Термин тағдыры –­ тіл тағдыры

1989
0
Бөлісу:

Тіл заңы – тірлік заңы, ар заңы. Терминдер – тілдің басты бір тірегі. Қазақстан қазақ тілі арқасында ұлттық сипатын сақтап, елдік болмысын нығайтады, өзге этнос өкілдерін біртілдік ортада ұйыстыра алады. Сонымен бірге, термино­логиясы өркен жаймаған тіл тамыры суалған ағаштай, жапырағы солады, бұтақтары қурап қалады. Сондықтан терминология осы аптада Үкімет үйінің төріне шықты. Тағдыршешті шешімдер де қабылданды.

1990 жылдары тәуелсіздікпен бірге төл тұғырына қонған туған тіліміз де түлей бастаған еді. Жаңа терминдер тіліміздің бойына қан жүгіртті, бұла күш, тың қуат берді. Елбасы айтқандай, қазақ тілі Қа­зақстанның мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тіл­дерінің біріне айнала бастады: тіпті түркітілдес біраз халық қазақ тіліне жаңадан енген «тастай батып, судай сіңген» қазақы терминдерді өздерін­де қабылдап, сол арқылы кірме сөздерді ығыстыруға талпынатыны да осы кез. Себебі, түркі түбімізге жақын, тіл­машсыз-ақ түсінікті төл сөздер өзара әңгімеге әрлі реңктер мен әсемдікті үндестіктер беретін еді.
Дегенмен термин жасау процесі­нің буырқанған әрі бақылаусыз си­пат алғаны сонша, оған қатысты өзіміздің зиялы қауым өкілдері арасында қор­қыныш пайда болғаны жасырын емес. Ол үрейлер әртүрлі басылым беттері­нен дабыл-мақала болып өрбіп, сан а­луан жиын-кездесулерде отыз екі тістің арасынан жиі сығалай бастаған. Ақыры бұл саланы реттеуге ел Үкіметі білек сы­бана кірісті. Бұл салада ағым­дағы жағдайға уәкілетті орган – Мә­дениет және спорт министрлігі талдау жасап, қорытындысын Үкімет мүше­лерінің назарына ұсынды.

– Қазақстандықтар тіл мә­дениеті деңгейін арттыруда тер­минология мәселелерінің орны ерекше. Бұл бағытта мақсатты жұ­мыстар жүргізілді. 2014 жылы Елбасының тапсырмасына сәй­кес, халық арасында әркелкі қолда­нылып, қоғамда келеңсіздіктер ту­дырған бірқатар терминді Тер­ми­но­логия комиссиясы қарап, қай­та бекітті. Мысалы, 2014 жыл­дың желтоқсанында ауызекі тіл қол­данысындағы шаптырма, бұр­қақ, субұрқақ сөзі халықаралық қолданыстағы фонтан сөзіне қай­та өзгертілді. Күйсандық – фор­те­пиано, күйсандық – пианино, ота­шы – хирург, мұражай – му­зей, қисын – ло­гика, сазгер – ком­позитор, ғаламтор – интернет бо­лып бекітілді, – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ Терминком­ның өзі бекітіп, қазір жарыспалы түрде қол­данылып жүрген бірқатар термин де қайта қаралып, реттелген. Мысалы, бұдан былай ресми іс қағаздардан «мұрағат», «мәселе», «үдеріс» секілді сөздер жоғалуы мүмкін: министрдің ай­туынша, олар тиісінше «архив», «проблема», «процесс» болып қайта бекітілген.
А.Мұхамедиұлы ағымдағы жылы Терминкомда тағы да басқа көптеген халықаралық термин түпкілікті қай­та қарастырылып жатқанын мәлім­­деді. Оның барысында пайыз ор­­нына – процент, әнұран орнына – гимн, иегер орнына – лауреат тер­­­миндерін бекіту ұсынылатын болады.
«Неге десеңіз, мәселен, «лауреат международного конкурса» де­ген­ді «халықаралық байқау ие­ге­­рі» деп алсақ, бұл жерде иегер – «собс­твен­ник», яғни байқау қожайыны бо­лып шығады. Сондықтан лауреат халықаралық ұғымын қайта қалпы­на келтіру көзделуде. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, ендігі жерде тікелей сіздің бақылауыңызбен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, терминдерді стан­дарт­тау мәселесін пысықтауға кірі­семіз!» деді Премьерге қайырылған Мәдениет және спорт министрі.
Ол мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілді үйретудің тиімді әдістерін тарату, тілді қашықтықтан оқытуға мүм­кіндік туғызу мақсатында Tilalemi.kz порталын және Emle.kz ор­фографиялық электрондық ба­засын, Atau.kz ономастикалық, Termincom.kz терминологиялық элек­трондық базаларын ашып, көпшілік қауымға ұсынғандарын қосты.
Жауапты орган Үкіметке жаңа ұсыныстармен де шықты: оның ара­сында «мем­ле­кет­тік әлеуметтік тап­­­сырыс арқы­лы қа­­зақ тілін наси­хат­тау­ды жүзеге асыруды одан әрі арттыру», «оның кө­лемінде мемлекеттік тілді үй­рететін әдістемелерге ерекше на­зар аударып, оның ішінен тиімді нұсқаларын анықтау», сондай-ақ «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесе оты­рып, Үкімет жанындағы Рес­публикалық терминология комис­сиясы бекіткен терминдерді стан­дарттауды іске асыру» бар.
Профессор, академик Ғари­фолла Есім халықаралық термин­дер­ге қатысты министрліктің ұста­ны­мын қолдап шықты.
– Осы жылдары терминжа­сам­ның ерекшеліктері, терминтану та­рихы мен келешегі және басқа да терминология саласындағы өзекті мәсе­лелер жүйеге түсуде. Қазақ тер­мино­ло­гиясының ұлттық ерек­ше­­ліктерін жаңғырту жұмыстары қолға алын­ды. Нәтижесінде, осы жылдары 18 мың тер­мин бекітілді. Қоғамда тер­мин­дерге қа­тысты сындар ай­тылып та жүр. Шынында, біз қазақ тілінің сөз байлығына жаңадан сөз жасап емес, әлемде бар терминдерді пайдаланып жетуіміз керек. Бұл біздің инфор­ма­циялық қоғамға қосылуы­мызға аса қажетті мәселе, – деді Ғ.Есім Үкімет мүшелеріне.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың пайымдаулары да халықаралық қоғамдастық қабыл­даған терминдер тәржіманы қажет етпейді дегенге сайды.
«Әлемде 50 мыңнан астам ағыл­шын тіліндегі сөз халықаралық айналымда қолданылады екен. Яғни, оларды аудармасақ, қазақстандық азамат бірден елу мың ағылшын сөзін біле алады. Демек, оларды орысшаға да, қазақшаға да аударудың қажеті жоқ. Қазақ тілінде де соларды пайдалануға, сөздік қорымызға кір­гізуге болады. Сондықтан осы ба­ғыттағы іс-шараларды ары қарай жүзеге асыруды Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеймін!» деді Премьер Б.Сағынтаев.
Қазақ тілін үйрету бағдар­ла­масын әзірлеу бойынша Қазақстан Халқы ассамблеясымен бірге жұмыс жа­саған және әдістемесін түзеген ресейлік белгілі тілтанушы, полиглот Дмитрий Петров Б.Сағынтаевтың нені айтып отырғанын жақсы біледі.
«Бір минут ішінде ағылшынша мыңдаған сөзді жаттап ала аласыз десем, сенесіз бе? Сенбеуіңіз мүмкін, бірақ шыны солай! Ол үшін қазақ тілділерге де түсінікті халықаралық тер­миндердің соңғы «-ация», «-и­ция» жұрнақтарын «-ейшән» мен «-ушәнге» ауыстырсаңыз бол­­­ды. Мысалы, конституция ағыл­шын тілінде «конститушән», мо­дернизация – «модернизейшән», приватизация – «приватизейшән» деп кете береді. Бірақ күнделікті өмірде, ауызекі тілдесуде бұл білім ағылшын тілді шетелдікпен тілдесуге жарамауы да мүмкін. Айталық, сіз одан қаладағы көрнекті орынға, қонақүйге қалай баруға бола­ты­нын білгіңіз келіп, жол сұрасаңыз, «-шәнмен» бітетін бір сөзді таппай қаларыңыз сөзсіз» дейді тіл маманы.
Үкімет отырысынан кейін өт­кен баспасөз мәслихатында қазақ тіліне «елу мың кірме сөздің құйы­латындығына» қатысты қауіп­те­рін тілшілер қауымы сұраққа орап ұсынды. «Неге «қылтима», «шап­тырма» сияқты сөздерге жа­бысып қалдыңыздар? Қазақ тілі өт­кен жылдарда қаншама сәтті ау­дарылған терминдермен толықты. Кезінде Ісләм Жарылғаповтың «ос­тановканы» – аялдама, «моро­женоены» балмұздақ деп ау­дар­ғандары қолданысқа емін-еркін енді. Енді ондай аудармаларға қол­дау болмай ма?» деп сұрады қатысушылар.
– Біз қазақ сөздерінің термин ретінде бекітілуіне еш қарсы емеспіз. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедұлының, Міржақып Дулатұлының, Елдес Омаровтың, кейіндері Ісләм Жарылғаповтың, Кеңес Юсуповтың, қаншама жазушылардың бастаған терминжасам жұмыстары жалғаса береді. Бірақ біз талдау барысында терминологиядағы кейбір ағат­тықтардың себебін түсіндік: біз тер­мин жасауда сөзбе-сөз аудармамен шұғылданып кеттік. Оның орнына қазақша терминде дәл ұғым берілуі керек. Жоғарыда аталған және басқа да тіл мамандары термин жасаған кезде, ең бастысы ұғымын берген. Сол себепті, біз қазір ғалымдармен бірге, қолданыстағы терминдердің 29 томдығына лингвистикалық сараптама жүргізіп жатырмыз. Егер мағынасы, ұғымы дәл ау­дарылса, соны қабылдаймыз, – деді Ш.Шаяхметов атындағы тіл­дерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешев.
Айта кетер жайт, Мәдениет және спорт министрлігі 2016 жы­лы іске қосқан Termincom.kz тер­ми­нологиялық электрондық базасын дәл осы орталықпен бірге құрды. Де­мек, база да осы ұстанымға негізделсе керек.
Оның айтуынша, «қандай да бір терминді естігенде адам оның нені білдіретінін түсінбей қалмауы керек, керісінше, бірден көз алдына сол ұғымның – заттың, құбылыстың көрінісі, бейнесі келуге тиіс».
«Барлық салада тек халықаралық терминдер ғана қалсын деген ұс­таным жоқ. Халықаралық тер­миндер мен қазақ тілді аударма терминдер әрқайсысы қажетіне сай қабылданады. Бұл алдын ала жоспар жүзінде жүрмейді. Бәлкім, халықаралық күйде қалуы мүмкін, болмаса, қазақ тіліне ау­дарылуы ықтимал» деді Ербол Ерденбекұлы.
Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыс коми­теті төрағасының орын­басары Ғалымжан Мелдешев Терминология комиссиясы бекіткен терминдердің жалпы саны 18 мыңды құрайтынын айтады. 2014-2016 жылдар ара­лығында 8 мың термин бекітілген.
Жалпы, терминология секілді күрделі мәселеде біржақты келуге болмайды. Барлық қыры ескерілгені маңызды. Ғ.Мелдешев «қазіргі кезде ең маңызды мәселе – терминдерді стандарттау» болып отырғанын мәлім етті. Сондықтан оның хабар­лауынша, Республикалық тер­минологиялық комиссия, Метро­логия және стандарттау жөніндегі ұлттық комитетпен бірлесіп, бар­лық терминдерді бір стандартқа келтіру жұмыстарын атқаруы керек. Жаңа терминді стандарттау бойынша терминкомға қатысушы тіл мамандарының бәрі де ортақ мәмілеге келуге тиіс.
– Біз халықаралық ұғымдарды аударумен елігіп кетпеуіміз керек. Рас, олардың ішінде ассимиляцияға ұшырайтын сөздер бар, мысалға, «самовар» – самаурын, «поезд» – пойыз. Егер барлық тілдерден, әсіресе Батыстан еніп жатқан сөздерді тегіс аудармай қалдыра беретін болсақ, бірнеше жылдан кейін үлкен мәселеге ұрынарымыз сөзсіз. Біз қазақтардың мінезіне, діліне, қабылдау түсінігіне қарай, сөздерді шама келгенше ау­даруымыз керек. Мағынасын дұрыс бермесе, халықаралық терминді қа­былдаймыз. Мәселен, авария сө­зін «апат» деп аударып жүрміз. Бі­рақ оның маңынасы кең. Біле біл­сеңіз, «авария» – зақым келтіру дегенді білдіретін арабтың «авар» сөзінен шыққан. Сол себепті біз әркез сөздің түп-төркініне мән беріп, мағынасына сай аударма жасауымыз керек, – деп түйді министрлік комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Мелдешев.
Бұл ретте министрлік өкіл­дері сынау үшін жиі ауызға ала­тын «шаптырма» (фонтан), «қыл­тима» (балкон) секілді сөздердің термин ретінде еш жерде бекітіл­мегенін, ауызекі тілде, не көркем әдебиетте әзіл ретінде қолданылатынын мойын­дады. «Шаптырманы да, күйсандықты да, сазгерді де Терминком ешқа­шан бекітпеген. Бұлар тек ауызекі тілде қолданылады, ресми құжат­тарда пайдаланылмайды. Олар бекітіл­мегендіктен, жай сөз, атау ретінде қалады: ал атау бір басқа да, термин бір басқа!» деді Е.Тілешев. Ендеше бұлар бұдан былай қазақ тілді терминжасамды сынауда да қол­да­ныл­мауға тиісті.
Ол «мем­лекеттік тіл тір­шілік әре­ке­тінің барлық са­ла­­сында бел­сен­ді түрде қол­даныста бо­луы үшін Қа­зақ­станның тер­ми­нологиялық қоры ұлғайтылуы керек» дегенді айтты.
– Мәселен, Қытайдың әр са­ласында шамамен 50 мың тер­мині бар. Яғни, жалпы алғанда миллионнан асады. Қазақстанда терминологиялық ғылым жет­кілікті түрде дамыған және өз­ге елдерден артта қалушылық бай­қалмайды. Ұлт ұстазы атанған ұлы Ахмет Байтұрсынұлының осы істің бас­тауында тұрғаны – саланың зор бақыты әрі бұл жұмыстың келешегінің зор екенін көрсетеді» деді Ербол Тілешев.
Белгілі болғанындай, ел Үкіметі биылғы 2017 жылы termincom.kz сайтын жетілдіруді жоспарлап отыр. Онда халық әр жаңа сөздің қайдан шыққанын түсінуі үшін сөздердің этимологиясы енгізіледі. Мемлекет ендігі терминдерді бекіту кезінде халықаралық тәжірибеге сүйенетін, Жапония, Корей және басқа да дамыған елдерде қалай қабылданғанын зерделейтін көрі­не­ді.
Англицизмдердің тек ғылымда ғана емес, қарапайым өмірде де үстем бола бастауы көрші Ресей ғалымдары мен зиялы қауым өкіл­дерін де алаңдатып отыр екен. Есімі шетелге мәлім ресейлік филолог, орыс-америкалық философ, жазушы, «Дар слова. Проективный лексикон» сөздігін құрастырушы Михаил Эпштейн қазір біз қолданып жүрген терминдер мен сөздердің кезінде бас­қаша мағына бергенін еске салады.
– «Интерес» деген сөз мысалы, латынның inter esse – «арасында болу» сөзінен шыққан. Қазір ол мағынадан айырылған. Өйткені ол мағынасын сақтаса, мағынасыз бірдеңе шығар еді. Егер әлденеге ықыласыңыз ауса, «Маған бұл арасында болу» демейміз, «маған бұл қызықты» дейміз ғой. Ресейде Велимир Хлебников он мыңнан астам жаңа сөз ойлап тауып, басты. Оның арасында кереметтері де жетерлік. Мысалы, «пастбище» мен «лежбищеге» ұқсастырып, заттар жайыла шашылып жатқан жерді «вещьбище» деп атауды ұсынады. Мен де «Дар слова» жобасы аясында мыңнан астам сөз жасадым. Бірақ жаңа сөздердің бәрі бірдей өз заманында мағыналы болып көріне бермейді. Қабылдануы үшін уақыт керек болар. Сәтті аударылған терминдерді уақытында танып білу – лингвистердің және термин бекітушілердің қасиетті парызы, – дейді Михаил Эпштейн.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз