Ұлттық дамудың ұлағатты үлгісі

9682
0
Бөлісу:

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:

Жаңғырудың қамы – жасампаз­дықтың салты

– Ел Президен­тінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарла­малық мақа­ла­сын зер сала оқып шықтым. Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын – қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңданыстан бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылық­тарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді.
Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық һәм концептуалды жоба­ларды ілгерілетуі маңызды. Бұл – Қазақстан көшбасшысы айтқан «бәсекеге қабілет­тіліктің» бір шарты.
Тәуелсіздік ала отырып, Қазақ елі «күрес кеңістігіне» аяқ басты. Бодандықтағы ел бәріне мойынсынуы, көндігуі, ассимиля­цияға ұшырап, жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын «күрес кеңістігі» де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекеттер үш басты аждаһадай анталаған экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Жас мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде өмір сүруі үшін күресуге мәжбүр. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан Мемлекет басшысы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті.
Елбасы мақаласының «Прагматизм» атты бөліміне назар аудартқым келеді. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, өтірік – қаңбақ, шын – салмақ екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл ха­лықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек.
«Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» деген
Н.Назарбаев алдағы онжылдықтардың ұранына «реализм мен прагматизмді» ұсынады.
«Жалғандық жарға жығады» дейді қазақ даналығы. Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы.
Біз ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жымиып күліп, жылмаң сөйлеп, жыландай жылжыған жат идеологияларға лайықты тойтарыс берсек, жерұйықтай мемлекетке айналамыз.


Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

Дер кезінде қабылданған шешім

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл – бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын дәл өлшеп пішіліп, кемелденген азаматтың ойлары. Әсіресе, көптен күтіп жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стра­тегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, Тіл білімі институтына үлкен жауапкершілік артып отыр. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық керек.
Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Мақалада айтылған ойлардың тереңдігінен Елба­сы­ның тарихты терең білетіндігі, сонау түркі халқының көне жазуынан бастап барлығын ой елегінен өткізе айтқанын байқау қиын емес.
Расында, халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға, латыннан кириллицаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылысының арқасында ешбір халықтан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоғары мәдениеттілігімізді аңғартса керек. Бүгін міне, тәуелсіз елде есімізді жинап, өз жазуымызды қа­лып­тастыруымыздың сәті келген сияқты. Себебі, оң мен солы­мыз­ды әбден танып, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін бойымызға сіңіріп нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік. Сондықтан бұл – Елбасының сарабдал саясатының аясында жасалған үлкен қадам.


Оразалы СӘБДЕН,
академик:

Рухани дүниені қайта жаңғыртуға тиіспіз

– Рухани жаңғыру жайы –көптен бері ойда жүрген мәселе. Ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де әр сөзінде, мақалаларында, басқа да жерлерде айтып жүретін. Бұл жайында өзім де талай рет айттым. Жалпы, бізге қазір керегі – ХХІ ғасырда рухани даму­дың жаңа парадигмасын жасау. Сол үшін нақты-нақты іс-шаралар керек. Шынын айтқанда, әлемдік дағдарыс болып, нарық экономикасына өтеміз, барлығын базар реттейді деп әуреленіп, біз руханиятты ұмытып бара жатырмыз. Руханият екінші сатыда қалып қойды. Дүниежүзілік дағдарыстың өзі содан.
Абай «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады» дейді. Капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байып, үстемдік жасап, руханиятты ұмытып кетті. Соның «жемісі» – дүниежүзілік дағдарыс. Соған қарағанда біз рухани дүниені қайта жаңғыртуымыз керек. Ол үшін сана психологиясы өзгеруі тиіс. Жай, күнделікті айтып жүрген мәселеден аулақ болу керек. Ол үшін еліміздің барлық азаматтары психологиясын өзгертуі тиіс.
Егер руханиятқа дендеп еніп, осыны жасағымыз келсе, онда Абайдың толық адамын игеруіміз керек. Абай бәрін айтып кеткен. Ол үшін мынадай ұсынысымыз бар: біздің университеттерде абайтану орталықтары бар. Бірақ ол кішігірім, күші аз, шағын. Дегенмен жұмыс істеп жатыр. Біз тек Қазақстанның емес, бүкіл шығыстың руханиятын көтеруіміз керек. Абай тек қазаққа емес, бүкіл шығыс елдеріне тән. Астана мен Алматыда Абайдың рухани академиясын ашу керек! Сол жерде тек Қазақстан емес, бүкіл шығыс елдеріне Абайдың рухани құндылықтарын, философиясын, шығармаларын бір жағынан ғылыми ізденіс жасап, екіншіден, бүкіл Орта Азия мемлекеттеріне кең көлемде насихат жасауымыз керек. Міне, бұл Елбасымыздың рухани жаң­ғыруына нағыз, тікелей септігін беретін, тікелей жұмыс істейтін идея болады.
Екіншіден, Түркістанды алайық. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихта үлкен орны бар рухани орталық. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы біз Қазақ елін қайта жаңғыртамыз. Менің Түркістанның рухани-технологиялық кластерін құру деген жобам бар. Бір жағынан бұл – руханиятты көтеру. Дін академиясын, Дүниежүзілік тарихи музей жасау, тағысын тағылар. Сосын технологиялық кластер ашу. Туризм мәселесі де – руханият. Логистиканы көтеру керек. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы Елбасы айтып отырған нағыз мәселені орындаған боламыз.


Серік ПІРӘЛИЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, ҰҒА академигі, профессор:

Ұрпақ игілігіне айналдырсақ…

– Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» та­қы­ры­бындағы мақаласы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жол­дауының заңды жалғасы іспетті.
Елбасы еңбегінде елді рухани жаңғырту мәселелерін қозғайды. «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағы­тымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қо­сылу… Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дейді Елбасы.
Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылық­та­ры­мыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құнды­лықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз.
Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ұлт Көшбасшысы ерекше назар аударып отыр­ғаны бекер емес. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың эконо­микада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз.
Рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сондықтан ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мысалы, біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2009 жылдан бері «Ұлттық тәрбие», «Абайтану» пәндері оқытылып келе жатқаны осы ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру мақсатынан туындағаны сөзсіз.
Қазір бұл бастамамыз елімізде кеңінен қолдау тауып, жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбиені оқытуға ерекше ден қойылуда. Абай мұралары да ұлттық құндылықтарға толы. Оның ішінде халықтың би-шешендерінің, ақындарының, күйшілерінің мұралары рухани байлығымыздың қайнар көзі. Біз оларды мектепте де, жоғары оқу орындарында да мына өзгермелі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыруымыз керек. Білім беру саласы да үнемі ұлттық сипатпен байытылып отырса, нұр үстіне нұр.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары:

Ұлт тарихындағы ұлы белес

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңадан жарық көрген еңбегі – ұлт тарихындағы жаңа бір ұлы белес, ерекше жаңалық. Бұл еңбекті оқып шыққанда қазақ халқының сан ғасырлық аңсаған арманы, неше түрлі қанды қырғындарды, аяусыз шайқастарды бастан кешіре жүріп, жетсем деген мақсат-үміті тізіліп көз алдымызға келгендей болады. Бүкіл қызметін қазақ халқының тәуелсіз ел, өркендеген ұлт болуына арнап, сол жолда құрбан болған Алаш қайраткерлерінің қайсар үні саңқылдап құлағымызға жеткен секілденеді.
Елбасымыз бүкіл қазақ халқы ежелден армандаған мақсатты, яғни ұлттық жаңғыруды қолға алып отыр. Президентіміз бұл рухани жаңғырудың жолын көрсетіп ғана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты бағыт-бағдарын да ұсынды.
Бұл ретте Елбасы ең алдымен бәсекелікке қабілетті болу мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Қазақ халқы үшін бұл – бүгінгі таңдағы ең басты шарт-талаптардың бірі. Яғни, жаңа ғасыр, жаңа заман осыған қарай тез қарқынмен зымырап, бет алып барады. Ендігі жерде кім жанталасып жақсы жұмыс істейді, кім өз мамандығын жетік меңгеріп, жаңалыққа қалай тез қол жеткізеді – соның жолы болады. Байлыққа, табысқа сол кенеледі. Сол халықтың жұлдызы оңынан туады.
Елбасының рухани жаңғырудағы алға қойған екінші маңызды бағыты – прагматизм. Кез келген халық өсіп-өркендеу үшін заман ағымына ілесіп, үнемі жаңарып, жақсы қасиеттерін жетілдіріп отыруы қажет. Бұл да Елбасы еңбегінде нақты көрсетілген. Яғни, Елбасы: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек» дейді. Соған орай, «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп атап көрсетеді. Басқаны былай қойғанда, Елбасының осы бір-екі ауыз сөзі жүзеге асатын болса, қазақ халқының бүгінгідей жұрттың бәрі білетін біраз кемшін тұстарынан арылып, ең мықты халықтардың қатарына қосылатыны анық.
Президент популистік иделогиядан абай болуды нақты ескертеді. Бұл да біз үшін өте маңызды мәселе. Өйткені бізде кейбір азаматтардың ұлтқа жанашыр болып көріну мақсатымен жүзеге аспайтын және ешқандай заңға, құқықтық шарт-талаптарға сәйкес келмейтін мәселелер көтеруі де байқалып қалады. Дүниежүзіндегі көптеген ұрыс-жанжалдар осындайдан туындап отыр. Ұлт болашағын ойлағанда бұл да есте болғаны жөн.
Мемлекет басшысы жаңа еңбегінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне де нақты тоқталады. Бұл ретте мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылармен әдеттерден арылу мәселесіне де нақты көңіл бөледі. Яғни, әр адам жершілдік сияқты кенже қалған түсініктен біржолата құтылып, біртұтас ұлттың перзенті болуға тиіс деп атап көрсетеді.
Елбасының бұл еңбегі – тек Қазақстан халқына ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазаққа ортақ бағдарлама. Осыған орай, биылғы жылдың маусым айында Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайының өтетінін де айта кеткеніміз жөн. Елбасының жаңа еңбегі осы құрылтайда да жан-жақты сөз болатыны анық.


Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Президент және Халық» газетінің бас редакторы:

Даму бағытымыз өрілген өзекті мақала

– Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласын әлденеше рет оқып, мұқият танысып шықтым. Маған ең алдымен ой салғаны және ұнағаны – мақаладағы «рухани жаңғыру» деген сөздің қолданылуы болды. Әдетте, елімізде экономикалық жаңғыру жиі айтылады. Қазақстан басшысының таяуда халыққа арнаған Жолдауындағы үшінші жаңғыруда еліміздің алдағы уақытта қай бағытта дамуы және қандай іс-шараларды жүзеге асыруыз қажеттігі жан-жақты бағдарланғаны белгілі. Елбасы мақаласында еліміз тұрғындарын рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар жасауға талпынуға бағыт-бағдар сілтейді. Рухани жаңғыру – еліміз үшін маңызы зор үлкен жаңалық.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында маған терең ой салған тағы бір мәселе – ұлттық сана туралы айтылған аса маңызды ой-пікірлер. Әлі есімде, осыдан біраз жыл бұрын қазақстандық ұлт деген мәселе көтеріліп, бұл қазақтың барша зиялы қауымын елең еткізген. Сөйтіп, олар мұндай пайымдаудың дұрыс еместігін сан мәрте дәлелдеп жатып, ақыр соңы бұдан бас тартқанбыз. Мысалы, Елбасы өзінің осы мақаласында ұлттық сана туралы айта келіп, «таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған дайын болуымыз керек» деп алдағы жылдардағы іргелі өзгерістерге әрбір адамның дайын болуы қажеттігін жан-жақты түсіндіреді. Сондай-ақ Елбасы таяу жылдарда ел алдында тұрған асқаралы міндеттерге тоқтала келіп, «2017 жылдың аяғына дейін ғалым­дардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауымыз керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп алда тұрған басты мақсатты айқындап та берді. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды бәрін де латын қарпімен шығара бастау қажеттігін өзекті де басты міндет ретінде алға қойып отыр. Еліміз дамуында маңызы орасан зор мұндай жаңалықтың тек қазақстандықтарды ғана емес, жұмыр бетіндегі 18 миллион мұсылман қауымын орасан зор қуанышқа бөлейтіні ақиқат. Өйткені кирилицадан латын әліпбиіне көшу әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан барша мұсылмандарды барынша жақындастыра түседі.
Сондықтан да латын әліпбиіне көшудің маңызы мен мәні айрықша. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз еліміздің даму бағыты өрілген өзекті мақала екені даусыз.


Смағұл ЕЛУБАЕВ:
жазушы:

Ұлтын сүйген ұлдың жүрек лүпілі сезіледі

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен бір серпіліс, қуаныш үстінде отырмын. Себебі, осы мақалада көтерілген рухани мә­селелер – сонау 1986 жылғы жариялылықтан бері айтылып келген, толғағы жеткен дүниелер болатын. Бұл – қарапайым мақала ғана емес, қазақ халқының рухани құндылықтарын қалыпқа түсіру, түгендеу, саралау, заман талабын ескере отырып тура жолға қою және дамытуға арналған бағдарламалық құжат деуге толық негіз бар.
Осынау бағдарламалық мақалада қазіргі уақыттағы ұлттық сана, таяу жылдардағы міндеттерге қатысты бірқатар мәселелер айтылды. Соның ішінде еліміздің жарқын болашақта латын әліпбиіне көшуі хақында біраз түйінін тарқатар түйткілді дүниелер көтерілді. Мемлекетіміздің түптің түбінде латын әліпбиіне көшетіні анық. Қазақ халқы өзінің тарихында үш рет әліпбиін ауыстырды. Бір кездегі қаншама жыл қолданып келген араб қарпінен кириллицаға ауыстырған тұста қазақ халқы мыңдаған тарихи, әдеби құжаттардан қол үзіп қалды. Бұл – халықтың тарихи жадын бұзу мақсатындағы отаршыл жүйенің ойлап тапқан шаруасы болатын. Дәл қазіргі уақытта да әліпби ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Осыған орай, «соңғы жүз жылда кирилл қарпінде жазылған әдеби мұраларымыздан ажырап қалмаймыз ба?» дейтін алаңдаушылықтың болуы заңды. Бұл проблеманы болдырмау үшін не істемек керек? Ол үшін мектеп қабырғасындағы оқушылар, білім ордаларын аяқтайтын түлектер жаңадан еңгізілгелі отырған латын әліпбиін де, кириллицаны да қатар алып жүруі қажет. Өскелең ұрпақ мектеп бағдарламасында екі қаріп­пен де сауат ашып, оқып, жаза алатын деңгейде болғаны маңызды. Өйткені кириллицада қазақ мәдениетінің айнасы боларлық әдебиеті жасалды. ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болғаны айқын.
Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында бұдан өзге де бірқатар мәселелер айтылды. Еліміздің ана тілі, тарихы, ұлттық дәстүрі мен құндылықтары, ұлттың жадына қатысты айтылған салиқалы пікірлер көптен бері жұртты алаңдатып келген дүниелер болатын. Енді сол мәселелердің Елбасы сөзімен айтылғаны – ұлт үшін құнды жауһарларымыздың ресми түрде мемлекеттік деңгейде қорғалатынының белгісі іспеттес.
Елбасының бұл мақаласында ұлтын сүйген ұлдың жүрек лүпілі сезіледі. Оның тарихына, тіліне, діліне, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүріне деген шын махаббаты көрінеді. Ендігі кезекте осынау мақала – тек мақала емес, біз көптен күткен мәдени саладағы үлкен мемлекеттік бағдарламаны қалыптастырса деймін. Сол бағдарлама арқылы мәдени-идеологиялық, рухани жаң­ғыруымызды баянды етсек дегім келеді.


Рахымжан ОТАРБАЕВ,
жазушы-драматург:

Туған жерді түлеткен абзал

– Елбасының бүгінгі мақаласы уақытылы көтерілді әрі елге өте ұғынықты. Көптен күт­ке­німіз осындай мейір қандыратын ашық әңгіме еді. Мұнда ұлт болашағына деген аса алан­даушылықпен үлкен бастамалар баян­дал­ған. Бәрінің де баянын тілей отырып, мен бір мәселеге тоқталсам деймін.
Ол – экология!
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласында: «Тек өткен ғасырдың ортасында небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды… Түгін тартса май шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат ай­мағына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды деген».
Иә, тың игеру жылдарының трагедиясы көз алдымызда. Миллиард пұт бидай ору, оны Отан қамбасына құюдың ол кезде ұраны алды-артымызға қаратты ма? Құнарлы қара топырақты өңірдің бір бөлігі парға ұсталмай, ту-талақай жырта берген соң жер эрозиясына ұшырады. Топырақ бетіндегі бар-жоғы 10-15 см құнарлы қабаттан айырылып тындық. Қалғаны қысыр жер. Өнім бермейді. Соның кесірінен кешегі кеңес дәуірінде Арқаның біраз аудандары гектарына 7-10 центнерден артық астық жинай алмады. Бұл кезде Канадада осындай көрсеткіш 40-45 центнер еді. Салыстырып көріңіз.
Орталықтың жыртығы мен тыртығын түгендеп жүріп, топырақты тоздырғанбыз, өнімін аздырғанымыз ашық айтылды.
Разымыз!
Екінші мәселе – Арал теңізі жайлы. Ең алдымен «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп шырылдағанның бірі мен едім. Бұл апат әлі күнге жалғасып келеді. Кезінде оны құтқару үшін алуан түрлі амалдар айтылды. Нәтиже жоқ. Менің ойымша, Аралдың бағын байлаған – Әмудария өзені. Өзбек ағайындар егістік пен мақтаға суды мейлінше пайдаланды да, Әмударияның суын теңізге жеткізбей құртты. Қазірде бұл өзен суы Аралға құймайды. Халықаралық табиғи ресурстарды пайдалану туралы заңнамасында суға басында отырған ел емес, аяқта қоныс еткен ел иелік етеді деп айқын көрсетілген. Сондықтан Өзбекстанмен бұл мәселеде келелі келіссөздер керек деп білемін.


Асылы ОСМАН,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

Бәріміз игі бастамаларды құптаймыз

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласын қызыға оқыдым. Елбасының ла­тын әліпбиіне 2025 жылдан бастап көшіп, оған дейін әдістемелік дайындық жұмыстары­ның жасалатыны туралы ойларын бұрыннан қолдап келемін. Бүгінде әлем латын әліпбиінде сөйлейді. Сондықтан бәріміз бұл бастаманы құптаймыз. Елбасының Қазақстанның үшінші жаңғыруына байланысты келелі ойларын қолдай келе, оны жүзеге асырудың бір жолы бәсекеге қабілеттілікте дер едім. Бәсекеге қабілетті болу үшін білімді болумен қатар, дұрыс тәрбие алу керек. Тәрбиесіз бі­лім – сусыз диірмен. Сондықтан тәрбие мен білімді қатар жүргізуіміз қажет.
Елбасы көптеген маңызды мәселені көтеріп келеді. Көтерген мәселенің барлығы дұрыс. Бірақ сол айтылған жоба-жоспарларды жүзеге асыра алмай жатқанымызға өзіміз кінәліміз.
Бұл мақалада сананың ашықтығы мен кәсіпке адалдық, білімге ұмтылыс та айтылды. Шындықтың шамы дарияның астында да жанады. Шын жүрекке тұсау жоқ: қай істе де ашықтық пен адалдық керек. Абайдың «Адалдыққа еш нәрсе жетпейді» деп айтқан сөзі бар. Біздің елімізге, жерімізге деген адалдығымыз, ұлтымызға деген сүйіспеншілігіміз арта беруі керек. Ешқашан да ақша қумауымыз, елдің имандылығын, татулығын, тұтастығын, бірлігін ту етуіміз қажет. Құдайға шүкір, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Енді біздің алдымызда дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Ол үшін бірлік, білім мен еңбек қажет.

Бөлісу:

Пікір жазу


*