Экономикалық белсенді халықтың саны артып келеді

1142
0
Бөлісу:

Астанада «Нұр Отан» партиясының кураторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина басқаратын «Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау» бағыты бойынша комиссияның отырысы өтті. Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау мен Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, кәсіподақтардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәрті­біндегі негізгі мәселесі халықтың еңбек нарығындағы жағдайы жөнінде болды. Халықты жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік қолдау құралдары және өңірлердегі еңбек үйлесімсіздігі талқыланды.
Айгүл Нұркина Елбасының халық­қа Жолдауында комиссия жұмысына қатысты мәселелерге тоқталғанын атап өтті. Жолдауда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мыту бағдарламасында қарасты­рылған жеңілдетілген шарттар бойын­ша шағын несиелер беру арқылы жұ­мыссыздарды және өз-өзін жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтарды жұ­мыс­пен қамтудың жаңа тетіктері, кәсіптік білім және қысқа мерзімді оқу курс­тары, жұмыс күші мол аймақтардан жетіспейтін аймақтарға жұмыс күшін жұмылдыру, жұмыспен қамту орталық­тарын реформалау мәселелері қамтыл­ғанын атап өтті.
– Жолдауда азаматтарды әлеумет­тік қамту, атап айтқанда, зейнетақы мен жәрдемақыларды арттыру, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу және ең төменгі күнкөріс дең­гейін қайта қарау мәселелеріне көңіл бөлінген. Бағдарлама аясында 550 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Оның 84%-ы ауыл тұрғындары болмақ, – деді ол.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партия­сының хатшысы Наталья Годунова Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі әкімшіліктермен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, өңірлердегі сұраныстағы мамандар мен экономика секторында­ғы қажеттілікті ескеріп орташа мерзім­дегі болашақтағы еңбек ресурстары тең­герімін қалыптастыру керектігін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшы­сының ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жұмыс орнын ашу және олардың ары қарайғы монито­рингіне байланысты тапсырмаларын жүзеге асырудың маңызын да атап өтті.
Отырыс аясында Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Ба­қытжан Сәркеев соңғы 10 жыл ішін­де қазақстандық еңбек нарығында оң динамика байқалатынына тоқталды.
– Экономикалық белсенді ха­лықтың саны 770 мың адамға артып, 9 млн адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 922 мыңға өсіп, 8,5 млн адамға жетті, – деп мәлімдеді ол.
Б.Сәркеевтің айтуынша, өз-өзін жұмыспен қамтамасыз ететін азамат­тардың саны 447 мыңға азайып, 2,2 млн адам болды. Жұмыссыздар саны – 151 мыңға қысқарып, 446 мың адам.
Талқылау барысында отырыс қаты­сушылары өңірлік еңбек ресурста­рының теңгерімсіздігі, қарыз еңбегін реттеу, кәсіпорындар қызметкерлерін жұмыстан босату және қысқарту, ҰБТ-дан шекті балды жинай алмаған мектеп түлектерін жұмысқа орналастыруға қатысты күн тәртібіндегі бірқатар не­гізгі мәселелерге баса назар аударды.
Отырыстың қорытындысы бойын­ша орталық мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдарға, кәсіптік одақтарға тиісті ұсыныстар жасалды.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*