Суармалы егістіктің берері мол

1000
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» комиссиясының мүшелері ауыл шаруашылығында инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ болашақта суармалы егістікті дамыту мәселелері жайын талқылады.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Андрей Удовицкийдің айтуына қарағанда, облысымызда суармалы егіс­тікті одан әрі өркендетпей болашақты көз алдымызға елестету қиын.
– Бұл үшін ауыл шаруашылығындағы осы саламен айналысатын мамандарда ғылыми ұстанымдар мен нақты пікірлер болуы керек. Менің ойымша, қазіргі таңда өнім өндірушілерге ғылым аса қажет. Бірақ жылдан-жылға ғылыми-зерттеулерді бюд­жеттік қаржыландыру мәселесі азайып ба­рады, – дейді осы саланы жетік білетін ғалым.
Бір тоқтала кетер жай, облыста ауа райының жауын-шашынсыз құрғақты кезеңдерінде картоп, жеміс-жидек, көкөніс және шөптің тиісті түсімділігі тек қана суармалы жерлерден ғана алуға бо­лады. Мысалы, Қостанай ауданының Тэрра, Садовод, Денисов ауданының Искра сияқты шаруа қожалықтары бүгінгі күні тек суармалы егістікпен шұғылдануда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының келтірілген дерегі бойынша, 136,7 мың гектар суармалы егістік жері бар. Оның ішінде жайылмалысы – 104,3 мың, тұрақты суармалысы – 32,4 мың гектар.
Ауыл шаруашылығындағы 125 өн­дірістік кооперативке бекітілген 16,4 мың гектар аумақтың тек 11,7 мың гектары ғана суар­малы егістікке пайдаланылады. Оның ішін­де 5,7 мың гектарына картоп, көкөніс егіле­ді. Сондай-ақ 5,9 мың гектары сая­жайларға және бау-бақшалар өсіруге қол­данылады.
– Өткен жылдың қорытындысына қа­расақ, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 65 мың тонна картоп жинады. 24 мың тоннадан астам көкөніс жиналды. Бұл алынған өнімдер өңір халқының сұранысын толығымен қамта­масыз етіп отыр, – дейді аталған басқарма басшысының орынбасары Әділбек Оразбаев.
Ұзын сөздің қысқасы, «Нұр Отан» пар­тиясының мұрындық болуымен ұйымдас­тырылған отырыста барша қауымға берері мол ойлар мен пікірлер айтылды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қостанай облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*