Индустрияландыру игіліктері елеулі

1262
0
Бөлісу:

Қазақстан ас тұзы бойынша былтыр Ресей нарығының алтыдан бір бөлігін жаулап алыпты. Бұл туралы кеше Премьер Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Үкімет мүшелері 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын талқылады. Сондай-ақ Индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылғы жүзеге асырылу қорытындыларын қарады.

Отырысты ашқан Үкімет жетекшісі Б.Са­ғынтаев Сырдың жағадан тасып төгілуі байқалғанына, бірқатар елдімекендерді су баса бастағанына алаңдаушылық білдірді.
Ахуал жайында баяндаған ішкі істер ми­нистрі Қ.Қасымов (төтенше жағдайлар саласы соның ведомствосына қарайды) су басудың жоғарғы қаупі сақталып отырған өңірлерді атады.
– Барлық өңірлерде бақылау жұмыстары жүргізілді. 24-25 наурызда СҚО, Ақмола об­лыстарының үстінен ұшып өттік, 29 нау­рызда Қарағанды облысына ұшуды жос­парлаудамыз. «Қазгидромет» деректерін және су қоймаларының толуын ескере отырып, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарын қауіп деңгейі жоғары санаттарға жатқызған едік. Дегенмен соңғы мәліметтерді есепке ала келе, дәл қазір қауіп тек СҚО мен Қостанай облыстарында қалып отыр, – деді ІІМ басшысы.
Қалмұханбет Қасымов Қызылорда өңі­рінде Сырдариядан «шамалы ғана су тө­гіл­генін» айтты: «Қазір онда қауіп төндіретіндей мұз кептелісі жоқ. Ауа райы жағдайларын ес­керіп, Қостанай облысында 6-7 сәуірде, Ақ­мола, Қарағанды және Солтүстік Қа­зақстан облыстарында – 8-9 сәуірде сең жүруі­нің қарқынды шағы басталады деп күту­деміз. Сол мерзімге қарай барлық күш­тер дайын болады, барлық шараларды қа­был­даймыз!» деп сендірді Ішкі істер ми­нистрі.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та жағдайдың қорқынышты емес екенін растады: «Екі-үш нысанды жөндеу қа­жет болады. Аудан шеңберінде төтенше жағ­дай режимі жарияланды. Бүгінде шы­ғынды есептеп жатырмыз, бюджетте тиісті қа­ражаттар бар, барлығы шешіледі» деді ол. Бұған дейін мұз кептелісі кесірінен Басықара гид­роторабы жанында судың жағадан шық­қаны хабарланды. Су басу аймағынан 15 адам мен жарты жүздей ірі қара мал әке­тілген. Тағы 8 адам Құмжиек кентінен тікұ­шақ­пен эвакуацияланған. Артынша мұз бе­тін­де жарылыс жүргізу арқасында өзен-дегі су деңгейі төмен түсірілді.
Премьер Б.Сағынтаев жауапты орган­дар­ға мәселені бақылауда ұстауды жүктеді.
Үкімет басшысы Ақтөбе жақта көлігі газ­бен жүретін жүргізушілердің отын таппай, сен­делуі оқиғасына да ден қойды.
«Біз бұл мәселемен айналысып жатыр­мыз. Кеше «Ақтөбемұнайгаз» компания­сы­нан қосымша 800 тонна газ сатып алынған. Газ­бен жабдықтаушы компаниялар қолда­рын­да бар газды сатпай отыр. Бұл туралы Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына хабар­лан­ды. Қазір шаралар қолданылуда. Бүгіннен бас­тап біздің облыста бұл проблема бол­май­ды деп ойлаймыз» деп баяндады бей­не­бай­ла­ныс арқылы қосылған Ақтөбе облысының әкі­мі Бердібек Сапарбаев.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаев об­лыс аумағында 4 газбен жабдықтаушы ком­па­ния жұмыс істейтінін мәлім етті: «Ай сайын министрлік облысқа арнап, 5 мың 200 тон­на сұйытылған газ бөледі. «CNPC-Ақ­тө­бемұнайгаз» газды 100% бөлді. Наурызда әлгі ком­паниялар 5 мың тоннадан астам газ са­тып алған. Бірақ ары қарай оны қайда жі­бер­гендерін тексеру керек. Сондықтан мен бүгін елордадан екі лауазымды тұлғаны Ақтөбе облысына аттандырдым. Үкіметтің келесі оты­рысында баяндаймыз», – деді министр.
Премьер мұндай тапшылықтың жылма-жыл қайталанатынына назар аударды. Елді на­разы ететіні де – сол. «Бізде біресе бензин, біре­се газ жетпей қалып жатады. Барлығы жос­пармен жүруі қажет. Әкімдіктермен бір­лесіп, алдын алатын жұмыс жүргізуге тиіспіз. Егер әкім айтқандай, газ облысқа емес, басқа жаққа сатылып жатса, тиісті шаралар қабыл­дануы керек. Бұлай қалдыруға болмайды!» деп шарт түйді Б.Сағынтаев.
Дәл осындай «газ дағдарысы» Ақтөбеде был­тырғы жазда болған. Ал 2016 жылғы қа­зан­дағы дүрбелең нәтижесінде газ құны 45 тең­геге дейін қымбаттапты. Қазіргі жағ­дай­дың мән-жайын прокуратура анықтауға кі­рісті. Өз кезегінде ақтөбелік газ құюшы с­танса иелері бұл тапшылықтың себебін «сұйытылған газдың негізгі өндірушісі «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» қазақ-қытай ком­паниясының келісімнің шартын өзгер­тіп, жүз пайыз алдын ала төлем жасауды та­лап ете бастауымен» түсіндірді: Қажетті қара­жатты табу үшін олар барлық газдарын заң­ды тұлғаларға көтерме сатуға мәжбүр бол­ған-мыс.
Елді елеңдеткен екі оқиғаны талқыға сал­­ғаннан кейін Үкімет мүшелері күн тәр­ті­бін­дегі мәселелерді қарауға кірісті. Биылғы көк­темгі егіс жұмыстарына дайындық жайын­д­а ауыл шаруашылығы бірінші вице-ми­нистрi Қайрат Айтуғанов баяндады. Оның айтуынша, биыл Қазақстан егістік көлемін ай­тарлықтай өсіреді. Алайда соның ішінде бидай алқаптарының ауқымын қысқарту жалғасуда.
– 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақыл­дарын 22 миллион гектар алқапқа егу жо­с­парлануда, бұл 2016 жылмен салыс­тырғанда 311 мың гектарға артық. Оның ішінде көк­темгі егіс көлемі 18,5 млн гектарды құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, мал азығы да­қыл­дарының, яғни арпа, сұлы, жүгері, ас­бұршақ, ноқаттың егістік көлемі – 206 мың гектарға, жарма дақылдары – 32 мың гек­тарға, майлы дақылдар – 60 мың гектарға, қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың гек­тарға артады. Суды көп қажет ететін дән­ді дақылдар, соның ішінде күріш көлемін 2 мың гектарға, мақтаны 4,6 мың гектарға, ал бидайды – 338 мың гектарға қысқарту көз­делуде. Тұтастай алғанда, дәнді дақылдардың егістік алқабы 15 млн гектарды құрайтын бо­лады, оның ішінде бидай 12 млн гектарға ғана егіледі, – деді Қ.Айтуғанов.
Биыл агроөнеркәсіп кешені субъектіле-рі­нің көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­та­рын жүргізуге 60 млрд теңге бюджеттік несие бө­лінді. Бір жаңалығы сол, бірінші вице-ми­нистрдің түсіндіруінше, «бұл несие қар­­жы­лан­дыру көзіне қарамастан, «Аг­рар­лық-не­сие корпорациясы», банктер, мик­роқаржы ұйым­дары, кредиттік серіктес­тік­тер – бәрі­нен ақырғы заем алушы саналатын ауыл шаруа­шылығы өндірушісіне 6 пайыздан ас­пайтын жылдық сыйақы мөлшерлемесімен бе­рілуге тиіс». Былтыр бұл көздерден алынатын несиенің орташа мөлшерлемесі 9%-дай болыпты.
60 миллиард несие жалпы ауқымы 3 млн гек­тар егістік алқапты және 1500 АӨК су­бъек­тілерін қаржыландыруға жетеді делінді. «Қазірдің өзінде олардан 80 миллиард тең­геден асатын 800 өтініш келіп түсті. Яғни, сұраныс асып түсуде. Өтінімдер арасынан лайықтылары және 2016 жылғы желтоқсан-ға дейін несие қайтарымын қамтамасыз ете алатындары таңдалады» деді Үкімет оты­ры­сынан кейінгі баспасөз конферен­ция­сында Қайрат Айтуғанов. Сондай-ақ ол бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы да­қылдары қаржыландырылатынын да ес­-кертті.
Оның айтуынша, жаңа АӨК-ті қолдау мемлекеттік ­бағдарламасы аясында ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілерін жоғары сапалы тұқым­мен қамтамасыз ету мақ­сатында тұ­қым шаруашылығын қолдау тетігі жетіл­дірілді. Мысалы, биылдан бастап бірегей және элиталық тұқымдарды суб­си­диялау қайта басталған. Бірінші репро­дукциялы тұқымдар тек басымдықты дақыл­дар бойынша және ең төменгі нор­масыз субсидияланады. Бұдан басқа жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық кө­шет­тері және бірінші ұрпақты будандарын суб­сидиялау жалғасын табады. 2017 жыл үшін 2,4 млн тонна ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның тұқымы дайындалып отыр.
Биыл минералды тыңайт­қыштарды субсидиялау үшін 13 млрд теңге бө­лінді, бұл былтырғы жылмен салыстыр­ған­да 2 млрд теңгеге көп.
– 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын уа­қытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақ­сатында 375 мың тонна мөлшерінде қажетті дизель отынының көлемі айқындалды, оның ішінде 148 мың тонна наурыз айына бе­­кі­тілді. Наурыз айына бекітілген баға литрі­не – 105 теңге. Бірақ операторлардың та­сымал және басқа да шығындары қосыл­ғанда, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін оның әр литрі 120 теңге болады. Са­лыстырсақ, дизель отынының нарықтағы бағасы литріне 130 теңгені құрайды, – деді Үкімет мүшелеріне Қ.Айтуғанов.
2017 жылдың басындағы жағдай бойын­ша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқымсепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құ­рал-жабдық, 5 мың бүркуіш (опрыс­ки­ва­тели), 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егу кешені бар. «2017 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың дайындығы 86%. Тұқымсепкіштер – 89%, қопсытқыш-культиваторлар – 91%, тұқымсепкіштерді тол­тырғыштар – 91% деңгейінде дайын» деді АШМ бірінші вице-министрі.
Бірінші мәселе бойынша талқылауларды қ­орытқан Премьер Бақытжан Сағынтаев мем­лекеттік органдар мен әкімдіктерге көк­темгі егіс жұмыстарына дайындықты ба­қылау­да ұстауды тапсырды. Ол Үкімет тара­пынан көктемгі егіс жұмыстарын қаржылық жә­не материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шешімдер қабылдан-ға­нын ескертті.
«Ендігі мәселе – барлық ауыл шаруа­шы­лығы жерлері тиімді пайдаланылуы керек. Бюд­жетте егістік үшін қарастырылған қара­жат қатаң түрде мақсатына жұмсалуға тиіс. Бұл – тұқымдарды субсидиялауға да қа­тысты!» деген Үкімет жетекшісі өз орынба­сары – ауыл шаруашылығы министрі
А.Мырзахметовке, Энергетика ми­нистр­лігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндіру­шілерін дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды жүктеді. «Қаз­Агро» хол­дин­гіне қаражатты уақытылы бөлу және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Индуст­рия­ландыру тақырыбы бойынша Инвес­тиция­лар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек баяндады. Оның мәліметінше, ин­­дуст­рия­ландыру мемлекеттік бағдар­ламасы мен оны жүзеге асыру жоспарында 4 мақсатты ин­дикатор және 10 нәтижелер көрсеткіші қа­растырылған.
«Бағдарламада жоспарланған 10 нәтиже­лер көрсеткішінің 2016 жыл қорытындысы бойынша 8-і жүзеге асырылған. Нәтиже­сін­де, қолданыстағы өндірістерді жаңғырту мен кеңейту бойынша еліміздің 7 өңірінде жалпы со­масы 68,7 млрд теңге болатын 10 жоба іске қо­сылды. Сонымен қатар ауқымды жобалар­ды жүзеге асыру үшін Global-2000/ТНК жаһан­дық компаниялар тізіміндегі 7 инвес­тор тартылды» деді министр.
Ол Индустрияландыру картасы аясында 2016 жылы іске қосылған, 878 млрд теңге ин­вестиция құйылған 130 жаңа жобада
9,9 мың­нан астам тұрақты жұмыс орны ашыл­ғанын жеткізді. Картаның қолданысқа бе­ріл­ген жобалары 2016 жылы 2,2 трлн теңге­ден астам сомаға өнім шығарыпты. Бағ­дар­лама шараларын жүзеге асыруға мемлекеттік бюд­жеттен және Ұлттық қордан 2016 жылы 183,2 млрд теңге бөлінген. 2016 жыл қо­ры­тын­ды­сы бойынша Ұлттық қор қаражаты 100%, мем­­лекеттік бюджет қаржысы 99,5% иге­ріл­ген.
Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің жалпы кө­леміндегі Карта жобаларының еншісі ша­мамен 18,5%-ды құрады. Ж.Қасымбек 2015 жылмен салыстырғанда, былтыр өңдеуші өнеркәсіп 12 өңірде өркен жайып, нақты өскенін хабарлады: өсім қарқыны бойынша көш басындағылар – Ақтөбе (115,8%), Қы­зылорда (115%), Маңғыстау (110,9%) об­лыс­тары. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі былтыр барлық өңірде өскен.
Мемлекеттік бағдарламаның орын­далуына Ұлт­тық экономика министрлігі де жоғары баға берді: «Жалпы, 2016 жылы бұл бағдарламаны іске асыру нәтижелерін оң деп санауға бо­лады» деді министр Т.Сүлейменов.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Кө­шербаев өз өңірінде ІІ бесжылдық аясын­да жалпы құны 604 миллиард теңгені құрай­тын 24 жоба жүзеге асырылғанын мәлімдеді: «Оның ішінде 8-і – экспортқа бағдарланған кәсіпорындар. Өткен жылдың екінші жар­тысында «Аралтұздың» ас тұзын өндіру жо­басы іске қосылды. Нәтижесінде, кәсі­по­рын өндірістік желілерінің қуаттылығын 7 есеге арттырды. Өнімінің 60 пайызын шетелге экспорттайды. Соңғы 2 жылда ол Ресейдің ас тұзы нарығының 12 пайызын жаулап алды. Жалағаштағы мия тамырын өңдеу жобасы бойынша инвестор ауыстырылды, биылғы қаңтардан бастап, алғашқы 20 тонна өнім Қытайға экспортқа жөнелтілді».
Отырысты қорытқан Б.Сағынтаев Елба­сы жолдауына сәйкес, «Индустрия 4.0» эле­менттерін енгізумен қатар, ел өнер­кәсі­бінің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру жұмыстарын жан­дандыруды тапсырды.
Премьер Елбасының Үкімет алдына ши­кізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру міндетін қой­ға­нын еске салды. Бұл экспорттық қолдау жүйесін «қайта жүктеу» және экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамыту жолымен жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет басшысы өзі­нің бірінші орынбасары А.Маминді осы мә­селелерді бақылауда ұстауға міндеттеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*