Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, публицист: Шоқан – түгесілмейтін тақырып

797
0
Бөлісу:

«Ұлттық баспасөз барлық уақытта ұлттың сөзін сөйлеп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қажет кезінде ұлт мүддесі үшін отқа да түсуге дайын болуы керек деп білемін» дейтін біздің бүгінгі кейіпкеріміз – белгілі публицист, Шоқан ғұмырын ұзақ жылдар зерттеген зерттеуші, ұзақ жылдар ұлттық баспасөздің тізгінін ұстаған, әлі де ұстап келе жатқан қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы.

– Сіз қазақтың жарқ еткен жұлдыздай ерте ағып өткен ғалымы Шоқан Уәлиха­нов өмірін зерттеп, зерделеуге көп уақы­тыңызды арнады­ңыз. Сіз бұл тақырыпқа қалай келдіңіз және діттеген мақсатыңыз­ға толық жете алдыңыз ба?
– Шоқанды зерттеуге әу бастан талпынған едім деп айта алмаймын. Ол жұрналшылық қызметімнің ілкі жыл­дарында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жұмыс істеге­німнің арқасында ғана жүзеге асқан кездей­соқтық. Біз жастар газетінде, оның атағы дүрілдеп, таралымы 300 мыңнан асып, ел сүйсініп оқитын басылым­дардың бірі боп тұрған кезінде еңбек еттік. Жас жұрналшылар шетінен жампоз, оқырман назарын аударады-ау дейтін тақырыптар­ды таласа-тармаса көтеріп жататын. Аптасына бес рет шығатын газеттің әр санында дерлік алуан түрлі ізденістерден туындаған, елді елең еткізетін мақалалар шығып тұратын. Жігіттер мен қыздар арасында біріміздің көтерген жақсы тақырыбына, екіншіміз оны дәп өзіміз жазғандай қуанатын шынайы шығарма­шылық бәсеке бар болатын. Сол бәсеке әрқай­сымызды да сондай мақтаулы дүние жазсақ қой деген кезекті ізденістер­ге талпындыратын.
Ол кездерде мен негізінен газеттегі «Аққу» эстетикалық клубы аясында шығатын эсселерді жазуға біраз машық­танып, француздың пос­тимпрес­сионистік, орыстың авангард­тық бағыт­тағы суретшілерінің қилы тағ­дырлы ғұмырлары, өзгелерден бөлек­теу шығар­ма­шылық ерекшеліктері туралы тақы­рыптарды қаузап жүрген бола­тынмын. Эссе жанрына тән бір ерек­шелік, оның оқылымдылығын арттыру үшін кейіпкер өмірінің ұңғыл-шұң­ғылдарына тереңірек үңіліп, қызықты тұстарды іздестіруге көңіл бөлінеді. Шамасы, осы бағытты дағдыға алып қалған болуым керек, бірде Шоқанның таңдамалы жинағын қайта­лай оқып шығу үстінде, ғалымның 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапары­ның күн­делігі» жолжазбасы көз алдыма мүлде басқаша қырымен тартыла қалды. «Егер осы күнделік ізімен қазір қайталай жүріп өтсе қалай болар еді?». Содан соң-ақ кө­ңілден маза қашты. Шоқанның Семей­ден басталып, Ыстықкөлге дейін созыла­тын, Қырғыз елінің теріскейін аралап, тау арқылы қайта Қазақстанға өтетін, Алматыдан ескі бекет жолы бойымен Талдықорғанға дейін ұласатын, одан әрі Қапал, Сарқант арқылы Шұбарағаш-Ойжайлауға жеткен кезде түйінделетін сапар маршрутының картасы дайын­дал­ды. Сол 1975 жылға Шоқанның 140 жылдық мерекесі де дөп келіп тұр екен. Ақыры бар әзірлік біткен кезде, бұл ойымыз газет редакторы, аса сергек санаткер Сейдахмет Бердіқұл­ұлына білдірілді. Ол кісінің бұл экспеди­циялық жобаға соншама риза болып, қуанғанын көрсеңіз: «Ешкім біліп қоймасын, дереу іссапарға шығып кет» деп бірден қолдай кетті. Жастар газе­тінде жұмыс істемесем, яки оның бас редакторы Сейдахмет ағаның бұл тақырыпқа бірден қызығып, құлшыныс танытуы болмаса, Шоқанды зерттеуге кірісе қоймас па едім, «ол жай әншейін кездейсоқ ұшырасқан тақырып» деп отырғанымның мәнісі де сонда. Басқа газетте істеп жүрсем, дәл мұндай мүм­кін­дік туа қояр ма еді? Кім білсін?!.
Жастар газетінде ең ұзақ жұмыс істе­ген адамдардың бірімін. 1969 жылдан 1989 жылға дейін табан аудармай еңбек етіппін. 1985 жылы Шоқанның 150 жыл­дық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланған кезде, осы айтулы датаға орай газет тарапынан кезекті экспедиция ұйымдастырылып, тағы да Сейдахмет ағаның қуана қолдауымен, ұлы ғалым ғұмыр кешкен, оқыған, еңбек еткен, сапармен болған мекен­дерді аралап шығу мүмкіндігі туды. Жолсапар мақа­лалар газет бетінде бір жыл бойы дерлік жарияланып тұрды. Ұлы ғалым өміріне қатысты біраз жаңа деректер ашылды. Шоқанның туған жері Құсмұрын емес, сол кездегі Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы шағын елді мекен Күнтимес қыстауы екендігі анықталып, кезінде бұл жаңалыққа дау айтушылар шыққа­нымен, біз тапқан дәйектерді, сол кездегі Қазақ академиясының Тарих институты басшылары ақиқат дерек ретінде танып, ол мәселені түйіндегендей болған. Бірақ одан бері қанша жыл өтсе де, Күнтимес ақиқаты жаңадан ғылыми айналымға түскен архив деректері арқылы (Шоқан­ның әкесі Шыңғыс Уәлиханов­тың Аманқарағай және Құсмұрын округте­рі­нің аға сұлтаны лауазымын атқарған бар­лық жылда­рын­дағы қыстауы Күнтимес болған­дығы), әбден тапжылтпай дәлел­ден­се де, әлі күнге дейін құр дау қуған­дардың бар екендігін көз көріп жүр.
Шоқан туралы алғашқы еңбектеріме «Жалын» баспасы да ықылас танытып, «Ыстықкөл сапарының күнделігі» ізімен жүріп өткен бірінші жолжазба «Шоқан ізімен» (1977ж.), екінші экспедиция қоры­тындысы «Жасын тағдыр жар­қылы» (1987ж.) атты кітаптар түрін­де жарық көрді. Тіпті осыдан кейін де Шоқан тақырыбын әрі қарай жалғас­тыра берермін деген ой болған жоқ. Әрі бірер жылдан кейін «Ана тілі» газетін шығару жұмыстарының қарбаласы араласып, оған қоса, байырғы тарихы­мызға қатыс­ты басқа да ізденістерге кірісіп кетуіме байланысты, Шоқан тақырыбына қайта оралудың мүмкіндігі де бола қойған жоқ.
Қызмет Астанаға ауысты. Қаз­Ақпарат жаңалықтар агенттігінің қауырт тір­лі­гінде бір тыным болмайды. Жұр­нал­шылар екі ауысыммен жұмыс іс­тейді. Ол бойынша, екінші ауысымда істейтін­дердің келесі күні сағат 3-ке дейін қолы бос. Бас редактордың жұ­мысы да сол екін­­ші ауысым, кешке қарайғы қоры­тын­­­ды ақпараттар бері­летін кезде қы­зады. Қызметтің осы ерекшелігіне қарай, түс­ке дейінгі уақытты жеке шы­ғар­­машы­лық­қа арнау­ға болады. Мендегі Шоқан тақырыбына қайта оралу туралы ой да осы мүмкін­дікке байланысты туындады.
Оған қозғау салған тағы бір жайт, тәуелсіздік алғанымызға талай жылдың жүзі өткенімен, қазақ қаламгерлері тара­пынан Шоқанның азат заман тұр­ғы­сынан, қайта зерделенбей жатқан­дығы да болған еді. Содан көп жыл бойы жи­нап жүрген деректерді қайтадан қаузау басталып, үш жыл дегенде, қырық баспа табақтай роман-эссе жанрын­дағы «Шоқан» кітабы жазылып бітіп, ол 2009 жылы мемле­кеттік бағдарлама бойынша «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» серия­сымен жарық көрді.
Бір қарағанда, діттеген мақсатымызға жеткен, оның барлық ғұмыры түгел қам­тыл­ған сияқты көрінуі де мүмкін. Алайда Шоқанның барлық ұлы адамдар сияқты түпсіз тұңғиық екенін ұмыт­пауымыз керек. Данышпан тұлғаларға тән бір ерек­­шелік, оларды қанша таныдым дегенмен, білмейтін тұста­ры­мыз да соншама мол екені әрдайым байқалып жатады. Мұны «Шоқан» туралы сол кітабымыздың Қазақстанның Ресейдегі ел­шілігінің қолдауымен, 2015 жылы орыс­­шаға аударылуы барысында өзі­міз­дің де аңғарған жайымыз бар. Шоқан өміріне қатысты түпнұсқасы орысша ж­а­зылған деректерді қайтадан салыс­ты­рып қарау кезінде, өзіміз бұрындары ескере қоймаған бірқатар мәліметтерге тіптен жаңадан ұшырас­қандай, ол көзімізге енді ғана ілінгендей қал кешіп, абдырап қалғанымызды қайтерсіз?!
Шоқан – түгесілмейтін тақырып. Ол туралы қанша әдеби шығармалар жазыл­са да, аздық етпейді. Алайда олардың Шоқан өміріне қатысты қазіргі кезде өріп жүрген көп өтіріктерге құрыл­ма­ға­нын қалар едім. Халқымыз­дың бірсы­пы­расы, әсіресе жастар жағы Шоқанның шығармалары мен оның өмірбаяны туралы қыруар архивтік деректерді зер­делей оқып, бас ауыртып жатпай-ақ, ол туралы дәйексіз қауесет­терге бірден сене салатын сияқты. «Шоқанға у берген, атып кеткен, ол 1865 жылы туберкулезден көз жұмған жоқ, орыстың құпия қызме­ті­нің адамы болғандықтан, жасырын түрде одан кейін де өмір сүрген» деген жалған әңгімелер, әсіресе, кейінгі кезде тым өршіп кетті. Сондай-ақ кейінгі жылдары «Шоқанның туберкулезден қайтыс болғаны туралы уәж, ол өлгеннен кейін жиырма жылдан соң ғана айтыла бастады, Ресейдің құпия қызметі Шоқан­ды улап (немесе атып) өлтіргенін ақтау үшін осындай өтірікті әдейі ойлап тапқан» деген әңгімелерге де кезек келіп­ті. Оны «ақиқат» ретінде төндіріп айту­шыларға, Шоқан қайтыс болған 1865 жылдың қысының өзінде-ақ Санкт-Петер­бор­да шыққан «Орыс география­лық қоғамы­ның жылдық есебінде» оның туберку­лез­ден көз жұмғаны жа­йында екі қазана­ма­лық мақала (автор­лары Остен-Сакен, Ядринцев) жария­ланып қойға­нын ес­керт­­кіміз келеді…
– Қазақ журналистикасында өз орны­ңыз бар. «Ана тілі» газетінің бас редакторы болғанда нағыз ұлттық басы­лым жасадыңыз. Кадр таңдауда қандай қағидаға сүйенесіз? Қазіргі газет-жұр­нал­дар бағытына көңіліңіз тола ма?
– «Ана тілі» газетінің дүниеге келуі – сол кездегі республикалық партия коми­тетінің идеология жөніндегі хатшы­сы, ұлтымыздың ұлы тұлғала­рының бірі Өзбекәлі Жәнібектің қолдауымен жүзеге асқан шаруа. Ол халықтың қалауымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамы басшылы­ғы­ның «бізге апталық бір газет керек» де­ген өтінішіне құлақ асып, қажетті ше­шім­­ді шығартып берген еді. Ол кезде жастар газетінде жауап­ты хатшы боп істеп жүргемін. «Ана тіліне» редакторлық туралы ұсы­ныс беруге әу баста құлай кетпесем де, ойлана келе, ақырында «жаңа апталықты ел сү­йе­тін басылымға айнал­дыруға әбден болады ғой» деген жұр­нал­шылық қы­зығу­­шылық басым түсті. «Газет тіл мәсе­ле­лерін айту арқылы ұлттың сөзін сөй­леп, мұңын жоқтайтын, елдің шынайы құндылықтарын, бүрке­ме­леніп келген тарихымыздың ақтаң­дақ­тарын қаймық­пай қозғайтын бағытты ұстануы тиіс» де­ген уәжімізді академик Әбдуәли Қай­дар ағамыз қолдап, бас редактор­лыққа батасын бергеннен кейін, осы мақсатқа сай келетін, қаламдары төсел­ген кадр­лар­ға қолқа салдым. Алғаш­қылардың қатарында болған, қуат-қарымы өзіме бұрыннан жақсы белгілі, жастар газетінде әр жылдарда бірге істеген Бақыт Сарба­ла­ұлы, Ертай Ай­ғали­­ұлы, Қоныс­бек Қожам­жарұлы сияқ­ты газет ісінің майын ішкен жүрдек­­термен бірге жаңа істі бастап кеттік. Олардың сапына сол кезде Тіл білімі институтының кіші ғылыми қыз­меткері боп жүрген, Алаш арыс­тары­ның мұрасын ұқыптаушы Ғарифол­ла Әнес қосылып, қасына Аман­қос Мек­теп­ті ерте жүріп, бірден ша­лым­дылы­ғы­мен танылды.
Алғашқы кезден-ақ оқырманға қа­жет­ті ділгір тақырыптарды таба білген газетке жазылудың қарқынды жүргені сонша, біз бір-екі айдың ішінде-ақ өз жалақымызды өзіміз тауып, баспахана, қағаз, тасымал шығынын да қиналмай жаба алатын жағдайға қол жеткіздік. Алғашқы саны 1990 жылдың 22 наурыз күні жарық көрген газеттің келесі, 1991 жылғы алғашқы саны 110 163 дана боп тарады. Мұның себебін, сол кезде халқымыздың ұлттық құндылықтарын тануға сусап отырғандығынан ғана емес, тіл проблемаларын тереңнен қаузап, оқырман діттеген тақырыптар мен ұлттық болмысымызға, халықтық біті­мімізге, тарихымызға қатысты мәсе­лелерді батыл қозғауымен қатар, «Ана тілінің» қазақ баспасөзіне таптау­рын қалыптан бөлектеу жұрналшылық ма­шықтарды ала келгендігімен де бай­ланыстыруға болады. «Ана тілі» қазақ тілінде шығатын, партия дүр­бі­сінен тыс алғашқы тәуелсіз газет болғандықтан да, жабық боп келген тақырыптарға қаймықпай баруға, мүмкін-қадерімізше құнарлы қазақ тілін орнымен түрлентіп қолдана білуге, мақалаларды оқуға жеңіл, жатық публицистикалық мәнер­де құруға ұмтылдық. Ол ерекшелік одан әрі, 1994 жылдан бастап редакцияда жұмыс істей бастаған әйгілі көсемсөзші Марат Қабанбай мен ақмолалық тілшіміз Жұматай Сабыржанұлының қолтаңба­ларында айрықша көрініс берді. «Ана тілінде» сол алғашқы кезеңдерде Байбота Серікбайұлы, Мақсат Тәж-Мұрат, Диқан Қамза­бек­ұлы, Амантай Шәріп, Сағатбек Медеу­бек, Раушан Төленқызы, Болат Шара­хым­бай, Бақтияр Тайжан, Абай Мауқараұлы, Сәкен Сыбанбай сияқты жастар жұмыс істеп, өз қолтаңбаларын шыңдады, соны сипатты жазу өрнек­те­рімен танылды. Олардың бәрі бүгіндері әйгілі қаламгерлер мен жұрналшыларға, шүйгін зерттеушілерге айналды.
Қазіргі газет-жұрнал саны, әрине ол кездегіден әлдеқайда көп. Алайда қазіргі басылымдардың дені кадр мәселесінен қиналып жатқандай көрінеді маған. Басты салмақ негізінен тәжірибелі жұр­налшылардың иығына түсетін сияқты. Лау етіп келіп жатқан қаламы қуатты жас толқын байқалмайды. Қазір ақ­парат­тық үрдіс басым. Ол – уақыт талабы. Бірақ оның дені баспасөз қызметі дайындап берген нұсқалардан көп алыстамай жатады. Ақпаратты жұрт назарын аударатындай, жатық тілмен ойнатып беру жағы кемшін соғып жататындай. Мақаланы оқылымды ету жағына көбірек көңіл бөлінсе дейсің, бірақ ол материалдардың көбінің аттың жалында, түйенің қомында жүріп жазылатынын ойлағанда, жұрнал­шы­ларға артық талап қоюға да батпайсың…


Сауал ішіндегі сауал

– Қалай жазасыз?
– Жас кезімізде жұмыстан келген соң бір-екі сағат ұйықтап алып, түнгі үштерге дейін жазуға отыратынбыз. Бірақ ертеңіне таңертең жұмысқа баратын адамдар үшін ол денсаулыққа зиян екен. Біраз жылдардан кейін қан қысымы ауруын тауып алдым. Содан соң күндіз ғана жазуға көштім, яғни үстелге отыру мүмкіндігі тек сенбі, жексенбі күндері, сондай-ақ жылдық демалысымызды алған кездерде ғана табылып жүрді. Қазақ ақпарат агенттігінде істеген жылдарымда, әлгінде айтылғандай, жұмыстың екі ауысымда атқарылуына сай, өзімнің ылғи екінші ауысымға шығуымды бекітіп алып, түске дейін үйде отырып жазуға көштім. Осы жұмыс өнімді болды. Соңғы үш кітабым осы жұмыс режімінің арқасында бітті.
– Компьютермен жазуға жүйрік шығарсыз?
– Қаламсапты ұмытқалы қашан?! 15 жылдан асып кетті. Кітаптарды тікелей компьютер арқылы жазамын. Бұл – аса бір тиімді әдіс. Сөйлемді неше түрлі етіп, қалауыңша өзгертуге өте қолайлы. Қолмен жазған кездегідей, қағазға төніп, еңкейіп, құнжиып отырмайсың, креслоға шалқайып жайғасқан күйі, қажет боп жатса, әріпті үлкейтіп алып, заулата бересің. Ғаламтор әлемінде еркін шарлауды меңгерудің арқасында, талай құнды ғылыми кітаптар мен жұрналдарға шыққан сирек зерттеулерді қолға іліктірдім. Қазір менің компьютерімнің жадында ғылыми тақырыптарыма, Шоқан өміріне қатысты 800-дей кітаптың электрондық нұсқасы сақтаулы. Қажет кезінде экранға шығарып аламын да пайдалана беремін.
– Жалыққан кезде қайтесіз?
– Жалығуға уақыт жоқ Екі тілде шығатын 150 беттік ғылыми-көпшілік, түрлі-түсті «Мәдени мұра» жұрналын шығару оған уақыт қалдырмайды. Қол босап жатса, ғаламторды шарлап кетемін. Қазір барлық қазақ басылымдарының Baq.kz ақпараттық порталы аясында топтасқаны тиімді болды. Сол жерден қажетімді тауып алып оқи беремін.
– Сергек болу сыры неде?
– Жаяу жүргенді ұнатамын. Көбіне жұмыстан Есіл өзенін жағалап жаяу қайтамын. Көп уайымдамауға, реніш-ашуға берілмеуге, миды көп шаршатпауға тырысамын. Бірақ оның реті ылғи бола бермейді. Кейде жазу, редак­ция­­лау жұмысының қабаттаса келіп, қалжыратып кететін сәттері де кездеседі.
– Берер батаңыз қандай?
– Қазанымыз оттан түспесін, қазағымыз аттан түспесін!


– Ұлттық баспасөздің ұстанымы қандай болуы керек?
– Ұлттық баспасөз барлық уақытта ұлттың сөзін сөйлеп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қажет кезінде ұлт мүддесі үшін отқа да түсуге дайын болуы керек деп білемін. Ұлт намысы бәрінен биік. Біз әлденеше ғасыр бөтен елге бодан болып, өзіміздің байырғы тарихымыз бен байтақ мәдениетіміз туралы ашық айта алмай күмілжумен келген, есеміз талай кеткен, еңсеміз талай езілген халықпыз. Оның табы әлі де бар. Санаға әбден сіңіп қалған сондай олқылықтарды жою үшін ұлт баспасөзі қолынан келгенше арпалысуы керек. Осындайда коммунистік биліктің аса қырағы саясаты бұл мәселелерді көп айтқызбаған кездің өзінде ұлт тарихына, ұлт басындағы көкейтесті мәселелерді қазақ басылымдары беттерінде негізінен жазушылар мен журналистердің қозға­ғаны еске түседі. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тақырыптар емін-еркін көте­рі­ле бастады. Өзінің өткенін, ұлттық құндылықтары мен киелі дәстүрлерін тереңдеп білуге сусап отырған халық оларды қызыға оқыды. Сол қызы­ғушылық әлі де бар деп білемін. Ол үшін материалдарды оқырманға тартымды етіп ұсыну жағына көңіл бөлу керек те шығар.
Шоқанды зерттеудің арқасында ғылымға қызығушылығымыз артқан біздің ұлтымыздың түпкі тарихына қатысты ізденістерге баруымыз да сол ұлт баспасөзі ұстанымдары аясында туындады. Сонда бүйрегіміздің бұрғаны түркі халықтарының ежелгі этнотектік тарихы болған. Өйткені бізге мәж­бүрленіп тағылған бұрыннан бар қай тарихи оқулық пен монографияларды қарасаңыз да, ежелгі қазақ жері түркі текті халықтарға еш қатысы жоқ аймақ ретінде сипатталады. Расында, солай ма? Әлде, ол да біздің ұлтымыздың меселін әдейі төмендету, өткенін мансұқтау үшін жасалған зымиян саясаттың жымысқы жоспарының бірі ме? Осы тақырыпты қаузау барысында Орталық Азия аумағына қатысы бар делінетін талай археологиялық зерттеулердің қорытын­дыларына үңілдік. Салыстырдық-сараптадық. Біздің бағымызға орай, кейінгі онжылдықтарға жаңа ғылым саласы ретінде белгілі болған ДНҚ-генеалогиялық зерттеулер бұл ізде­нісімізге көп көмегін тигізді. Ол жаңа­шыл зерттеу қорытындылары бұрын­дары бізге еш қатысы жоқ делініп жүрген ежелгі мәдениеттердің көбін жасаған арғы түркі текті жұрттар екенін дәлелдеді. Бұл – жұрналшы үшін де өзінше қызық тақырып. Осы жөнінде әртүрлі басылым беттерінде жарияланып жүрген мақа­лаларымыз, соңыра осы тақырыпқа алғашқы барлау ретінде танылатын «Ар­ғы түрктер ақиқатының ізімен» (2006 ж.) атты кітапқа ұласты. Арада бірер жыл өткенде бұл тақырып Астанада ашылған Түркі академиясының жобасы қатарына қосылып, соның нәтижесінде «Орталық Азиядағы арғытүркі сипатты мәдениет­тер: этно­тектік аспектілер» атты жаңа моно­графия дүниеге келіп, ол 2015 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді.
Мұны айтып отырғаным, ұлт бас­пасөзі үшін басқа да түрлі тақырыптармен қатар, ретін тауып өз ұлтыңның ежелгі тарихына, оның да өзге ұлттармен терезесі тең, оның да тарихи халық ретінде әлемдік деңгейде аталуға құқы бар екенін ғылыми тұрғыдағы тапжыл­т­пас дәйектер арқылы дәлелдеп, халық назарына ұсынып отырудың еш артық­тығы жоқ. Өйткені өзінің өткеніне шын мақтанышпен қарап, құрметтейтін ұлттың болашағы да жарқын болуға тиіс.
– Ұлттық музейге кіріп-шыққан сайын не ойлайсыз?
–Бұл күнделікті кіріп-шығып жүрген жұмыс орным. Өйткені «Мәдени мұра» жұрналының редакциясы осы ғажайып ғимараттың ішінде орналасқан. Мұндай озық технология жетістіктерімен жабдықталған ерекше заманауи кешен бүкіл Орталық Азияда жоқ. Қай залға қадам бассаңыз да, сізді музей жәді­герлерін таныстыруды ең соңғы ғылым мен медиа-технологиялық үлгілерімен сабақтастыра атқаратын жаңашыл әдіс-тәсілдер таң-тамаша қалдырады. Оның үстіне, Ұлттық музейдің экспозициялары аса жарқын да бай. Әсіресе, екі бөліктен тұратын Алтын залдарын айтсаңызшы. Қазір Ұлттық музей – шет елдерден келетін мәртебелі меймандардың кө­бінің арнайы ат басын бұратын мәйек­ті шаңыраққа айналды. Әлбетте, келген қонақтардың қай-қайсысының да бұдан былай қазақ тарихына, ежелгі өрке­ние­тіне құрметпен қарайтындығы да анық. Яғни, біздің Ұлттық музей жаңа ғана тілге тиек болған, ұлтымыздың мерейін айрықша асыруға қызмет ететін, ғажайып ойластырылған ұлы жобаның бірі.
Ұлттық музейге кіріп-шыққанда, әрдайым дәл осындай замануи музейдің біздің елордамызда салынғанына деген ризашылыққа, мақтаныш сезімге бөленеміз. Расында да, біздің заңғар музейімізге әбден үйреніп қалған­дығымыз ба, басқа музейлер көзімізге қораштау көрінетін де сияқты болып қалыпты. Оны жақында Өзбекстанға Хорезм экспедициясы сапарымен барып, ежелгі өркениеттер ошағы Хиуа, Бұқара, Самарқант қалаларында болған кезімізде анық аңғардық. Бұл қалаларда музейлер, негізінен, бұрынғы хан орда­ларында орналасқандықтан ба, экспо­зи­циялар көмескілеу, жү­деулеу байқа­лады екен. Озық тех­нологиялар жоқ. Самарқанттағы музей үшін арнайы салынған «Афрасиаб», Ташкенттегі Мемлекеттік тарих му­зейлерінің ғи­мараттарымен де, олар­дағы жәдігер­­лермен де іштей са­лыстырдық. Ұлттық музейіміздің шырайы да, мазмұны да өзінше бөлек екен.

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*