НЕГЕ БІРІЗДІЛІК ЖОҚ?

689
0
Бөлісу:

Мәселенің мәнісі: Мемлекеттік тілді дамыту институты «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі: қиындықтары мен шешу жолдары» атты арнайы дөңгелек үстел өткізген. Жиынға Тіл білімі институтының ғалымдары, филологтар, әдіскерлер және IT- мамандар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Айналып келгенде әңгіме латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің қиындығынан әрі асқан жоқ. Неге?

Академик Әбдуәли Қайдар жасаған латын қарпі қайда?
Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлы бір кездері: «Латын әрпін алу деген – тіршілік мұқтаж қылғаннан ділгерлік қысып туғызып отырған мәселе емес. Әліппеде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс» деген екен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында: «Біз ал­дағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қа­рай латын графикасына көшіруге дайын­дық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне ай­нал­дырады» деген болатын. Жалпы, латын қар­піне көшу мәселесі тәуелсіздік алған ал­ғаш­қы жылдардан-ақ көтеріліп келеді. Ес­теріңізде болса, 2006 жылы Елбасы
Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблея­сының ХІІ сессиясында «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қал­дырған едік. Әйтсе де, латын қарпі ком­муникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген мемлекет, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жар­ты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақ­т­ы ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшілік­те­рін зерделеп алуымыз керек» деген еді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарын­да академик Әбдуәли Қайдар латын қар­піне көшу туралы мәселе көтеріп, ұсыныс тастаған. Алайда академиктің бұл ұсы­нысына өре түрегелгендердің қарасы көп еді. Жалпы, әліпби мәселесіне қатыс­ты жиын­дардың көбінде 20 жыл бұрынғы әңгі­мелерді қозғап, алға жылжымай табан­дап отырып алатындар да кездеседі. Дегенмен ғылымы мен мәдениеті дамыған елдер латын әліпбиін қолданады. Қазіргі заманауи ақпараттық технологиялық құралдардың да тілі латын қарпіне не­гіз­делген. Латын әліпбиінің осындай артық­шылықтары да бар.
Осы орайда Мемлекеттік тілді дамыту инс­титуты «Латын қарпіндегі қазақ әліп­биі: қиындықтары мен шешу жолдары» төңірегінде мәселе қозғаған. Институт бас­шылығы, «жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліп­биі­нен, сол арқылы күштеп ендірілген өзге­тіл­дік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс-әріп­тер қолданылатын өзгетілдік сөздер орыс­ша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қал­пында жазуға мәжбүрлейтін емле ере­желерінен құтылуға болады. Латын әліп­биіне көшкенде қазақ тілінің табиғатына тән емес дыбыстарды әліпбиге кіргізбеу арқылы қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, табиғи бітім-болмысын сақтап қала ала­мыз. Тіліміздің дыбыстық жүйесіне не­гіз­дел­ген әліпбиін құрастырып, төл ды­быс­тарымыздың тіркесім заңдылығын сақтай алсақ, емле ережемізді дұрыс түзеуге де, жалпы халықтың сауатты жазуына да зор мүмкіндік туады» деген пікірді алға тар­тады. Белгілі ғалым, профессор Әлімхан Жү­нісбек «ғалымдар ұсынып отырған 28 қа­ріпке еш қарсылығым жоқ» дейді. «Жал­пы, бес түркі мемлекеті ортақ мәмілеге келіп, 33 таңба жасады. Егер латын қарпіне көшу мәселесі туындаса, осы 33 таңбадан алуға болады деген ұсынысты тастады. Бұл – міндеттеу емес, ұсыныс ғана. Сонда қа­лай болады? Әзірбайжан да, түркімен де оқи береді. Егер сол әліпбиге көшер бол­сақ, біздің де оқуымызға мүмкіндік туар еді. Ол жерде ешқандай артық-ауыс таңба жоқ. Бір дыбысқа – бір таңба. Менің ойым­ша, біздің еліміз де осыны ұстану ке­рек. Егер түркі бірлігін ойлайтын болсақ, осы бағыт дұрыс. Кез келген әліпби бірін­шіден, тілдің нормасын бұзбауы керек. Сө­з­дің үндестік заңдылығын сақтау қажет. Ең соңында, сөйлемнің айтылу ырғағын бұзбау керек. Осы заңдылықтарды сақта­ған жағдайда ғана әліпбиді енгізуге бола­ды. Қырық құрау әліпбиді құрастыра беру, түк емес» дегенді алға тартады.

Қай жоба тиімді?
Сөз тізгінін алған филология ғылым­дары­ның кандидаты Бижомарт Қапалбек: «Биыл біздің институтта алты жоба қолға алын­ды. Сол алты жобаның бірі – «латын қар­піне көшудегі қазақ тілі дыбыстық жүйесін жаңғыртудың негізгі қағидалары, ұлттық ұстаным және түркілік елдер тә­жірибесі» деген тақырып. Бұл жобаға Бей­біт Исахан мен Баянды Оспанова же­текшілік етті. Жалпы, латын қарпіне бүгін болмаса да ертең, ертең болмаса да түбінде бір көшетініміз анық. 1991 жылы Тіл білімі институтында осы мәселені академик Әб­дуәли Қайдар ағамыз көтерген болатын. Содан бері латын, орхон, араб, орыс әліп­биінің қайсысын аламыз деген мәселелер көтерілген еді. Бұл төрт әліпби негізінде түрлі ұсыныстар болды. Қазір біз осы төр­теуінің ішінде латынға жеке тоқталып отыр­мыз. «Латын қарпіндегі қазақ әліп­биін жасау – басы ашық мәселе. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы Жолдауында айтқан сөзі де себеп болып жатыр. Қазақ тілінің дыбыстық жүйе­сінде қанша дыбыс бар екені анық­талып, түгенделіп, қалай-қалай жүкте­летін­дігі баяғыда жасалып қойса да, сол қа­зақ тілінің дыбыстарын әлі күнге шекті дұрыстап анықтай алмай жүрміз. Бірінші кезекте, ең үлкен мәселе тудырып жүргені де – осы. Латын қарпіне жоба ұсынушы­лар­дың біразы Ахмет Байтұрсынұлының 28 әрпінен шыққысы келмейді. 1928 жыл­ғы әліпби өзгеріп, кейін қосымша әріптер қосылып, 31-ге жеткен болатын. 1940 жы­лы орыс әрпіндегі барлық әріп қазіргі әліп­биге еніп, қырық екі әріппен жазып жүрміз. Біздің қателігіміздің көбі – осы. Яғни, 1928 жылғы әліпбиде жоқ әріптерді таңбалаймыз деп шатасып жүрген секілді. Екін­шіден, дүниежүзі халықтарының бә­ріне ортақ болып келетін дыбыстар латын­ша таңбамен сәйкес келсе де, қырық әріп­ті көрсету қолға алынған. Кейбір жо­­­баларда 28 әріптің өзін өзгертіп, 24 не­месе 26 әріпке түсірген. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы дауысты дыбыстардың кейбіріне бір-ақ таңба беріп, оны дәйекше арқылы анықтауға болады деген анықтама беріп кеткен еді. Соның негізінде 26 әліп­билік жобалар да бар. Мұның бір қиынды­ғы, ол әліпбиді оқытқан кезде, алты-жеті жас­тағы балаға дыбысты үйретіп қоймай, қа­зақ тілінің сипатын да айту керек бола­ды. Жуан-жіңішкенің төбесіндегі дәйек­шелерді түсіндірудің өзі бөлек жүк болмақ. Ағылшын тіліндегі бір дыбысқа қазақ тіліндегі басқа бір әріпті телігендер де бар. Қ дыбысына Q әрпін бергісі келетіндер де табылады. Ә мен Ө әрпі ағылшын тілінде жоқ. Мұның бәрін жойып жібере алмай­мыз ғой. Сондықтан бұл дыбыстар өзінше таңбалануға сұранып тұр» дейді.
МӘҢГІ ЕЛДІҢ МӘҢГІ ЖАЗУЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доцен­ті Аманқос Мектептегі латын әліп­биін емес, руникалық жазуға көшкенімізді қол­дайды. «Әлбетте, әліпби мәселесі ме­нің жанайқайым, ішкі алаңым болған­дық­тан толғандыратыны сөзсіз. Қазақтың ресми графикалық жазуын латынға кө­шіруге түбегейлі қарсымын. Ширек ғасыр бұрын латын алфавитіне көшкен өзбек, түркімен, әзірбайжандар не ұтты? Оларды біртұтас түрік халықтарымен рухани етене жа­қындастыратындай ешбір артықшылық белгісін байқаған жоқпыз. Бізден оза шауып ерекше дамып кеткендігі де ша­малы. Тәуелсіздігімізді жариялаған 25 жыл ішінде әлемдік геосаяси ахуал мүлдем өз­гер­ді, өзгергенін көз көрді. Әсіресе, екі алып мемлекеттің қыспағында тұрған біз­дің болашағымыз түрік ұлты мен ұлыста­ры­ның ынтымақтастық бірлігіне мүдделі. Өткен ғасырда Мұстафа Шоқайұлы айт­қан «онсыз біздің күніміз жоқ». Қазақтың азаматы күні-түні қазақ елінде ұлттық ғұр­пы мен салты, болмысы мен дәстүрі, ділі мен тілі салтанат құрып, бабалар аңсаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кең­шілік заман тууын аңсары сөзсіз. Әрине, заманның талабы мен сұранысына ілесу үшін жасампаз болмасқа шара жоқ. Ол үшін әлбетте, қазақ азаматы мен азамат­шасы жан-жақты дамуы шарт. Менің көзім жеткен ақиқат: қазақты өркениеттің шыңына шығаратын қаруы – ежелгі руни­калық жазуын тірілтіп, мемлекеттік ресми әліп­биі ретінде қолданысқа түсіру. Сонда ғана қазақ ұлтының шырайы шығып, бағы ашы­ларына мен сенімдімін. Руникалық жазу дегеніміз – әрбір рудың қасиетті таңбасын бір ортаға жинағанда біздің ұлт­тық алфавитіміз түзіледі. Демек, бұл ал­фавит таңбалары түріктегі ұлыстардың баршасының рухани қосқан үлесін айқындап тұрады. Түрік тілдес ұлт пен ұлыс тамыры – бір бәйтеректің бұтақта­лып, жапырағын жайған дарағы. Жер бетіндегі алфавит біткеннің бәрі адамның жасампаздығымен жасалған, ал біздің ру­никалық жазуымыз – қазаққа Тәңірдің берген сыйы. Славяндардың жазуы Х ға­сыр­дан басталады, ал біздің руникалық жазуымыз реалды мына дүния жаратыл­ған­нан бар екендігіне ғылыми артефакт жетерлік. Еврейдің ақылы мен ерлігі мың жыл бұрынғы ұлттық алфавитін қайтып алуы – дербес мемлекетін құрып, бақ бо­лып қонды. Еврейдің жазуын біздің руни­калық жазуымыз қай жағынан алғанда да мың орап алады. Әсіресе, руникалық жазу­дың заңдылығын игерген жанның виртуалды ойлау жүйесі қалыптасады. Бұл дегеніңіз – руникалық бір таңбаның ас­тарында тұтас бір мақаланың көтеретін жүгін білдіретіндей әмбебап ақпарат алу мүмкіндігі бар. Менің айтпағым, қазір әлемдік билік жүргізгісі келетін алпауыт ел­дер өз мүддесі тұрғысынан білімді стан­дарттап, біздің қазақтың «білімпаздары» жалпы білім беру жүйесін сол стандарт­тарды қабылдау нәтижесінде таланттарды адастырып қойып отыр. Қазақстан ғы­лы­мынан қазақ ұлтының жаңғыруына, са­па­лық дамуына келетін қарабақыр пайда жоқ. Руникалық жазуымызды алмай, қа­зақ­тың тарихы ешқашан дұрыс жазыл­майды. Шынайы тарихсыз – ұлттың бола­шағы бұлыңғыр. Руникалық жазуымыз – генетикалық жадымыздағы, қанымыз­дағы мыңдаған жылдық мұрағаттың кұлпын ашатын сиқырлы кілт. Төлтума руникалық жазуды ресми заңдастыру – ақпараттық-рухани сауықтыратын берік қорған шекарамыз. Қазақ мемлекеті осы тарихи миссияны орындасақ, бірден күллі түрік ұлыстарын рухани біріктіретін же­тек­ші алып күшке ие болып, бірден саны­мыз 300 миллионға жетеді. Сонда ғана біз­бен басқа дүние санасатын саяси-эко­номикалық, мәдени-рухани ықпалды, жа­сампаз мемлекетке айналамыз. Мәңгі ел­дің мәңгі жазуы – ұлттық өркендеуіміздің бас­ты кепілі. «Қолда бар алтынның қадірін біл­меу – қасірет» дейді.


ТАҚЫРЫПТЫҢ ТОҚЕТЕРІ:

Латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне қатысты қазір елімізде жүзден астам жоба бар. Әркім өз жобасын керемет санайды. Сөйтіп, айтысып, тартысып отырғанда «кирилицада қала берейік» дейтіндердің айы оңынан туып тұр. Бұл аз болғандай, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуына көшуді жақтайтындар, одан қалды атам заманғы сына жазуын үлгі етушілер де жоқ емес. Олар латын алфавитіне көшуге мүлдем қарсы. Демек, «аққу – көкке, шортан – көлге» тартып әлек. Латын қарпіндегі қазақ алфавитін жасауда бірізділіктің жоқ болуы, ортақ ұйғарымның болмау себебі осында жатыр.
Елбасы жақында бір топ ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында латынға көшу мәселесін тағы да айтып қалды. Мемлекеттік билік тарапынан латын қарпін қолдану ниеті аңғарылады. Алайда сол үдерісті жүзеге асыруға келгенде әркім әр жаққа тартып, ортақ бір үлгіге тоқтам жасай алмай отырмыз. Латынға көшкенде ұтарымыз да көп. Біріншіден – тіл тазалығы. Екіншіден, басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Үшіншіден, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі латынды қолданатыны айқын. Сондықтан латын алфавитіне көшу қажеттілік дер едік. Бұл үшін мемлекет нақты бір жобаға тоқтап, латын қарпін пайдалануды біртіндеп қолға алуы тиіс секілді. Мәселен, «Қазақпарат» агенттігі, «Егемен Қазақстан» газеті өз сайттарын балама жоба ретінде осы қаріппен жүргізіп отыр. Ғалымдар бір жобаға келісе алмайтын болса, қолданыстағы осы екі үлгіні негізге неге алмаймыз? Тіпті болмаса, клавиатурадағы латын қарпін қолданып, қосымша дыбыстарға арнап дәйекше жазу арқылы да жұмысты бастай беруге болар еді ғой.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*