Президент жанынан Сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылады

1083
0
Бөлісу:

Бүгін ҚР Спорт және мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алқа отырысын ҚР Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптада отандық БАҚ-та жариялаған мақаласына тоқталды. Министр бұл жобаларды жүзеге асыратын арнайы комиссия құрылатындығын алға тартты.

«Елбасы өз мақаласында сананы жаңғыртудың нақты 6 жобасын ұсынды:

1. Латын әліпбиіне көшу;

2. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық;

3. «Туған жер» бағдарламасы;

4. «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары»;

5. «Жаһандағы Қазақстанның заманауи мәдениеті»;

6. «Қазақстандағы 100 жаңа есім».

«Мәдениет және спорт министрлігі – осы жобалардың негізі орындаушысы. Президент жанынан Сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ, әр жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады. Жалпы бізді алдағы уақытта үлкен жұмыс күтіп тұр. Сіздер де осы жобаға атсалысасыздар», – деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысы қазақ әліпбиін латынға көшіру бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігімен алдағы уақытта тығыз жұмыс жүргізілетіндігін алға тартты.

«Қазақ әліпбиін біртіндеп латынға көшіру мақсатын жүзеге асыру үшін біз ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Қашан өтетініміз белгілі. Комитет (Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті – автор) қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесі бойынша жалпыұлттық талқылау өткізу үшін кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», – деп түйіндеді сөзін Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*