Оқу ақысын төлеп берді

1109
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы М.Дулати атындағы ТарМУ және Аспара колледжінде ақылы бөлімде оқитын студенттердің мәселесі өз шешімін тапты.

 

Осыған дейін М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Су шаруашылығы, экология және құрылыс факультетінің» 1-курс студенті Әділжан Жексенұлы «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының қоғамдық қабыл­дау бөлмесіне және партияның қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісіне отбасылық жағдайының төмендігіне байланысты оқу ақысын тө­лей алмай, 50% жеңілдік беруге көмектесу туралы өтініш білдірген болатын.
Білімге құштар Әділжанның 2014 жылы анасы, ал биыл 14 қаңтар күні әкесі қай­тыс болған. Сту­денттің жағдайына бей-жай қарамаған қалалық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, студентке 2016-2017 оқу жылының екінші семестріне төлемақы мөлшеріне 100% жеңілдік беруге ықпал етті. Бұдан бөлек аталған оқу орнының басшылығы сту­денттің жағдайына толық қанығып, оның оқу орнын бітіргенше төлемақысының 100% жеңілдігі сақталатындығы туралы шешім шығарып берген.
«Жерге орналастыру» мамандығы бойынша білім алып жатқан Әділжан Жексенұлы оқу төлемақысы жөнінде ойланбай, бар ынтасын тек білімге са­латын болады.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдау бөл­месі Аспара колледжінде білім алып жатқан Ержан Әлметовтің де оқу ақы­сының мәселесін шешіп берді. Ол пар­тияның Тараз қалалық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары Арын Ас­қарбековтің қабылдауына жазылыпты. Оның мәсе­лесін жерде қалдырмаған партия басшысы арнайы демеуші тауып, оқу ақысының 50%-ын төлеп берген. Қалған 50%-ын оқу орны өздерінің есебі негізінде төлеген. Ержан Әлметов 2006 жылға дейін ша­һардағы «Ұлан» балалар үйінде тәрбие­леніпті. 2014 жылдан бастап облыстық жасөспірімдер үйінің тәрбие­сінде болған. Ата-анасы жоқ. Інісі Шу ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленуде. Ержан бүгінде Аспара колледжінде шаштараз мамандығы бойынша 3-курста білім алуда. Биылғы жылы аталған оқу орнын тәмамдайтын ол өз ісінің шебері болғысы келеді. Мақсатына жетуге қол ұшын созған «Нұр Отан» партиясына алғысы шексіз.
– Партия өкілдері өтінішімді қанағат­тандырғанына қуаныштымын. Жылына 90 мың теңге төлеп оқып келе жатырмын. Дегенмен қаржы жағынан биыл қиын­дықтар болды. Сөйтіп, партияның қо­ғамдық қабылдау бөлмесіне жазылып, мәселемді жеткіздім. Ондағылар оң қабақ танытып, оқу ақым 100% төленді, – дейді Ержан Әлметов.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков қоғамның басты қозғаушы күші болып саналатын мұндай санаттағы жастарға партия тарапынан көмек бола беретінін айтады.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*