Ұлт мүддесін қорғайтын тұжырымдама қажет пе?

1413
0
Бөлісу:

Жыл басында Азат Перуашев шетелдік инвесторлармен арадағы жұмысқа қатысты Үкіметке ұлттық мүдделерді қорғаудың тұжырымдамасын жасауды ұсынған еді. Бұл туралы жақында берген сұхбаттарының бірінде де: «Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалану саласында шетелдік инвесторлар оғаш әрекеттер жасай бастады. Олар түрлі амалмен біздің жұмыскерлер мен құрылғылардан бас тартып, өздерінің құрылғылары мен жерлестерін жұмысқа алады. Бұл қытайлықтар мен батыстық компанияларға қатысты айтылып отырған нәрсе. Сол себепті, қауіп те жоқ емес. Мәселен, біз инвестиция тартқанымызбен, ол сырт елге кетіп жатады. Демек, біз де, біздің жұмыскерлер де ақша тауып жатқан жоқ. Жақында Ақтөбеде 500 қазақстандық жұмыскерді жұмыстан босатуға қатысты шу болды. Жұмысшылардың қытай тілін білмейтінін, қондырғылармен жұмыс істей алмайтынын айтқан. Сондықтан осындай мәселелерді қадағалап отыру үшін, ұлттық экономикалық мүддені, экономикалық қауіпсіздікті көздейтін тұжы­рымдама дайындау туралы сауал тастадық» деген еді.

Елімізде шетелдік инвес­торлар мен жерлестеріміз ара­сында арагідік кикілжіңдердің болатыны рас. Мәселен, қазақ­стандық жұмыскерлердің шетел­діктермен салыстырғанда аз айлық алатынына қатысты шағым­дар, содан туған ереуілдер де бірнеше рет қайталанды. Мы­салы, төрт жыл бұрын осындай жағдай «Батыс мұнай» мен «М-Техсервис» ЖШС-да орын алған. «Батыс мұнай» ЖШС-да бұр­ғылау бригадасының қазақ­стан­дық қызметкерлері 135-200 мың теңгенің айналасында жала­қы алса, қытайлықтардың жа­ла­қысы 192-225 мың теңгеге жеткен. «М-Техсервис» компаниясын­дағы жағдай да осылай. Жалақыда 500 мың теңгеге дейін айырма­шылық бар. Одан бөлек биыл Ақтөбе прокуратурасы «СНПС-Ақтөбе­мұнайгаз» АҚ-тың шикілігін анықтаған. Инвестор Қытайдан 8 шетелдікті жұмысқа алу туралы Қазақстаннан рұқсат алғанда, еліміздің де 8 азаматына жұмыс беруі тиіс болатын. Алайда ком­пания бұл талапты орын­дамаған. Сондай-ақ былтыр тағы да осы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ком­паниясының жетекшілігі ком­панияға қабылданатын жұмыс­керлерге қытай тілін білуді міндеттейтін бұйрық шығарған. Оның ішінде, мұндай талап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының қаражатына ҚХР-дың жоғары оқу орындары­нан білім алып келген түлектерге де қойылған. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіпорны­ның ақшасына оқыған түлектерге осындай міндет қойылуын қалай түсінуге болады? CNPC (China National Petroleum Corporation) қытай мұнай-газ корпорациясы Қазақстанмен 20 жылға келісімге отырып, 1997 жылы компанияның 60 пайыз акциясын иеленген.
25 пайызға жуығы – Қазақстанның еншісінде. Дәл осы компания бір кездері қазақстандық жұмыскер­лерге кен орнында ҚХР әнұранын айтуды міндеттегені туралы шу шыққаны да есте. Алайда жергі­лікті орган бұған қатысты шара қолданған емес, жақ ашпады да.
Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауында Үкіметке берген тапсырмасында: «халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қа­жет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Эко­номикалық белдеуімен ұштаса­тын жұмыстарға қатысты» деген еді.
Демек, Азат Перуашев айтқан ұлттық мүддені қорғайтын тұжырымдаманың маңыздылығы байқалады. Өйткені Еуропаның, Азияның бірқатар елдерінде жұмысшылардың құқығын жүз пайыз қорғайтын заңдар бар. Ендеше, бізге де осы мәселеге ден қою қажет. Дей тұрғанмен, атал­ған тұжырымдама инвестор­лардың елімізге қаражат құюына қалай ықпал етпек? Сарапшылар не дейді?

Марат Тоқашбаев, «Президент және Халық» газетінің бас редакторы:

Азат Перуашевтың инвесторларды тартуға байланысты еліміздегі азаматтардың құқығын қорғау мақсатында арнайы тұжырымдама әзірлеу жөніндегі ұсынысы өте орынды деп есептеймін. Конституциялық тұрғыда мемлекет өз азамат­тарының құқығын қай жерде болса да қорғауға міндетті. Біздегі заңдардың жетілдірілмеуінің, өз құқығымызды қорғай алмауымыздың салдарынан бірқатар инвесторлар қазақстандық жұмысшыларға шекесінен қарайды. Әсіресе, бұл мұнай-газ өндірісі саласында жұмыс істеп жүрген, үлкен кен орын­дарын игерумен айналысатын компанияларда көбірек орын алады. Осыдан он шақты жыл бұрын, қателеспесем, Атырау облысында қазақ жұмыс­шылары сол жердегі түрік компаниясының өкілдерімен қақтығысып, инвестиция салатын түрік ағайындардың бірталайының басы жарылып, көзі шығып еді. Сол кезде Түркияда жүргенмін, сол оқиғаны Түркияның телеарналары да көрсетіп жатты. Араласып жүрген түрік ағайындар бұл жағдай туралы «бауырларымызды қазақтардың сабап жатқаны қалай?» деп бізден сұрады. «Мұның барлығы әділдік принциптерінің болмауынан» дедім. Өз жұмысшыларына 3-4 мың доллар, қазақ жұмысшыларына 300 доллар ғана беруі – қазақ жұмысшыларын қорлау ғой. Сол себепті, қазақ­стандықтар өз құқығын қорғап отыр дегенімде, сол жердегі ресми сұрақтар қойған журналистердің өзінің ауыздары жабылып қалған. Осы принцип әлі күнге дейін өміршеңдігін, актуалдылығын көрсетіп келеді. Қазақстанның заңдары, норма­тивтік құжаттары қазақстандық азаматтарды үнемі қорғап отыруы керек. Дүниежүзіндегі тәжірибе осындай. Қазақстанда көп жағдайда керісінше, қазақтан басқа ұлт өкілдерінiкі дұрыс саналады да, сотталып, темірторға қамалып жататын қазақ жігіттері болып жатады. Бұл – ұлттық мүддеге мән бермеудің салдары, ұлттық мүддемен есептеспеудің көрінісі. Мұның түбі сорақы жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Өйткені қазақ халқы қанша қонақжай болғанымен, намысын ешкімге таптатпайды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз. Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз» деген сөзі бар. Қазақ мемлекеті өз азаматтарын ешкімнің қорлығына бермеуі керек. Қазақстан Консти­туциясының 10-бабына енгізілген түзетуден кейін, ұлттық мүддеге қарама-қайшы әрекет еткен адамдарды Қазақстанның азаматтығынан шығару жөнінде Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге әзірліктер жасалып жатыр. Ұлттық мүддеге кереғар болатын кез келген құбылысты Қылмыстық кодекске енгізуге болады. Бұл, ең алдымен, тілге байланысты. Қазақстанның ақпараттық кеңістігіне шет мемлекеттердің қол сұғуына жол беріп отырған азаматтарды да Қазақстанның азаматтығынан алыстататындай нормалар қабылдануы қажет. Сонда ғана Қазақ мемлекеті Дүниежүзі және өзін-өзі құрметтейтін мемлекетке айналады. Қытай тіліндегі қондырғыларды пайдалана алмайды деген ‒ сылтау ғана. Олай болса, қытайлар сол жақтан мамандар әкеліп тіл үйретсін. Қазақ халқы сияқты тіл үйренуге өте бейім халық жоқ. Кез келген тілді 3-4 айдың ішінде үйреніп алады. Қытайларға қазақ тілін үйретсін, бұл қолдарынан келеді. Біз желеу сөздерді қабылдауға тиісті емеспіз!


Жангелді Шымшықов, экономист:

Жер және жер қойнауындағы қазба байлықтар кімнің мен­шігінде? Барлық мәселе айналып келгенде мүліктік қатынастар мен меншіктік қатынастардан бастау алып, өрбиді. Араб елдерін, Израильді, тіпті Ресей Федера­циясын алатын болсақ, онда жерге жекеменшік жоқ. Араб елде­рінде жердің қой­науындағы қазба байлық­тардың бәрі Кон­ституция бойынша «ха­лықтiкі» деп көрсетілген. Осыған сәйкес, оның барлығы халықтың, қоғамның бақыла­уында және әркім сол қазба байлықтан түскен табыстан өз үлесін алып отырады. Жаңа туған нәрестеге есеп-шот ашылады. Біз де, өкі­нішке қарай, конститу­цияға сәйкес, жер, оның қойна­уындағы барлық табиғат ресурс­тары – мемлекеттік меншікте. Карл Маркс: «Мемле­кеттік меншік бюрократтың немесе соны басқаратын адамның жекеменшігіне айналып кеткенін ешкім байқамай қалады. Өйткені шенеунік қол астындағы мем­лекеттік меншікті жеке мүддесіне пайдалануы мүмкін» деген. Мемлекеттік шенеуніктер жер қойнауындағы қазба байлықтарды тек өз меншігіндегі дүние сияқты қолданады. Алайда оған халық сияқты бақылау жасамайды. Айналып келгенде, бұл иесіздікті, қожа­сыз­дықты көрсетіп тұр. Сон­дықтан Перуашевтың айтқаны – кө­ңілге қонымды ұсыныс. Қо­ғамдық, қауымдық, әлеуметтік жағынан қоршаған ортамызды қорғау үшін кен орындарының дұрыс пайдаланылуын, инвес­тиция салынуын ғана қадағаламай, одан түсетін табысты бөлісудің өзін бақылау – маңызды. Егер тәжіри­бемізге көз салатын болсақ, тоқсаныншы жылдың бас кезінде инвестицияның жетіспеуіне байланысты көптеген келісім­шарттар біздің емес, инвестор­лардың пайдасына жасалып, оны қайта қарау керектігіне қатысты мәселе көтерілген. Тұжырымдама инвестор­лардың кен орындарын игеруге келуіне ешбір кедергі болмайды. Бұл – әділетті дүние. Өзімізді қорғап және байлығы­мызды, табысымызды өзіміз есептеуіміз үшін мұндай тұжы­рымдаманы қабылдау, экономи­камызға тек қана пайдасын тигі­зеді. Бұған әлеуметтік, эконо­микалық, экологиялық мүддемізді көздейтін тұжырым­дама деп баға беруге болады. Келетін жұмысшыларға шектеу қою керек, тек арнайы мамандар болмаса, қара жұмысшы өзімізде де толып жатыр. Тұжырымдама қабыл­данатын болса, осы мәселелер шешімін табуы тиіс. Дүниежүзіндегі инвесторлардың барлығы адал қызмет етуге үйренген. Қайта олардан байлы­ғымызға немқұрайлы қарайты­нымыз жөнінде талай естіп жүрміз.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*