Мәжіліс қарауында –­ маңызды жобалар

490
0
Бөлісу:

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата бюросының отырысы өтіп, онда алдағы аптадағы жалпы отырыстың күн тәртібі анықталды.
Мәжілістің сәрсенбіге жоспарланған жалпы отырысында қалаулылар Парламентке енгізілген «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа маңызды заң жобасын жұмысқа қабылдайды деп күтілуде. Бұл жоба Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
Заң жобасына қоса берілген Үкіметтің түсіндірме жазбасында айтылғандай, ол 2017 жылғы шілдеден бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін өсіруді қамтамасыз ету бойынша заңнамаға түзетулер енгізуді қарастырады. Сондай-ақ жобада 2017 жылы бала тууына байланысты жәрдемақы көлемін де 20 пайызға арттыруды қамтамасыз ету мәселелері көзделген.
Мәжіліс, сонымен бірге, алдағы жиынында бірқатар заң жобаларын бірінші оқылымда талқылайды және мақұл­дау не мақұлдамау жөнінде шешім қабылдайды деп күтілуде. Жаңа жобалар зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне, сондай-ақ электр энер­гетикасы мәселелері бойынша түзетулерге қатысты болмақ.
Бюро отырысында 13-15 сәуірде Алматы қаласында палатаның халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысын өткізу туралы мәселе де қарастырылды.

Айхан Шәріп

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*