Сауапты іс жалғаса бермек

2121
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы бойынша Орал қаласында тұратын кіріс-табысы аз жанұялардағы балаларға әлеуметтік жәрдем жасады.
Биылғы ақпан айында осы жоба аясында әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз отбасында тәрбиеленіп жатқан бала­лар­дың жағдайын білу мақсатында нұротан­дықтар арнайы рейдке шығып, мони­торинг жүргізген еді. Осы рейд кезінде
31 жасар Наталья Кожевникова төрт перзентінің киім-кешектен қиналып жүргендігін тілге тиек еткен-ді. Кеше Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты­ның депутаты Л.Тұрсынова төрт балаға көк­темгі-күзгі күртешелер мен аяқкиім тарту етті. Бұған қоса Натальяға жұмыс ұсынып және №26 мектепте оқитын екі баласын тегін тамақпен қамтамасыз етуге уәде берді. Жақсылыққа қарық болған ана «Нұр Отан» партиясына үсті-үстіне алғыс жаудырумен болды. Сонан соң, партия мүшелері жеті перзент тәр­биелеп отырған әскери қызметкерлердің жанұясында болып, олардың ұл-қыз­дарына киім-кешектен көмек көрсетті.
Партия мүшелері мұндай шарапатты істерді алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*