Жүйелі жұмыс қалыптасты

587
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

Оңтүстік Қазақстан облысында 26 қалалық және аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар екі мамандырылған бөлім мен халық саны көп елдімекендерде 5 бөлімше бар. Онда тұрғындарға 1152 маман мен 134 көмекші қызмет көрсетеді.
Бұл деректер «Нұр Отан» партиясы Оң­түстік Қазақстан облыстық филиалында өткен Мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша аймақтық комиссия мәжілісінде айтылды. Жиынға партиялық комиссия мүшелері, облыстық партия филиалының қызметкерлері және бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Басқосуда «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдар­ламасының Мемлекеттік қызмет көрсету бағытында құрылған комиссия мүшеле­рінің Халыққа қызмет көрсету орталықтары тарапынан «Бір терезе» қағидасымен құжат қабылдау, халыққа қызмет көрсетуі сапа­сына талдау жүргізілді.
Жиында комиссия жетекшісі, облыс­тық мәслихат депутаты Әділхан Исабаев талдау қорытындысы бойынша ұсыныс­тарын ортаға салды.
– Халыққа қызмет көрсету орталықта­ры ғимаратының қабырғасына ілінген үлгілер мемлекеттік және орыс тілінде бірдей болуы керек. Сонымен бірге, ксеро­көшірме сынды ақылы қызметтердің ба­ғасын тұрақтандыру бойынша кәсіпкер­лермен келісім жүргізілу қажет деп ойлай­мын. Азаматтарға қызмет көрсетудің сапасын арттырып, қызметкерлердің бі­ліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру керек, – деді комиссия жетекшісі.
Өз кезегінде сөз алған Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітов қазіргі таңда жалпы тұрғындарға 546 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп жатқанын, оның 444-ін электронды үкімет порталы арқы­лы алуға болатынын жеткізді.
– Халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті облыстық ішкі істер депар­таменті, облыстық прокуратура, салық бас­қар­масы және сот орындаушылар пала­тасымен меморандумға отырған болатын. Нәтижесінде, облыс орталығындағы ХҚКО-да құқық қорғау органдары қыз­меткерлері мен сот орындаушылары ха­лыққа қызмет көрсетіп, қажетті кеңестер беруде. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтардың уақытын үнемдеп, құжаттарды жылдам рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр, – деді Е. Әлсейітов.
Комиссия мүшелері басқосуда осындай қызметтерді аудан, қалаларда да енгізіп, қолжетімділікті күшейтуді қамтамасыз етуге ұсыныс жасады.
Отырыс барысында мемлекеттік қыз­мет көрсету бойынша басқа да өзекті мә­селелер талқыланып, жергілікті қызмет көр­­сету мекемелеріне ұсыныстар жолданды.

Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*