Үшарал әуежайы шомылу маусымына дейін ашыла ма?

141
0
Бөлісу:

Әлемдегі бірқатар елдердің экономикасындағы басты тірек болып отырған туризм саласын Қазақстанда дамытуға аса қолайлы өңірлердің көш басында тұрғандар арасында Алматы облысы да бар. Табиғаттың барлық белдеуі мен байлығын, тамаша таңғажайыптарының барлығын кездестіруге болатын өлкедегі айдын шалқар көлдері мен аспан таулары астасқан, орман-тоғайы бұйрат құмдармен ұштасқан Алакөл аймағының орны ерекше. Әсіресе, жаз айларында өз еліміздің әр қиырын айтпағанда, алыс-жақын шет мемлекеттерден Алакөлдің шипалы суына асығатындар легі жыл өткен сайын артып келеді. 

Дегенмен жолдың нашарлығы мен жердің шалғайлығы демалуға асыққан­­дардың арынын тежеп, ын­та­сын басатыны да рас. Осыған қатысты түйіткілдерді тарқату үшін қолға алын­ған шаралардың алғашқысы ре­тінде аудандағы демалыс аймағына ар­найы жолаушылар пойызы қатынай бастағанын айта кеткен жөн. Күрделі мәселелерді реттеу кезінде сөз болған Алматы – Талдықорған – Үшарал ба­ғы­тындағы әуе қатынасын қалпына кел­тіру де биыл шомылу маусымы қар­саңында шешімін таппақ. Облыс әкім­дігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі ара­сындағы келісім нәтижесінде осын­дағы әскери әуе базасындағы ұшып-қону жолағын азаматтық мақ­сатқа да пайдалану мақсатына ың­ғай­лау, әуежай салу қолға алынған еді. Аман­дық болса, құрылысының ұсақ-түйегі ғана қалған әуежай бірер айда пай­далануға беріледі. Бұл туралы өңір­лік коммуникациялар қызметінің атал­ған ауданда ұйымдастырған көш­пелі брифингінде айтылды. Бри­финг­ке қатысқан Алматы облысы әкімі орын­басары Жақсылық Омар да өз ой­ларын ортаға салды.
Облыстық туризм басқармасы бас­­шысының міндетін атқарушы Ар­қау Шынтаевтың айтуына қарағанда, өт­­кен жылы облыста жеке инвес­ти­ция­­лардың арқасында жалпы сомасы 3,6 миллиард теңге болатын 43 туризм ны­саны іске қосылыпты. Оның ішін­дегі 30 нысан көл жағалауында тұрғы­зыл­ған.
– Облыс басшылығының жан-жақ­ты қолдауының нәтижесінде қа­зіргі кезде Алакөл көлінің жағалауында тиісті инфрақұрылым жасауға қатыс­ты мәселе оң шешімін тауып келеді. «БЖК – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы аясында Ақши ауылында бюд­жет­тен 610, 9 миллион теңгеге электр та­сы­малдауға арналған 93,8 шақы­рым­дық жаңа желі тартылды. Туристік логистиканы өркендеуге баса назар ау­дарылуда. Автожолдарды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­леніп, 2015 жылдан бері темір­жол­мен жолаушылар тасымалын жер­гілікті бюджеттен субсидиялау жү­зе­ге асы­рылу­да. Сонымен бірге, осыдан екі жыл бұрын бюджеттен 896,9 миллион теңге бөлініп, құрылысы басталған әуе­жай аяқталуға жақын. Жаңа әуе­жайдың ұшып-қону алаңы қайта құры­лымдалып, радиотехникалық жә­не метеорологиялық жабдықтар жаң­аланды, – деген Алакөл ауданы­ның әкімі Әлібек Жақанбаев жергі­лік­ті атқарушы органдармен жүргі­зі­ліп жатқан жоспалы жұмыстардың қазірдің өзіне нақты нәтиже бере бас­тағанын ерекше атап өтті. Өткен жы­лы ауданға келген туристер саны жар­ты мил­лионнан асып жығылғаны бұған айқын дәлел бола алады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Фото: Ғаламтордан

Бөлісу:

Пікір жазу


*