Көрмеге шетелдіктер көп келеді

508
0
Бөлісу:

Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалаушылар қазірдің өзінде 670 мыңға жуық билетті сатып алыпты. Бұл деректі Елордада өткен  брифингте  «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ» АҚ коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев мәлім етті. Оның айтуынша, күні бүгінге дейін сатылған  билеттердің 13 пайызы шетел азаматтарының үлесіне  тиеді екен.

Елордада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне билет сату өткен жылдың 10 маусымнан басталған. Бірақ ол билеттің басым көпшілігі онлайн жүйемен сатылып келген еді. Биылғы наурыз айынан бастап еліміздің барлық облысы мен Ресейдің ірі қалаларында көр­ме билеті арнайы кассаларда сатыла бастады. Яғни, бұдан былай көрмеге арналған билет­ті облыс орталықтары мен Аста­на, Алматы қалаларындағы 17 ресми билет сату кассасынан алуға болады. Сонымен қа­тар Астана мен Алматы қала­ларындағы ірі сауда, ойын-сауық кешендерінде 2016 жыл­­дың желтоқсан айынан бері жұмыс істеп тұрған кас­салар да билет сатуды жалғас­тыра бер­мек. Сондай-ақ көр­меге би­леттерді сату ісімен «Қаз­пошта» АҚ-ның 981 бөлім­шесі және бірқатар сауда желілері де айналысып келеді. Енді оған темір жол кассалары да қосы­латын болады.
Дәулет Еркімбаевтың сө­зіне қарағанда «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ»АҚ шетел­дерде де билет сатуды әрмен қарай жалғастыра бермек. Бірақ нақты қандай мемлекет­терде ашылатындығы әзірге белгісіз. Ресейде көрмеге билет сататын арнайы 38 орын ашыл­ған. Би­лет сататын кассалар Мәскеу, Санкт-Петербор, Сочи, Ниж­ний Новгород, Қа­зан, Ека­теринбург, Новосібір тәрізді бірқатар ірі қалаларда ашы­лыпты. Соның нәтиже­сінде, көрмені тамашалауға алыс-жақын шетелдерден ке­летін қонақтардың да қарасы көп. Дегенмен көрмеге қызы­ғушы шетелдіктердің саны қазірдің өзінде ұйым­дас­тырушылардың күткен межесіне жеткен. Ұлт­тық компания өкілінің сөзіне қарағанда, «ЭКСПО –2017» көрмесін та­машалауға шетел­діктердің 15 пайызы ғана бо­латын шығар деген болжам бар. Оның өзінде көрме өтетін үш айда келетін қонақтардың болжамы жа­салса керек. Қазір­дің өзінде шетелдіктер сатып алған билет саны жалпы са­тылған билеттің 13 пайызын құраға­нын Дәулет Еркімбаев жоғары нәтиже ретінде бағалап отыр. Шамасы, көрмені ұйым­дас­тыруға жауапты компа­нияның өкілдері әу баста «арық айтып, семіз шығудан» үмітті болғанға ұқсайды. Әйтеуір шетел­діктердің қызығушылы­ғы мол болғанына разы екен­дік­терін байқатты. Алда әлі үш айға жуық уақыт бар екенін әрі көрме кезінде де билет сатып алуға болатынын ескерсек, Астанаға ағылатын шетелдік­тердің қарасы әжеп­тәуір мо­лаюы мүмкін. Оның үстіне көрме барысында билет таусы­лып қалады-ау деген қор­қы­ныш болмақ емес. Өйткені ша­раны тама­шалауға ниет еткендер бір-екі күнде топыр­лап келе қоймасы анық.
Билет құнына келер болсақ, ең қымбат билеттің бағасы – 8 мың теңге. Оларда нақты бір мерзім көрсетілмейді. Нақты уақыты көрсетілген билет ба­ғасы демалыс күндері – 6 мың, жұмыс күндері – 4 мың теңге. «ЭКСПО – 2017» көрмесін тама­шалағысы келген отандас­тарымыз үшін жеңілдіктер қарастырылған. Студенттер мен оқушылар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар үшін билет құны 50 пайызға арзан болмақ. Соғыс ардагерлері, 6 жасқа толмағандар мен жетім балалар көрмеге тегін кіре ала­ды. Сондай-ақ мемлекет та­рапынан әлеуметтік жеңіл­діктер қарастырылған кез кел­ген топтағы мүгедек жан көрмені тамашалау үшін ақы төлемейді.
А.ІЗГІЛІК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*