«ЕЛ АРНА» АҚПАРАТ АЙДЫНЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

681
1
Бөлісу:

Еліміздің электронды ақпарат құралдары қатарына тағы бір жаңа телеарна қосылды. Эфирге жол тартқан «Ел арна» тәулік бойы отандық киноөнімдерді насихаттап,  алтын қорда сақталған көркем фильмдерді, құнды жәдігерге айналған тарихи таспаларды телекөрермендерге ұсынбақ.

Қазақ киносының жауһарлары мен заманауи кинотуындыларды жұрт­шы­лықпен қауыштырғалы отырған «Ел ар­на­ның» тұсаукесеріне ҚР Ақпарат және ком­муникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.
– Телевидение қоғамдық сананы қа­лып­тастыруға ықпалы зор қуатты құра­л е­кені белгілі. Сондықтан оны ұлт мүд­де­сіне, ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пай­­­­дала-на білу – басты мақ­сат­тары­мыздың бірі. Алтын қорымызды ұрпақ игі­лігіне жаратуды көздейтін жаңа ар­наны біз «елдің арнасы болсын» деген ниет­пен «Ел арна» деп атадық. Жаңа те­леарна бүтін бір буынға әсер еткен Шә­кен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қар­сақбаев, Сұлтан Қожықов сияқты май­талмандардың туындыларын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насиxаттауға тамаша мүмкіндік бермек. Сонымен қатар біздің мақ­сатымыз – білім, ғылым мен өнер са­ла­сына арналған деректі фильмдер мен та­нымдық бағдарламалардың көрерменге барынша қолжетімді болуына ықпал ету, еліміздің ақпараттық кеңістігін өз туын­ды­ларымызбен қамту. Бұл арнаның ашылуы кино саласындағы жас мамандар үшін де үлкен қолдау деп білемін. Енді олар өз шығармаларын халық назарына ұсы­нып, кеңінен насихаттай алады, – де­ді министр.
Ал «Хабар» агенттігінің басқарма тө­райымы Алмагүл Ахметжанованың ай­туынша, «Ел арна» эфирлік уақытының 80 пайызын қазақ киносының алтын қо­рындағы фильмдер құрамақ. Бұған қо­са, халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып келген отандық режис­сер­лер­дің туындыларын көрсету де жоспарда бар. Эфирдің маңызды бір бөлігін қа­зақ­тың біртуар тұлғалары туралы түсірілген деректі фильмдер де құрайды.
Негізінен, жай күндері толық­мет­ражды фильмдерге көбірек орын берілсе, де­малыс күндері көбіне қазақстандық телехикаялар көрсетілмек.
Жаңа «Ел арнаға» ақ жол тілеген бел­гі­лі ғалым, мемлекет және қоғам қайрат­кері Мырзатай Жолдасбеков:
– Кезінде біз Күләш Байсейітова, Қа­на­бек Байсейітов, Ғарифолла Құр­ман­ғалиев секілді біртуар тұлғаларымыздың өнерімен сусындап өстік. Ал қазіргі ұрпақ қазақтың осындай саңлақтарын біле бер­мейді. Өйткені ұлттық мәдениетімізді на­сихаттайтын бағдарламалар азайып кет­ті. Қазіргі отандық телеарналар кілең баянсыз махаббат, тұрлаусыз өмірді баяндайтын түрік, үндінің бітпейтін теле­хикаяларын көрсетумен жалықтырды. Жұртшылық нағыз өнерге сусап отыр. Ен­ді міне, көзі ашық, көкірегі ояу кө­рер­мен «Ел арна» арқылы халқымыздың асылдарымен, классик туындыларымен қауы­шатын болды. Жаңа арна нағыз елдің сүйікті арнасына айналып, ғұмыры ұзақ болғай! – деп батасын берді.
Осылайша, ақпарат айдынына жол тарт­қан телеарнаның алғашқы эфирі әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ән-аға» атты тарихи драмамен ашылды.
Алдағы уақытта «Ел арна» осы секілді қа­зақтың тұлғаларына арналған, олардың жанды дауысы жазылған таспаларды бір­тіндеп жұртшылық назарына ұсынбақ. Қазірдің өзінде туындылардың тізімі жа­салып, ескі таспалар электронды фор­мат­қа көшіріліп дайын тұр екен. Отандық ре­жиссерлердің кино әлеміндегі тың туын­дылары да алдымен «Ел арна» эфи­рінен көрерменге жол тартпақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*