр­лары салаға өздігінен қаржы салу және өзге қаржы институтта­рынан қаржы тарту арқылы жұ­мысын үйлестіруге дағдыланып келеді. Бұл дегеніңіз – шаруалардың жерді игеруге шындап бет бұр­ғанының белгісі.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Фото: Hi-News.ru

Бөлісу:

Пікір жазу


*