Іргелі істердің көш-керуені үзілмейді

997
0
Бөлісу:

Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет басшысының өңірлерді аралаған сапары осы аптада жалғасын тапты. Оның барысында Премьер-министр Президенттің биылғы Жолдауындағы қойған мін­деттердің және басқа да тапсырмаларының өңірлерде орын­­далу барысын қарады. Сәрсенбі күні Бақытжан Сағынтаев бір­­қатар үкімет мүшелерін ертіп, Батыс Қазақстан облысында іс­­сапар­мен болды. Ал кеше Премьер Ақтөбе облысына сапар­мен келді. 

Үкімет басшысының Ақ Жайық атырабына сапары «Орал» халықаралық әуежайының даму жоспарымен танысудан басталды. 2014-2015 жылдары әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағына қайта жөндеу жұмыстары жүр­гі­зілген болатын. Ол барлық түрдегі заманауи әуе көліктерін қабыл­дау­ға қажетті санатты алуға мүмкіндік берді. Орал қаласының әуежайы ел ішіндегі әрі халық­аралық әуе қатынастары бойынша да маңызды көлік-логистикалық мәнге ие.
Үкімет басшысы ірі жоғары технологиялық өндіріс кешені – Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында болды. Бұл өндіріс ошағында Бақытжан Сағынтаевқа газ турбиналарын General Electric компаниясымен бірлескен түрде жөндейтін және мұнай-газ жаб­дықтарын өндіретін цехтың жұ­мысы туралы баяндалды. Бұл ма­шина жасау компаниясы – металл құрастырылымдарын, тұрғын мобильді ғимараттарын, құрылыс және ауыл шаруашылығы жаб­дықтарын шығарумен айна­лысатын жоғары технологиялық өндірістік кешен. Сонымен қатар зауыт еліміздің қорғаныс өнер­кәсібінің маңызды құрамдас бөлігі – әскери және азаматтық маңызға ие авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу жұмыстарын да жүргізеді.
Мұнан кейін Премьер-ми­нистр Орал қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерді аралады. Ол нысандарды аралау барысында тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру бойынша жоспарлар туралы есепті тыңдады. Сондай-ақ Премьер-министрге Орал қала­сының ескі апатты үйлерін құлату бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары таныс­тырылды. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мін­детінің шешімін табуға бағыт­талған.
Үкімет басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілдерімен де жүздесті. Кездесуде өнеркәсіптік кәсіп­орындарды несиелендіру, мем­лекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамыту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді төмендету және бизнеске несие қаражат­тарының қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Бақытжан Сағын­таев «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-на аялдап, мұндағы өндіріс тынысымен танысты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бөлінген 2014 жылдың желтоқ­санында іске қосылған зауыт транс­форматорлар жасап шыға­рады. Бұл жобаға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бөлінген 2,6 млрд теңге несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 140,9 млн теңгеге мемлекеттік қолдау көр­сетілген. 2016 жылы 2,57 млрд теңгеге 3694 дана трансформатор шығарылса, соның 3124-і (2,3 млрд теңге) Ресейге жөнелтілген.
Премьер-министр өңірдегі ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіп­орындардың бірі «Жайық ет» ЖШС-ға да ат басын бұрды. Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында, сондай-ақ жиһаз шығаратын «Квант» ЖШС және «Жәңгір хан» жеке бала­бақ­шасының жұмысымен танысты.
Үкімет басшысы осы күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың мәжіліс залында мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде орындалуына арналған жиын өткізді. Компаниялар, мемлекеттік және салалық құрылымдар бас­шыларымен өткен кездесуде Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарла­масының іске асырылу барысын және ел экономикасының, жалпы құрылыс саласының келешегін талқылады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысына тоқталып өтті.
– Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы облыстың әлеу­меттік-экономикалық даму қо­ры­тындысы оң нәтижелер көрсетуде. Өндірістік өнім өндіру көлемі 480 миллиард теңгеден асады деп болжап отырмыз. Бұл өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Өңдеу сала­сындағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 34 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Мұнай өңдеу өнім­дері, машина жасау, құрылыс және дайын металл бұйымдарын өндіру көлемін арттыру арқылы нақты көлем индексі 107%-ды құрайды. Индустрияландыру картасы бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспар­лануда. Аграрлық сектор саласы бойынша да облыстың әлеуеті жоғары. Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, биыл егін алқаптарының көлемі 32 мың гектарға ұлғаяды, өңірдегі егіс алқаптары 500 мың гектарға жуықтайтын болады, – деді облыс әкімі А.Көлгінов.
Оның мәліметінше, жылдың басынан бері құрылыстың барлық бағыттары бойынша 60 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өсім 53%-ды құрады. Бұл ретте 8,2 млрд теңгенің құ­рылыс жұмыстары атқарылып, 12%-ға артып отыр. Дегенмен тозығы жеткен және апатты жағдайдағы үйлердің саны көбейіп келеді.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары Ақтөбе облысында жалғасты.
Премьер сапар аясында өңірдегі әлеуметтік нысандарға маңыз берді. Ол мемлекеттік-жеке әріптестік аясында салынып жат­қан қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасына, сондай-ақ «Көз жарығы» оф­тальмо­логиялық ауруханасына бар­ды. Стансаны аралау бары­сында Үкімет жетекшісіне меке­менің «тұрғындардың өміріне қауіп төнген жағдайда, тәулік бойы әрі тегін шұғыл және жедел медициналық көмек көрсетумен айналысатыны» баяндалды. Ал 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған офтальмологиялық аурухана биылғы қарашада ашылады деп жоспарланған. Оның стационары 60 төсек-орынға шақталған, емханасы тәулігіне 250 адамды қабылдайды.
Елбасының Жолдауында әлеуметтік салалар сыртында, елді баспанамен қамту мәселесіне де үлкен орын бөлінген. Б.Сағынтаев «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС-ында болып, Ақтөбе облысындағы жылдам тұр­ғызылатын тұрғын үйлер өн­дірісінің даму барысымен танысты. Мұнда Премьер өн­дірістік желілерді аралап, үй құрылысына қажетті панельдер мен құрастырылымдар өндірудің технологиялық үдерісі туралы баяндаманы тыңдады. Сонымен қатар оған ҮҚК технологиясы бойынша тұрғызылған жеке тұрғын үй макеті таныстырылды. Осындай кәсіпорындар өңірде «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруда маңызды рөл атқарады.
Осының алдында Б.Сағын­таевтың өзі барып көрген «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында осы комбинаттың көмегімен несиеге берілетін аз қабатты бірнеше тұр­ғын үй құрылысын жүргізу жос­парланған. Қазіргі таңда кә­сіпорында сол үйлер құрылысына қажетті өнім шығару жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жер» бойынша Ақтөбе облысында 2017 жылы 500-ден астам аз қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ден астам отбасыны қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Бақытжан Са­ғынтаев жылына 70 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, өңдеуге қауқарлы Ақтөбе көлік-логистика орталығына барды. Ол орталық жұмысының тетігімен, азық-түлік өнімдерін сақтау жағдайлары және қаптау цехының жұмыстарымен толығырақ танысты. Бұл ретте оған Президенттің Жолдауында берілген тапсырмаларды ескере отырып, облыстың логистикалық әлеуетін дамытудың, жүк және жолаушылар ағынын ұлғайтудың жоспарлары мен көрсеткіштері туралы ақпарат берілді. Орталықта цифрлық технологиялардың көмегімен тауарларды бақылаудың барлық тізбегі компьютер­лен­дірілген. Бұдан өзге мұнда бакалея өнімдерінің (қант, күріш және жармалар) 40 позициясын қаптайтын цех желісі мен тауарды тиеп, түсіріп алатын темір жол тармағы бар.
Осы орайда Премьер «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында шара қатысушылары несие ресурстарының қолже­тімділігі, субсидиялау, пайыздық мөлшерлемелер, салық саясаты мәселелерін, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың түрлі аспектілерін талқылады. Сондай-ақ Ақтөбе облысының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі көтерген мәселелер талқыланды. Кездесуге «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Т.Құлыбаев, палата басқарма төрағасы А.Мырзахметов және басқалар қатысып, өз ой­ларын ортаға салды. Кеңес қо­рытындысы бойынша Б.Са­ғынтаев жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.
Сапар аясында Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерімен өндірісті тех­но­логиялық жаңғырту мәселелері бойынша да кездесу өткізді. Жүздесуде Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев пен өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері сөз сөйледі. Кездесуге қатысушылар Премьерге өз кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңа тех­нологиялардың енгізілуі туралы айтып берді. Баяндамаларды тыңдаған соң, Б.Сағынтаев дәстүрлі секторлар мен қызмет көрсету саласының тоғысында туындайтын жаңа индустрияларды кеңінен тарату мәселесін әкім­діктің ерекше назарына алу қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол Елбасы өзінің жолдауында әкімдіктер жұмысының тиімділігін құрылған жұмыс орындарының санымен бағалауды белгілеп бер­генін еске салды. Премьер облыс басшылығына облыста жаппай, әсіресе, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар кешенін қалыптастыруды жылдамдатуды тапсырды.
Үкімет басшысы Ақтөбе рельс-арқалық зауытына да атбасын бұрып, оның технологиялық ерек­шеліктерімен танысты. Зауытта «Siemens VIA Metals Techologies» жаңа технологиясы қолданылады, ол рельстерді жоғары жыл­дам­дықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желі­лерде пайдалануға мүмкіндік береді. Зауыт өнімдері «Алматы-1 – Шу» темір жол желісінің екінші жолдарын салу кезінде, Құрық портының паромдық кешенінің жобалары жолдарында және Астана вокзал кешенінде пай­даланылады. Қазақстанның магистральді теміржол желісін жаңғырту үшін «ҚТЖ» мен «АРБЗ» ЖШС арасындағы рельс сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт аясында 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам рельсті жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ Ақтөбе өндірушілері рельс өнімдерін Өзбекстанға, Тәжікстанға, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей, Эстония және Иранға экспорттайды.
Премьер Ақтөбе ферроқорытпа зауытына да барды. Сапар ба­рысында ол сонымен бірге, өңір­дегі аса ірі жылыжай кешендерінің бірін аралады. Ақтөбе мектеп­терінде қолданылатын жаңа білім беру бағдарламаларымен танысты.

Ерік ЕРДЕНОВ,
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН

Бөлісу:

Пікір жазу


*