БҰЛ «БЕЙМАҒЛҰМ» МҰҒАЛІМ КІМ?

1251
0
Бөлісу:

Өткен жұмада редакциямызға өзін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі деп таныстырған орта жастағы әйел хабарласты. Газетімізде жарияланған «Шоқан –түгесілмейтін тақырып» және «Тіл білгірлері бас қосты» мақалаларындағы сөз қолданысына қатысты пікірін білдірді. Өзінің айтуынша, Алматыдағы №141 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді екен. Есімін Файзуллина Ғайнигүл деп таныстырды.

Редакциямыз оқырмандарының әр лебізі мен сынын қабылдауға қашан да даяр. Тек естісі мен есерін анықтаған жөн шығар.  Алдымен мұғалімнің «Түгесілмейтін» және «тіл білгірі» сөздеріне қатысты сынына тоқтала кетейік. Телефонның ар жағындағы кісінің сөзіне сүйенсек, қазақта «түгесілмейтін» деген сөз жоқ. Сонымен бірге, «тіл білгірі деген тіркес орынсыз қолданылған, одан гөрі мәдениеттірек жеткізуге болады» дейді. Аталған мәселе бойынша бірқатар әдебиеттерді ақтарып, бірнеше филолог мамандармен тілдестік. Мәселен, түгесілмейтін сөзінің түбірі – түгес сөзінде. Яғни, түсіндірме сөздікке жүгінсек, түгес сөзі аяқтау, бітіру мағынасында қолданылады. Демек, түгесілмейтін – бітпейтін деген мәнге ие. Одан бөлек, әдеби шығармаларды да шолып шықтық. «Солдаттардың азықтары түгесілуге жақын» (Ә.Шәріпов, «Партизан қызы»). «Мана екі құшақ баялыш жаққанбыз, бірақ аңырайған дәу бөлмеге ол кәр қылмады. Сексеуіл, көмір түгесілуге айналған» (О.Сәрсенбаев, «Жиде гүлдегенде»). Көріп отырғандарыңыздай, зиялы қауым бұл сөзді жиі қолданады. Әрі мақаланың жанры сұхбат, сұхбат берушінің журналист-жазушы, «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы, белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы екендігін де ескеру қажет. Оның сөз қолданысына қатысты қандай күмән келтіруге болады? Екінші мәселе – тіл білгірі тіркесіне келсек. «Білгір» сөзінің мағынасы – көп білетін, яки жақсы білетін, білімді адам. Бұл сөзді талдап көрсек, білгір сөзі етістіктен сын есім жасайтын – гір жұрнағының көмегімен туындаған. Демек, қолданысы дұрыс. Одан бөлек, «Тіл білгірі» атты республикалық, облыстық көлемдегі түрлі жарыстар ондаған жылдар бойы өткізіліп келеді. Мектеп оқушыларының басын қосатын бұл жарысты ұйымдастыратын – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Егер тіркестің қолданылуы орынсыз болатын болса, еліміздің барлық педагогы сынға ілініп кеткелі тұр.

Құрметті оқырман, газет жанашырлары, бізге хабарласып, кем-кетік тұстарымызды жөндеп немесе ақжарма тілектеріңізді жолдағыларыңыз келсе, біз сіздермен байланыстамыз. Дегенмен ақ-қарасын алдымен өзіміз анықтап үйренсек екен.

P.S. Файзуллина Ғайнигүл есімді ұстазды google танымайтын болып шықты. Тіпті өзі қызмет етемін деп көрсеткен мектеп ұжымы да ондай мұғалімнің жоқтығын алға тартып  отыр.  Сонда бұл «беймағлұм» мұғалім кім? Шын мәнінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, қызмет орнын ол неге жасырады?

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*