ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТУ – ҚАСТЕРЛІ ІС

1293
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласы қазақ қоғамына сілкініс әкелгені сөзсіз. «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деді Елбасы.
Ұлтына ұлағатты сөз айтып, келешек ұрпақ үшін қандай құндылықтардың маңызды екенін атап көрсеткен Мемлекет басшысының мақаласы көкейге түрлі ой салады. Ұлттық рух қалай сақталуы тиіс? Төлтума мәдениетімізді қалай айшықтауымыз керек? Өнерімізді өрге жүргізудегі басты мұратымыз қандай болмақ? Осындай сауалдардың бәріне нақты жауап бар.
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құр­ман­ғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі ХХІ ғасырдағы қазақ халқының жас буынына қорғасындай салмақ артады.
ХХ ғасырдың басында қазақты әлемге танытқан жанның бірі – Әміре Қашаубаев. Париждің төрінде тамылжытып ән салған қазақ. 1926 жылы Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры) нөмірі бірінші актері. Әміре 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүниежүзі сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса күміс медаль алды. Ол кезде еліміздің өкілдері көрмеге қатысушы, қызықтаушы рөлінде болса, ХХІ ғасырда ЭКСПО-ыңызды тікелей ұйымдастырып, өткізуші елге айналып отыр. Айырма айтарлықтай.
ХХ ғасырда қазақты әлемге танытқан жанның бірі – Қаныш Сәтбаев. Қазақ Ғылым академиясының негізін қалаған, Қазақстан ғылымының кең өркен жаюына бірден-бір үлес қосқан азамат. Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. 1947 жылы Англияға сапар жасаған қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі
У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап берген екен. Қаныш Сәтбаев есімі зәуғайыр көктегі бір планетаға берілуінің өзі ұлы ғалымның дүние ғылымында қаншалық сыбағалы екенін аңғартса керек.
ХХ ғасырда қазақты әлемге танытқан жанның бірі – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» эпопеясы арқылы қазақ әдебиетін асқар шыңға шығарды. Осы роман-эпопея арқылы бүкіл әлем Абайдың кім екенін білді. Бедерлі уақыт биігіндегі «Абай жолы» мен Әуезов есімі қазақтың жазба әдебиетінің бастауындағы құндылық болып қалды. «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Эпопея дүниежүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.
ХХ ғасырда қазақты әлемге танытқан жанның бірі – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Халық «Күш атасы – Қажымұқан» деп құрметтеп, пір тұтқан адам. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқан бабамыз еді. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды.
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында қазақты әлемге танытқан жанның бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті. Саясатта әлемдік державалардың басшыларымен иық тірестіріп тұрған, мәмілегершілік, бітімгершілік тұрғысында кез келген елдің жетекшісін өзіне жүгінте алатын, халықаралық жиындарда қазақтың қандай халық екенін қасқайып көрсете алатын, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен тұңғыш рет қазақ үнін саңқылдатқан сарабдал саясаткер.
Қазір «Қазақстан десе – Назарбаев, Назарбаев десе – Қазақстан» деген сөздердің қатар айтылуына ешкім де таңдана қарамайды. Ердің елін танытуы – ең бір мерейлі іс. Осы тұрғыдан алғанда арғы-бергі қазақ басшыларының тарихында дәл Нұрсұлтан Назарбаевтай әлемге аты озған бірде-бір қазақ жоқ екені айдан анық.
Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейін артқа тастап, жаңа кезең – Үшінші жаңғырту заманына қадам басқан Қазақ елі танымалдығын тағы да арттырды. Оған себеп – Қытайдағы «Мен әншімін» атты ән конкурсы. Осы бір дүние дидарын жаулаған конкурста Димаш Құдайбергеннің даңқы жер жарды.
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», – деген Қазақстан Президентінің аталы сөзі әрбір қазақ баласының қаперінде тұруы тиіс!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*