Қадағалау күшейді

827
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жұмысқа орналастыру бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламаны қадағалауға алды.

Орал қаласында «Нұр Отан» пар­тиясының сайлауалды комиссиясында жұмыспен қамсыздандыру және әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұр­ғындарды жұмысқа орналастыру бағыттары бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламаның қоғамдық үйлестіру­шілерінің пікірлері тыңдалды.
Комиссия төрағасы, Батыс Қазақ­стан облыстық мәслихатының де­путаты Л.Тұрсынова бұл бағдарлама­ның негізі «2017-2021 жылдарға раналған жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыс орындарын қамтамасыз ету» мәселесінің Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жолдауынан туындап отырғанын жеткізді.
– Бағдарламаның мақсаты мен міндеті – елдімекендердегі жұмыс орындарын көптеп ашу және азамат­тарды жаппай кәсіпкерлікке тарту. Сонымен бірге, еңбек нарығын ескере отырып, кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар, еңбек нарығы үшін аса қажетті жұмысшы кадрларын қысқа мерзімде дайындау, – деп атап көрсетті комиссия төрайымы. – Кәсіпкерлік негіздерін оқу ауылда да, қалада да жүргізіліп, шағын несие­лендіру жүйе­сін кеңейту, жұмыссыздықты бол­дырмау, азаматтарды жеке кәсіп ашуға машықтандыру, еңбек ресурстарының әбжілдігін қалыптастыру, жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай алаң құру қажет.
Бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі 2017-2021 жылдарды қамтиды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Жанат Асантаев бағдарламаның іске асу барысын тілге тиек етті.
– Биыл осы бағдарламаны іске асыруға 3 миллиард 616 миллион теңге бөлінген. Бағдарлама үш бағыттан тұрады. Біріншісі – кәсіптік-техни­калық білім беру (мемлекет есебінен 800 адамды оқыту жоспарланған, бұл мақсатқа 158 миллион теңге жұмса­лады) және бүгінгі еңбек нарығы үшін өте қажетті түрлі салалар бойынша қысқамерзімді оқулар ұйымдастыру. Оларға 677 адам тартылып, 95 миллион теңге қаражат бөлінген, – дейді Жанат Асантаев.
Кәсіптік-техникалық білім алу­шыларға дәріс 1 қыркүйектен баста­лады. Қысқа мерзімде білім алушылар мамыр айынан бастап оқиды.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арнайы несиелер бөлінеді. Нақтырақ айтсақ, бұған 300 қала тұрғыны, 74 елдімекен тұрғыны тартылады. Бас­қарма басшысы Ауыл шаруашылығын қолдау қоры немесе «Даму» кәсіп­керлікті қолдау қоры қолдаған жағдайда әр кәсіпкерге 18 миллион теңгеге дейін қаражат берілетіндігін жеткізді. Ай­мақтағы бес ауданда кәсіпкерлік негіздерін оқытуға дайындық бастал­ды. Қазір үміткерлердің өтініштері қабыл­дануда. Сондай-ақ оралдықтарға әлеу­меттік жұмысқа тартылып, тәжі­рибеден өтуге де жағдай жасалады.
Жиында ұсыныстар да айтылды. Нақтырақ айтсақ, «Бәйтерек» мүмкін­дігі шектеулі балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Меруерт Санқаева логопед, дефектолог секілді мамандардың жетіспейтіндігін сөз етті. Сондықтан жаңа бағдарлама бойынша қосымша мамандар дайын­дауды, түйінді салаға жастарды да тартуды ұсынды.
– «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша қыздар мен жігіттер бар бол­ғаны алты айда жұмысқа орналасуда. Оларға қаражатты мемлекет төлейді, сол себепті жастар жұмыс беруші өз­дерінен жұмыс сапасын талап етпей­тінін біледі. Демек, «Жастар тәжіри­бесі» бағыты бойынша алған білімнің нәтижесін көрсетуді де олардан талап еткен жөн, – деді Меруерт Санқаева.
Жиында басқа да ұсыныстар ай­тылып, жаңа бағдарламаны партия өз бақылауына алатын болды.
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*