Шығармашылық адамы неге шыдамды?

834
0
Бөлісу:

Біз Отан күзеткен шекарашылардың, қуатты қаруларды басқару орталықтарында отыратын әскери мамандардың аз ұйықтап, көп жұмыс істейтіндігін жақсы білеміз. Олардың қатарында төтенше жағдайлар, полиция, медицина қызметкерлері де бар. Түнде тыныш ұйықтаудың орнына қолына қаламын қыстырып, өзімен өзі ой кешіп отыратын шығармашылық адамдары туралы да әңгіме айту — қызық.

Психология мен неврология шығармашылықпен айналысатын адамдардың мінездерін төртке бөліп қарастырады. AdMe.ru порталы жүргізген сауалнама шығармашылықпен айналысатын жандардың тыныс-тіршілігін барынша ашып көрсетеді.

Олар да армандайды

Иә, шын мәнінде армандау — өте пайдалы, тіпті «уақыт жоғалттым» деп өкінуге де болмайды. Көпшілігінде ойымыз басқа жақта отырғанда, жақсы идеялар бөгде жақтан келмейді.

Аспандағы бұлттарға қарап, қанша қиялдасаңыз да ойға ештеңе түспеуі мүмкін. Алайда тосын сәтте қызық бір идея миыңызды түрткілейді. Себебі, сіз армандағанда ми әртүрлі бейнелерді құрастырып, қызықты да әсерлі құбылыстар пайда болады. Сондықтан армандағаннан ешкім ұтылмайды. «Ойды ой қозғайды» демекші,  ой түбіне тереңдеген сайын адам өзін қызықтырған нәрселерді білуге ұмтылады. Бұл әрбір шығармашылық адамына тән қасиет.

Олар барлығымызды бақылайды

Шығармашылық адамдары өзін қоршаған нәрсенің бәріне қатысты жағдайларды ой елегінен өткізіп, миға сіңіреді. Қандай жағдай болса да олар ақпарат көзін таба біледі, ол болашақ идеяның негізі.

Америкалық жазушы Джоан Дидион өзімен бірге жазба кітапшасын үнемі алып жүреді екен. Қарап отырмайды, адамдар мен болған оқиғаларды қадағалап, қажеттісін қағазына түртіп алады. Осыдан-ақ қиындық пен өз ойларындағы қарама-қайшылықтарды түсінуге болады.

Олар қалаған уақытында жұмыс істейді.

Көптеген белгілі авторлар шығармашылықпен айналысудың тиімді уақыты — таңертеңгі немесе түнгі уақыт. Мысалы, жазушы Владимир Набоков қай уақытты ұйқысынан оянса, сол уақытта жаза беретін болған. Архитектор Фрэнк Ллойд Райт жұмыс істеу үшін міндетті түрде түнгі сағат үште тұратын болған. Осындай мысалдар шығармашылық адамдарының жұмыс кестесі болмайтындығын аңғартады.

Қазақ жазушыларында да қалыптасқан уақыт жоқ. Олардың бірі — түнде, енді бірі күндіз жазатын болған. Егер олардан сұхбат аларда уақытты өздері белгілесе, оған еш ренжімеу керек.

Олар жалғыздықты ұнатады

Суретшілер мен жазушылардың жеке өмірі асау өзенге ұқсас. Олар өзімен өзі жеке қалғанда көбірек жақсы ойларға беріліп, шығармашылығының бір негізін қалап алады. Психолог Скотт Барри Кауфманның ойынша  жалғыз қалған уақыт — барынша қиялдауға болатын мезгіл. «Мұндайда сіз ішкі монологыңызды үзбеуіңіз керек» дейді психолог.

Олар өмірдің өз қиындықтарын пайдаланады

Көптеген тарихшылар бірқатар әндердің қиындықтар алдан шыққанда өмірге келгенін айтады. Олар бұл сәтті катализатор және шешімнің табыларына үмітті сәт  ретінде қарайды. Психологияда бұл құбылыс «посттравматикалық синдром» деп аталады екен.  Ол адамдардың рухани өсуіне, тәжірибе алу, ең бастысы өзіне жаңа мүмкіндік алу үшін қажет деп есептейді.  «Көптеген кісілер өмір қиындықтарын алға жылжудың қайнар көзі деп біледі» дейді Кауфман.

Олар таңғалдырғанды ұнатады

Шығармашылық адамдары жаңа тәжірибелер жасау мен түйсінуді жақсы көреді. Бұл өз кезегінде рухани қозғалысты қалыптастырады.  Кауфманның айтуынша: «Жаңа тәжірибе жасау — табыс кепілі»  Құмарлық, қиялдай білу, сырты өмірді тануға деген ықылас сіздің ішкі  жандүниеңізді кеңейтеді.

Олар бақытсыздыққа да шыдайды

Қиындыққа шыдауды үйрене білу — кез келген шығармашылық адамы үшін қажетті жағдай. Мұндайда авторлар мәселені шешудің ғажайып жолдарын табуы да мүмкін.  «Талантты адамдар бақытсыздыққа жиі кездессе, аса дарындылар қиындыққа еселеп тап болады» дейді Эйнштейн туралы Forbes редакторы Стивен Котлер.

Олар маңызды сауалдар қояды

Шығармашылықпен айналысатын адамдардың бойында қызығушылық басым. Оларға өмірді зерттеу ұнайды, тіпті олар жасына қарамастан баланың сұрағын қойса таңғалуға болмайды. Сондай әңгіме барысында екі адамның бірі өзі ойлаған нәрсеге жауап табады.  Дүниеге өз көзқарастарымен қарайтын олар жаратылысты барынша сезінуге тырысады.

Олар адамдардан ләззат алады

Қаламгер немесе суретші болсын, қай-қайсысы да айналасына құмарлықпен қарайды. Сол арқылы қызықты идеялар іздейді. Мысалы, Марсель Пруст ғұмыр бойы айналасын зерттеуден шаршамаған. Сондағы ойларын қағазға түсірген қаламгер ғажап туындыларды өмірге әкелген.  Бұл көптеген жазушылар үшін аса қажетті құбылыс. Осылайша, олар адамның да жандүниесіне терең бойлайды.

Олар — тәуекелшіл

Тәуекел мен шығармашылық арасында терең әрі мағыналы байланыс бар.  Айталық, кез келген суретші өз жұмысына баға берілетіндігін біледі. Егер өзгелер тарапынан суретке құмарлық пен қызығушылық болмаса, уақыттың босқа кеткені, ақшаның да рәсуә болғаны. Мұның барлығы — сәтсіз жұмыстың жемісі.

Шығармашылықпен айналысатындар ұзақ жылдар бойына өзін таныту қамында жүреді. Ұлы Ницше өз ғұмырына өнер туындысы ретінде қараған.  Көптеген жағдайда талантты адамдардың дені өзін танытуды алдына мақсат етіп қояды.

Олар өз тілектерінің орындалуын қалайды

Барлық шығармашылық адамдары өз шешімдеріне берік келеді. Олардың табысқа жетуге деген ұмтылысы ішкі түйсіктен туындайды. Жеке таным-түсінігін де басқа арнаға бұра алады. Орынды армандай білудің өзі шығармашылықты дамытуға жол ашады екен.

Олар уақыт жоғалтады

Шығармашылық адамдары өз шегін біледі. Өз ісіне белсене кіріскенде айналасындағыларды да ұмытып кетеді. Осылайша, жоғалған қыруар уақыттың орнына өзгелердің алтын уақытын бағалай білуге үйрететін ғажайып туындылар келеді.

Олар айналасын әдемілікке бөлейді

Шығармашылықпен айналысатындар кісілер төңірегінің тамаша, таза, көрікті болғанын қалайды. Psychology of Aesthetics журналында жарияланған зерттеулерге қарағанда, олар өзгелердің де шығармашылығына қатты құмартады. Мәселен, музыкант оркестрдің бір бөлшегі дер болсақ, ол сол деңгейде қалып қоймайды. Басқа кәсіп иелерінің де шығармашылығын тамашалауға дайын тұрады. Осылайша, өзгелер байқай бермейтін құбылыстарды көреді, сезеді, соны өз туындыларында тамаша суреттеуге әзір тұрады.

Міне, шығармашылық адамдарының бойында болатын бірқатар қасиеттер. Бәрінен де олардың бойындағы төзімділікке таңғалмау мүмкін емес. Стол басында сағаттап отыратын жазушылар, ақындар, суретшілер, композиторлардің бойындағы шыдамдылық өзге кәсіп иелерінің бойында болмауы мүмкін.

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*