Қазақ-түркімен ынтымақтастығы жаңа даму деңгейіне шығады

217
0
Бөлісу:

Қазақстан мен Түркіменстан – ешқандай шекаралық проблемалары жоқ әлемдегі бірінші елдер. Кеше өзінің түркімен әріптесімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Осы күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов елімізге мемлекеттік сапармен келді. Ол биыл 12 ақпанда Түркіменстан президенті болып, үшінші мерзімге қайта сайланған.
Сонда осы жеңісімен құттықтаған Елбасы Г.Бердімұхамедовты Қазақстанға сапар жасауға шақырған болатын.
Бірден айта кетелік, бұл сапар екі елдің тарихына жазылар салтанатты рәсіммен әдіптелді: екі елдің президенттері «Қазақ­стан мен Түркіменстан арасындағы мем­лекеттік шекараны белгілеу (демарка­циялау) туралы келісімге» қол қойды. Осы­­лайша, қазақ-түркімен өз араларын­дағы шекараны шегендеуге қатысты бар­лық мәселелерді толық шешті. «Қазақстан мен Түркіменстан – шекараға қатысты түйткілді мәселелері мүлдем жоқ бірінші елдер» деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бір айта кетер жайт, жақында Өзбек­стан­ның жаңа сайланған президенті Шавкат Мирзиеев мемлекет басшысы ре­тінде өзінің бірінші тарихи сапарын Қазақ еліне арнаған болатын.
– Сайлаудан кейінгі алғашқы сапарды біздің елден бастауға шешім қабылда­ғаныңызды жоғары бағалаймыз, – деді кеше жеке жүздесу кезінде түркімендік әріптесіне қайырылған Елбасы. – Қа­зақстанды түркімен халқымен серіктестік, тату көр­шілік және бауырластық қарым-қатынас байланыстырады. Соның айқын дәлелі – мемлекеттеріміздің 25 жылдық Тәуелсіздігі жылдарында қалыптасқан, күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық мә­селелер бойын­ша өзара түсіністікке, ын­тымақ­тастыққа негізделген қатынастар, – деді ол.
Қазақстан Президенті екі ел бір-бірінің бастамаларын өзара толық қолдайтынын атап өтті.
– Достығымыздың арқасында іске асқан бірлескен ірі жобалардың бірі – Жібек жолы бағдары бойынша Қазақстан­нан Түркімен­стан арқылы Иранға тартыл­ған темір жол құрылысы. Бұл мәселе 15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» атты үлкен форумда кеңірек тал­қы­ланатын болады. Жоба маңызды бағдар ретінде қарасты­ры­луда және біздің мін­детіміз – осы келісімді мазмұндық жағынан толықтыра түсу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол әлемдік экономика мен саясат үшін қазіргідей күрделі кезде, аумалы-төкпелі шақта екіжақты қарым-қатынасты табысты дамыту үшін бүгінгі сапардың маңызды екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Г.Бердімұхамедов Қазақ­станға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Түркіменстанның әрдайым достық, тату көршілік, өзара құрмет қағидаттарын ұста­натынын және қазіргі даму кезеңінде осы ұстанымдарды басшылыққа алып, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып отыр­ғанын жеткізді:
– Ғасырлар бойы біздің ата-бабамыз қазақтармен достыққа, тату көршілікке және өзара құрметке негізделген қатынас­тардың іргесін қалаған, ұстынын нығайтқан. Біз үшін де бұл өте үлкен мән-маңызға ие. Қауіпсіздікке, қақтығыстарды бейбіт жол­мен шешуге қатысты күн тәртібінде тұрған өңір­лік және халықаралық мәселелер жө­нін­­дегі біздің көзқарасымыз Қазақстан тарапының ұстанымымен үйлеседі. Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып саналатын Қазақстанның бастама­ла­рын қолдаймыз, – деді Түркіменстан прези­денті.
Г.Бердімұхамедов сауда-экономикалық, көлік-энергетикалық және мәдени-гума­нитарлық салалардағы бірлескен жобалар­дың маңызы артып отырғанын атап өтті. Екі мемлекеттің көшбасшылары Қазақстан мен Түркіменстанның кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастығына бұл сапардың тың серпін беретініне сенім білдірді.
Көрші мемлекеттер басшыларының жеке басқосуынан кейін келіссөздер екі ел ресми делегацияларының қатысуымен, кеңейтілген құрамда жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішін­де көлік-транзит және энергетика са­лалары бойынша екіжақты ынтымақ­тастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салаларда ықпалдасудың келешегі зор екеніне назар аударды. Г.Бердімұхамедов өзінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсеріне сенім білдірді. Екі ел президенттері халықаралық саясат, екіжақты ынтымақ­тастық, өңірлік өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы байланыс мәселелерін талқылады.
– Қазақстан мен Түркіменстан ха­лықара­лық аренада оң бедел мен рейтингке ие болып келеді. Біз бейбітшілік, тұрақ­тылық және қауіпсіздік мәселелері бойынша өз ұстанымымызды тек өңірде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде БҰҰ мен ЕЫҚҰ сияқты халықаралық құрылымдармен бірге айқын­дап жүрміз, – деді Г.Бердімұхамедов.
Ақордадағы келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан мен Түркіменстан президенттері қос елдің бұқаралық ақпарат құралдары алдына шығып, мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің вице-премьерлері төрағалық ететін Экономи­калық ынтымақтастық жөніндегі үкіметара­лық комиссия екіжақты ынтымақтастықтың негізгі міндеттеріне қол жеткізуде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Қазақстан Президенті келіссөздер бары­сында тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қа­тысуына, сондай-ақ транзит-көлік сала­сындағы өзара іс-қимылға назар аударғанын атап өтті.
– «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» темір жолының іске қосылуын транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл саласындағы та­рихи оқиға деуге болады. Өзара тауар айна­лымын ұлғайту ісінде екі елдің кәсіп­керлері осы артықшылықты пайдалана білгені жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер ба­рысында су-энергетика саласы және Арал­ды құтқаруға арналған халықаралық қор қызметін жандандыру мәселесі арнайы қозғалғанына назар аударды.
– Орталық Азиядағы шекаралас өзен­дердің су ресурстары ортақ игілік болып саналатынын тағы да қуаттадық. Оларды орнымен пайдалану ондаған миллион адам­ның тағдырына әсер етеді. Биыл Аралды құтқаруға арналған халықаралық қорға төраға­лық ету міндеті Түркіменстанға көшті, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі ел президент­те­рі­­нің күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті тақырыптарды талқылағанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан Пре­зи­­дентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, марапат иесіне оны өзі табыстады.
Түркіменстан президентінің Қазақ­станға мемлекеттік сапарының қоры­тындысы бойынша бірнеше құжат қабыл­данды. Атап айтқанда, мемлекет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ ең жоғары деңгейде «Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шарт» бекітілді. Елбасы­ның айтуынша, бұл «аса маңызды келісім арқылы қазақ-түркімен ынтымақтастығы жаңа даму деңгейіне шығады».
Сондай-ақ екі елдің үкіметтері арасын­дағы «Қазақстан-Түркіменстан үкіметара­лық комиссиясы туралы келісім», «Құпия ақпа­рат­­­тарды өзара сақтау туралы келісім» рәсім­делді. Қос мемлекеттің сыртқы істер ми­нистр­ліктері «2017-2018 жылдарға арнал­ған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама» бекітті. Қаржы министрліктері «қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржылан­дыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге» қол қойды. Бұған қоса, Астана мен Ашхабад «бауырластық байланыс» орнатуға келісті, бұлар енді «бауырлас қалалар» саналады. «Атамекен» ҰКП Түркіменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтасуға уағдаласып, оны құжат жүзінде рәсімдеді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*