Ғабит КЕНЖЕБАЕВ: ӘЛЕМНІҢ КІЛТІ – АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ

766
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды» деген еді. Қазақстанды әлемге танытудың жолы ағылшын тілін меңгеру екені рас.
2018 жылдан бастап, жалпы мектептерде үш тілде оқыту мәселесі жүзеге асырыла бастайды. Жаңа бағдарламаның енуіне дайынбыз ба? Мамандар ше? Біз бұл сауалымызды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ғабит Кенжебаевқа
қойған едік.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ағылшын тілі – жаңа технологияның, жаңа индуст­рия мен жаңа экономика тілі екенін атап көрсетті. Осы орайда, үш тілді меңгерген мамандар қалыптастыру үшін не қажет?
– Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп атала­тын Жолдауында: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа ин­дус­трия, жаңа эко­но­мика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жария­ланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін мең­гер­мей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан 10-11-сыныптарда кейбір пәндерді ағыл­шын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет» деді. Жалпы, мектептерде ағылшын тілін енгізу бүгін ғана туындап отырған мәселе емес, оның көтерілгеніне он жылдан асты. Прези­дентіміз Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі жол­дау­­ларында, республика көлеміндегі алқалы жиындарда үзбей айтып келеді. Бұл туралы ресми құжаттар да қабыл­данды. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша 2017-2018 оқу жылдарында үш тілде білім беру кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Үш тілде оқытудың бірыңғай тілдік стандарт­тарына сәйкес тілдік пәндер бойынша отандық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен әзірленетін болады. Сондай-ақ жоғары сыныптар үшін инфор­матика, физика, химия және биология пәндері бойынша шетелдік оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ыңғайлас­ты­ры­лады. Министр­ліктің осы бағдар­лама­сына сәйкес орта мектептердің 10-11-сыныптары 2019 жыл­дың қыр­күйе­гінен бастап физика, химия, био­логия және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқи бастайды. Сондай-ақ математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және геогра­фия – қазақ тілінде, орыс тілі мен орыс әде­­биеті, әлем тарихы орыс тілінде оқы­ты­лады.
Әрине, пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін сол пәндерді ағылшынша жүргізетін білікті маман-мұғалімдер қажет. Бірақ бұл мәселе де Білім және ғылым министрлігінің назарынан тыс қалып отырмағаны мәлім. «Мұның барлығы аяқастынан жасалып жатқаны жоқ. Соңғы үш жылда 52 мың оқытушы жаңа жүйе бойынша оқыту әдістемесінен біліктілік арттыру курстарынан өтті. Мұғалімдер әңгіме не туралы болып отырғанын біледі және олар бұған дайын. Осы жылдар бойы ауқымды жұмыстар жүрді. Президент тапсырмасы бойынша бұл реформа бұдан 15 жыл бұрын бас­талған» деген еді Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев.
– Аталған міндетті жүзеге асыру үшін мұғалімдердің жетіспейтіндігі жиі қозғалып жүр. Бұл мәселені қалай шешеміз?
– Бұл жалпы әлеуметті толғандырып отырған мәселе екені жасырын емес. Проблеманы шешу үшін министрлік пен педагогикалық жоғары оқу орындарының ғалымдары да қарап жатпағаны белгілі. Жуырда министрлікте аталған мәселеге арналған республикалық оқу-әдістемелік кеңес өткізіліп, мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқыту, тиісті мамандар даярлау жөнінде кең көлемді талқылау болып, пікір алысқаны – осы сөзімнің дәлелі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университеті – еліміздегі педа­го­­гикалық жоғары оқу орындарының көш­басшысы, ғылыми-әдістемелік базасы болғандықтан, кез келген педа­гогикалық үдерістен тыс қала алмаймыз. Универси­тетте қазір жекелеген ма­мандықтар бойынша студенттерімізді қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеруі үшін жағдай жасалған. Жыл сайын оның өрісі кеңейіп келеді.
Университет бойынша кәсіби әлеуеті жоғары 50-ден аса оқытушы-профессор көп тілде маман дайындауға қызмет етіп жүр. Мысалы, филология және көптілді білім беру институтындағы педагог-мамандар универ­ситет студенттеріне «Шетел тілі В1», «Шетел тілі В2» және «Көптілді білім беру» (қазақ, орыс, ағыл­шын) пәндері бойынша практи­калық сабақтар өткізеді. Соңғы төрт жылдың мәліметі бойынша университетте көптіл­ділік бағытында білім алып жатқан топтар саны мен студенттер көрсеткіші мынадай: 2012-2013 оқу жылында – 13 топ (139 студент); 2013-2014 оқу жылында – 51 топ (656 студент); 2014-2015 оқу жылында – 48 топ (585 студент); 2015-2016 оқу жылында – 41 топ (511 студент).
Біздің студенттер қазір академия­лық ұтқырлық аясында қосдипломдық бағдар­ламамен алыс шетелдерге барып дәріс алып, білімін шыңдап келіп жүр. Сондай-ақ педа­гогикалық тәжірибеден республика мектеп­терінде, оның ішінде «Назарбаев интел­лек­туалды мектеп­­те­рінде» өтеді. Мұның бәрі – кәсіби мамандар тарапынан студент­тердің тілдік білім деңгейі оң бағаланып отыр­ғанын, көптілді оқыту жүйесінде орын алған аз уақыт ішіндегі жетістікте­рімізді байқатады.
Арнайы бөлімде оқитын білімгерлер мен профессор-оқытушылар үшін қо­лай­лы жағдай жасалған. Оқу үдерісі тех­ни­калық, әдістемелік тұрғыдан толық қамтамасыз етілген. Ағылшын тілінде жүргізілетін пәндерге арналған 4 ауди­то­рия заманауи сандық аудио-видео техни­ка­мен, интернет желісіне қосылған компью­терлермен, интерактивті тақта­мен және т.б. тілдік ортаның жоғын то­лық­­тыратын жабдықтар­мен қамта­ма­сыз етілген. Университетте көптілді білім беру бойынша оқу үрдісін қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету мәсе­ле­сіне ерекше назар аударылуда. Про­фес­сор-оқытушылар құрамына, магистрант­тар мен студенттерге арналған ағылшын тілін тегін оқыту курстары ұйымдас­ты­ры­лып отыр. Сондай-ақ біз «үштұғырлы тіл» саясаты бойынша көптеген ғылыми практикалық және онлайн конфе­рен­ция­ өткіздік. Басқа да пайдалы іс-шара­лар ұйымдастырып келеміз. Қазақстан­дағы үштілді білім беруді жүзеге асыру аясында бакалавриатта физика, ин­фор­ма­­тика, химия, биология пәндерін ағыл­шын тілінде оқыту үшін білім беру бағ­дар­ламаларын дайындадық.
Білім беру бағдарламасымен жұмыс жасау үшін Кембридж бен Сассекс университет­терімен ынтымақтастық, өзара әрекетестік және білім беру бағдар­ла­маларын біріге даярлау туралы келісім­шарт­қ­а қол қойылды. Сондай-ақ білім беру бағдарламасына еліміздегі Назар­баев университеті, педагоги­калық уни­вер­­ситеттер мен институттар, Назарбаев зият­керлік мектебі, орта мектеп­тер­дің және Алматы қаласы колледждерінің өкілдері тартылды.
– Тілді оқытудың негізгі тәсілі бар ма? Тілдік дағдыны қалай қалыптастырамыз?
– Шетелдік серіктестер бізбен кез­де­суінде физика, химия, биология және ин­фор­матика пәндері бойынша жараты­лыс­тану-математикалық циклдегі ба­­­­ка­­ла­­­в­риат­тың педагогикалық маман­дық­тарына жаңа білім беру бағдарламасы бойынша өз жұмыс моделдерін ұсынды.
Білім беру бағдарламаларын жасау­дың принциптері өте өзекті мәселе бол­ған­­дықтан, түйінді құзыреттіліктердің топтары анықталды. Оның қалыптасуы жастардың білім алудағы әлеуметтік, кәсіпкерлік-экономикалық, мәдени, коммуникациялық, компьютерлік, жеке тұлғалық құзырет­тіліктердің қалыпта­суы­на ықпал ететіні ескерілді. Білім беру үдерісінің студенттік орталықтан­ды­ры­луы білім нәтижесіне бағытталуын қажет етеді. Модулділік прин­цип білім беру мазмұнын және нақтылы оқу ақпаратын құрылымдау тәсілі ретінде қолданылады. Мульти­дисциплинарлық табиғат пен қоғам мәселелерін кешенді шешуде көптеген пәндердің өзара әрекет ету мүмкіндіктерін ашатын ғылыми білімді ұйымдастыруды талап етеді.
Blended Learning және STEM оқыту­дың инновациялық техноло­гия­ла­ры білім беру үдерісі субъектілерінің өза­ра әрекеттестігін ұйымдастырудың бір түрі ретінде қарас­тырылады. Тіл оқы­ту­дың қазіргі әдістері тілдік дағдылардың дамуы, пәнді қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқыта білуді анық­тайды. Бұл ком­по­нент IELTS бойынша 6 деңгейіне оқу­дың үшінші жылында жетуді қажет етеді.
Pedagogical Content Knowledge немесе педагогикалық білім мен біліктілік – педагогтың пәндік білімі мен пәнді оқы­туы арасындағы байланысты көрсетеді. STEM білім беру технологиясы маман­дық­­тың тақырыптық байланысқан пән­де­рінің интег­ра­циясын анықтайды. Бі­лім беру бағдар­ла­малары пәнді модулді оқытуға негізделеді және болашақ мұға­лімдердегі әлеуметтік-мәдени, тілдік (комму­ни­кативті), жараты­лыс­тану-мате­ма­тикалық, мамандықтың негізін сала­тын кәсіби құ­зырет­тіліктерінің қалып­та­суына бағыт­талады. Практика модулі және қоры­тынды аттестация ағылшын ті­­лі­нде маман­дық пәндерін оқыту әдіс­те­рі­нің практикалық дағдысын кезең­деп қалып­тастыруды жүзеге асырады.
– Жаратылыстану бағыты бойынша ағылшын тілін жетік меңгерту оңай шаруа емес. Ол үшін үздіксіз оқыту қажет емес пе?
– Ағылшын тілін жетілдіруде ЖОО-дағы студентті барлық оқу кезеңінде үздіксіз оқыту қажет екені рас. IELTS бойынша 6 деңгейге оқытудың үшінші жылының соңына қарай білімді бағалау үнемі жүргізіледі. Төртінші курс бас­тал­ған­да, студенттер ағылшын тілін жет­кілікті деңгейде меңгеруі қажет. Бағ­дар­ла­маның бұл бөлігі онлайн бағ­­­дар­­­ла­мамен қо­сымша оқу арқылы ағыл­шын тілін білу­дегі құзыреттілік пен сенім­ділікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Студенттер оқытушы-тәлімгер жаса­ған оқыту моделіне сәйкес барлық оқу кезең­де практикадан өтеді. Бағдар­ла­мада диплом жұмысын жазу ұсыныл­ған. Студент­тер білім ала отырып теория­лық білімдерін, сабақ өткізу, жоспарлау, соны­мен қатар, бағалау қабілеттерін көрсете білуге тиіс. Сонымен қатар, олар осы уақытта ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде өз пәні бойынша өз бетінше сабақ жүргізуге дайын болуы қажет. Оқушы­лардың тілдік құзыреттелігін нығайту үшін 2 және 4 семестрлерге (2 кредит) қоса жаз айында тілдік оқу прак­ти­касын өткізу жоспарланған. Бағдар­ла­мада көрсетілген PCK (Pedagogical Content Knowledgе) білім беру технологиясы теориясы мен практика­сын тікелей байланыстырады. PCK Синга­пур­лық мұғалімдер даярлау бағдарламасы тәрізді, табысты болып есептелетін білім беру саласындағы мұғалімдер даярлаудың халықаралық моделінің ортақ бөлігі.
Әрбір курс STEM білім беру техно­логиясы бойынша пәндерді оқыту­дың ғылыми негізделген әдістеріне сүйе­не­тін болады. Студенттер практиканы бақылаудан бастап, CLIL (Content Language Integrated Learning – Әлемді ағыл­шын тілі арқылы тану) деп аталатын оқы­ту құралдары арқылы ағылшын тілін оқиды. Теориялық моделдер, тәлімгер құрған сабақтың моделі, тікелей бақы­лау­лар мен кері байланыстар, сондай-ақ уни­верситет оқытушылары мен мектеп тарапынан тағайындалған тәлімгерлердің сабақты талқылауы арқылы тиісті нәти­же­ге қол жеткізуге болады. STEM (Science Technology Engineering and Mathematics) білім беру технологиясында PCK пән­дері бойынша білімді меңгеру мен кәсіби оқыту бірдей мәнділікке ие. Ол басты тұжырымдама мен ғылыми әдіс­тер­ді меңгере отырып, жетістікке жетуге мүм­кіндік береді.
Студенттің университетке түскен күнінен бастап тілге даярлығы олардың тіл білу деңгейлерін анықтаудан бастала­ды. Оқыту­шымен аудиторияда тіл саба­ғы­мен қатар, студент online режимінде ағылшын тілін оқитын болады. Бұл тек сөйлесу тілі ғана емес, оқыту, ғылыми және кәсіби мақсаттарға арналған кәсі­би-бағытталған тіл болады. Бұл BL (Blended Learning) заманауи иннова­ция­лық білім беру моделімен және Қазақ­стан­дық мұғалімдерге арналып жасал­ған WEB беті арқылы жүзеге асады: ағылшын тілі және ағылшын тіліндегі STEM пән мазмұны, тес­тер мен терминология, ХХІ ғасырдың қазіргі педагогикасы (21st century modern pedagogy). Бұл үдемелі online курстары студенттердің ағылшын тілін мең­геру деңгейін көтеруіне, шетел­де тағы­лым­­дамадан өту және оқу мүм­кін­дігін кеңей­тетін IELTS емтиханын тап­сыруына көмек­­теседі.
– Студенттердің тілді өз бетімен оқуы­на мүмкіндік берілген бе?
– Студенттер, сондай-ақ өз бетімен оқып, үйрене алады. Ол студенттердің өзінің оқу қабілеттерін өздері бақылауына мүмкіндік береді. Мысалы, мұны бірінші курстардың оқуына көмек ретінде, қо­сым­ша оқыту түрлері арқылы жүзеге асы­­руға болады. Оған мысал ретінде online тәрібінде оқу, сондай-ақ халық­ара­лық практикаларды – өндіріс­тегі, зерт­ха­на­дағы, шетелдегі тәжірибелерді алуға болады. Төртінші курста студенттердің өздері төменгі курс студенттеріне эдвай­зер және тәлімгер бола алады. Соны­мен қатар, студенттер төртінші курс­та пәндік білімдерін жаңа зерт­теу­лер­мен, жасаған жұмыстарымен толықтыратын деңгейге жетеді. Жоғары курс студенттері кіші курс студенттеріне практи­калық сабақ­тар­ға, университеттің бар­лық сту­дент­те­ріне ғылыми-зерттеу жұмыс­тары бойын­ша семинар ұйымдас­ты­руға көмекте­се­ді.
Жаңа бағдарлама бойынша оқу бары­сын­да студенттер: проблемалық ойлау, про­блемалық міндеттерді қою, ағылшын ті­лін­де жағдаяттарды шешу, ағылшын тілін­дегі оқу үдерісіндегі ақпараттық-ком­­муникациялық технологияны қол­да­ну мүмкіндіктеріне, оқытуда, ғылыми зерт­­теуде және ағылшын тіліндегі ақ­па­рат­ты игеруде кәсіби қызметін жобалау және моделдей білу дағдысына ие бо­­ла­­ды.­
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*