БАСЫМ БАҒЫТТАР АЙҚЫНДАЛДЫ 

376
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық филиалдары және департамент басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді. Жиын барысында 2016 жыл мен 2017 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сөз болды. Сондай-ақ алдағы уақыттағы партия жұмысының басым бағыттары анықталды.
Алдымен Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылы партияның негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Партия өз қызметінде, негізінен, Конституциялық реформа, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы сияқты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде, орталық пен аймақтық филиалдарда жұмыс жандана түскен.
Мемлекет басшысының еліміздің алдағы басым бағыттарын айқындап бергенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Биыл Елбасымыз халыққа үш бірдей тарихи бастамасын ұсынды. Оның біріншісі – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға арналған Конституциялық реформа. Екіншісі – Мемлекет басшысының Қазақстан экономикасын жаңа биіктерге бастайтын биылғы Жолдауы. Бұл екі бастамаға қатысты партия тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Дегенмен, аталған жұмыстар тек жылдың бірінші тоқсанына ғана тиесілі екенін естен шығармауымыз керек. Елбасының Жолдауы тұтас жылды қамтитындықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды қалған үш тоқсанда да жүйелік кестеге сәйкес жалғастыруға тиіспіз. Елбасының үшінші үлкен бастамасы – жақында ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы. Руханиятымыздың серпінді дамуына даңғыл жол ашып берген мақала 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын стратегиялық маңызы бар құжат. Сондықтан халықтың өзі ондағы бастамалардың жүзеге асуына тікелей мүдделі екендіктерін танытуда», – деді.
Елбасының барлық тың бастамаларын түсіндіруде және жүзеге асыруда нұротандықтарды халықпен етене жұмыс істеуге шақырған Мұхтар Құл-Мұхаммед әр партия мүшесі мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуы керектігін тілге тиек етті. Осыған орай өңірлерде атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова оңтүстік астанамыздағы қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы филиалдағы партия мүшелері 18 мыңға көбейген. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде тағы 1938 азамат партиялық билеттерін қолына алған. Одан бөлек, Ж.Омарбекова депутаттық фракцияның қызметі, партиялық жобалар бойынша жүргізілген жұмыстар, қоғамдық қабылдаудың нәтижелері және тағы басқа бірқатар игі істердің нәтижесі туралы баяндады.
Жиын барысында еліміздің бірқатар аймақтарында халықты әбігерге салған су тасқыны да назардан тыс қалмады. Осыған орай Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғазиз Бекмұхамедов өңірдегі жағдай туралы баяндап берді. Сондай-ақ ол филиалдың өткен жылы атқарған жұмыстарына да тоқталып өтті.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның барлық филиалдарына су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырып: «Біз қашанда бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, кімге де болмасын қамқорлық қолын созуға дайын халықпыз. Бұл жолы да сіздерді қиындыққа тап болған отандастарымыздың жағдайына бей-жай қарамайды деп сенемін. «Нұр Отан» партиясы бұл қайырымды, сауабы мол істе көпке үлгі болуы тиіс. Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу – біздің азаматтық абзал борышымыз. Сондықтан жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жедел әрі жүйелі ұйымдастыруымыз керек», – деді.
Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы сөз алған «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты Стратегия және мониторинг департаментінің директоры Серік Сәтиев: «Аталған бағдарлама аясындағы мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін өткен жылдың соңында жаңадан үш бағдарлама қабылданды. Олар: нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Нұрлы жер», Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламалары. Осыған орай аймақтарда түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, аталған бағдарламалар бойынша анықтамалық материалдар дайындалды. Осыған орай бүгінге дейін 1 млн халықты қамтыған 17 мыңнан астам іс-шара өткізілді», – деді.
Сондай-ақ ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуға қолдау білдіру шаралары арқылы 550 мыңдай адамды қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Бұл халықтың 84 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қысқа мерзімді оқыту әдісі бойынша осы жылдың 1 сәуірінен бастап Ақтөбе мен Қостанай облыстарында және Астана қаласында тиісті жұмыстар қолға алынды. Қалған 13 аймақта енді басталады. Одан бөлек, шағын несиелендірудің қазіргі таңда қала тұрғындары үшін де қолжетімді екенін ерекше атап өткен жөн. Шағын несиелендіру сомасы 18 млн теңгеге көбейіп, жаңадан бастағандарға 85 пайыз және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін несиені кепілдендіру механизмі енгізілді. Бүгінде Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арасында үш жақты несиелік шарт жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша алға қойылған мақсаттардың бірі – ауыл шаруашылығы қауымдастығын дамыту. Қазірдің өзінде 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 қауымдастық құрылған. Алдағы уақытта осы үш жаңа бастама бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, сайлауалды бағдарламаның бағыттарына сай партиялық кураторларға оның аймақтарда іске асырылуын қатаң қадағалауды ұсынамыз», – деді С.Сәтиев.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Марат Әбсаттаров республикалық жүйелік кесте бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Бұл жөнінде ол: «Өткен жылдың шілде айынан бастап және осы жылдың бірінші тоқсанында партияның республикалық жүйелік кестесіне сай 6 млн 390 мың адамды қамтыған 71 082 іс-шара өткізілді. Оның 7819-ы орталық деңгейде болса, 63263-і аймақтарда ұйымдас­тырылды. Нәтижесінде, бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 43632 материал жария­ланды. Сондай-ақ Конституциялық реформаны, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылап, халыққа түсіндіру жұмыстарына қатысты аталған жүйелік кестеге өзгертулер енгізілді. Соған сәйкес жұмыстар жүргізілді. Осы ретте халық арасында кеңінен талқыланған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне де қатысты тиісті жұмыстар қолға алынды», – деді.
Іс-шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед саннан гөрі сапаға жұмыс істеу керектігін айтып, Орталық аппарат пен филиал басшыларына Конституциялық реформаны, Елбасы Жолдауы мен бағдарламалық мақаласын халыққа түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға партия тарапынан нақты көмек көрсету, «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысты бақылау жұмыстарын күшейту, «Жас Отан» Жастар қанатының жұмысын одан әрі жандандыру, екінші жарты жылдыққа арналған республикалық жүйелік кестені жасау, технологиялық жетістіктерді партия жұмысына тиімді пайдалану сияқты бірқатар маңызды тапсырмалар берді.

Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Өткен жылы филиалдағы партия мүшелері 2015 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға өсті. Біз үшін санмен бірге сапаның да жақсарғаны басты назарда. Бұл орайда, партия құрамындағы мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер саны азайып, бизнес өкілдері 15 мыңға өссе, ғылыми-шығармашылық өкілдері 30 мыңға жетті. Соңғы екі жылда жаңадан құрылған 100 бастауыш партия ұйымдары өз қызметін бастады.
Депутаттық фракция қызметі де жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Одан бөлек, партиялық жобалар бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы, жастар мәселесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамдық қабылдау, баспасөз құралдарымен байланыс жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Бұған филиалдың ақпараттық мобильдік қосымшасы да оң әсерін тигізуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи маңызы зор мақаласындағы тапсырмаларды түсіндіру мен жүзеге асыру бойынша 300 адамнан құралған ақпараттық-насихаттық топ белсенді жұмыс істеуде.

Ғазиз БЕКМҰХАМЕДОВ, «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Барша қазақстандықтар үшін 2017 жыл тарихи бастамалармен басталды. Соған орай Конституциялық реформа мен Президент Жолдауын халыққа түсіндіру үшін 22 үгіт-насихат тобы құрылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 500-ден астам материал жарияланып, оған жергілікті пулдан 315 спикер жұмылдырылды.
Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы басымдықтарды түсіндіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік желілердің тиімділігін атап өткен жөн.
Сонымен қатар өңірдегі су тасқынынан туған қауіптің алдын алуға қатысты жұмыстар да партия филиалының қатаң бақылауында. Осы ретте біз жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, барлық тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз.

Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*