Ауыл әкімдігі технологиялық жарақтандырылуда

90
0
Бөлісу:

Биылғы күз басталғанға дейін барлық ауылдың әкімдері өз өңірлерін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген жиналысында жария етілді. Отырысқа Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы тұрғысынан және Ұлт жоспарының 98-қадамын іске асыру аясында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін және коммуналдық меншігін енгізу тақырыбы арқау болды.  

Фракцияның кеңейтілген жиналысының жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Н.Годунова, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйым­дарының өкілдері шақырылды.
Отырысқа төрағалық еткен «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Г.Исимбаева бұл іс-шара 2018 жылдан бастап ауылдың төл бюджетін ендіруге меморгандардың қаншалықты дайын екенін талқылауға арналатынын еске салды. Бүгінде Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралуда. Фракция басшысы оның «маңызы ерекше» екенін атап өтті. Өйткені заң Ұлт жоспарының 98-қадамын жүзеге асыруға, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет енгізуге бағытталған.
– Елбасы биылғы жолдауында да қаржы шығысын аудандық және ауылдық деңгейге беруді тапсырды. Бұл заңды қабылдау ауылдық жердің өз қаражаты болып, туындаған мәселелерін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Қаржы жұмсаудың 19 бағытының ішінде ауылдағы жолдарды салу, жөндеу, мемлекеттік тұрғын үй қорын күтіп ұстау, елдімекендерді сумен қамтамасыз ету, ауылдық елдімекендерде тұратын оқушыларды мектепке тегін апарып-алып қайту, азаматтарды ауруханаларға жеткізу, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсету сияқты мәселелер бар. Осы қар­жыландыру бағыттары халықтың тікелей қатысуымен анықталады, – деді Гүлмира Исимбаева.
Негізгі баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін сапалы енгізу үшін «дайындық шараларының жоспары» әзірленгенін хабарлады. Қазір елімізде бюджет тек үш деңгейден тұрады, алдағы жылдан бастап Елбасы тапсырмасымен төртінші деңгей – аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және ауылдардың төл бюджеттері кезең-кезеңмен құрылмақ. Бұлардың ешқайсысында өз өкілді органы – маслихаты болмағандықтан, жыл сайын аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауыл әкімдері ұсынған бюджет жобасын аудандық мәслихат бекітіп беріп отыратын болады.
Министр Т.Сүлейменов іс-шаралар жос­парына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйым­дарға биылғы 1 маусымға дейін ауылдық округ­тердегі жылжымайтын және жылжымалы мүлік­тердің тіркелмеген нысандарын анықтау жүктелгенін айтты. Ақпарат және коммуни­кациялар вице-министрі А.Әжібаевтың ай­туынша, бұл мүліктерді тіркеудің толық шығыны азаматтарға орташа есеппен 26 мың теңгеге түспек.
Сондай-ақ жыл соңына, яғни 31 желтоқсанға дейін тексеру, өзектендіру және интеграциялау бойынша барлық қажетті шараларды жүргізу арқылы мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелері мен деректер базасының толық дайынды­ғын қамтамасыз етуге тапсырма берілген.
Бұдан басқа, ауылдық округтер әкімдері аппаратын интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін интернет провай­дерлермен кездесу өткізіліпті.
– Іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2017 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын қажетті жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Бірінші кезеңде төл бюджеті енгізілетін 1066 ауылдың 835-і 512 килобит/секундтан жоғары жылдамдықпен интернетке шыға алатыны мәлім. Бұл – қазынашылық жүйесі үздіксіз жұмыс жасауына қажетті жылдам­дық. 74 ауылдық округте «Қазақтелеком» ұлттық операторынан басқа операторлар жұмыс жасайды. Бұларда да жылдамдық талап етіл­геннен жоғары. 32 ауылдық округте интернет спутник байланыс арнасы арқылы қолжетімді, – деді министр.
Дегенмен 125 ауылда қазір интернет төмен жылдамдықта екені анықталуда. Олардың көбі негізінен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының шалғай жерлерінде орналасқан. «Ақпарат және ком­муникация министрлігімен бірге интернет провайдерлермен келіссөздер жүргіздік. Олар қорытындысында жеткізушілер спутниктік арналар орнатуға дайын екендерін, сонда жыл­дамдық 1 мегабит/секундтан төмен болмайтынын мәлімдеді. Бұл ретте абоненттік төлем ай сайын 50 мың теңгені құрайды, бұған құрылғыларды жалға алу ақысы да кіреді» деген Тимур Сүлейменов негізі, олардың стандарттық төлема­қысы шамамен 80 мың теңге болатынына назар аудартты.
Мұның сыртында министрдің мәліметі бойынша, 16 ауылдық округ тіпті компьютер құралдарымен де қамтамасыз етілмеген. Облыс әкімдіктеріне 2017 жылғы 1 қарашаға дейін бұл мәселені шешу тапсырылды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*