АЛМАТЫ ЖАСТАРЫ ТАРИХИ МҰРАМЕН ТАНЫСТЫ

370
0
Бөлісу:

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін мерекелеу аясында Алматы қалалық Мәдениет басқармасы, «Нұр Отан» қалалық филиалымен бірлесіп археологиялық «Боралдай сақ қорғаны» саябақ аумағында экскурсиялық жаңа маршруттың тұсаукесерін және тарихи ескерткіш аумағында сенбілік ұйымдастырды. 
Шара барысында Алматы қаласының Мәдениет басқармасының мамандары мен «Нұр Отан» партиясының белсенділері қала жастарының өкілдерімен және акцияға қатысушылармен Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын тү­сіндіру мақсатында сұхбаттасып, пікір алысты.
– Бұл іс-шараның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана жария­лаған мақаласындағы идеяларға тікелей қатысы бар. Туған өлкенің тарихын білу және құрметтеу, оның мәдени құндылық­тары мен игіліктерін қорғау – әр азаматтың па­рызы. Бүгінгі акцияның аясында қала­мыз­дағы туризмді дамытуға өз қолдарымен үлестерін қоссын, сондай-ақ тарихи мұра­лар­дың танытуға қосылсын деген мақсатта жастарды арнайы тарттық, – дейді Алматы қалалық «Жас Отан» филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәди Ахметов.
Сондай-ақ әңгіме барысында акцияға қатысушылар бүгінгі таңда Алматы қала­сын­да 136 тарихи-мәдени ескерткіш бар екенін білді. Оның ішінде 82-сі – сәулет құ­рылыстары, 10-ы – археологиялық жа­ғынан құнды екен, қалған 44-і – монумен­талдық сипаттағы ескерткіштер. Бұл та­рихи-мәдени ескерткіштердің ішінде «Бо­ралдай сақ қорғаны» ерекше орын алады. Қорымның ұзындығы – 3 шақырым, ал ені 800 метрді құрайды. Ішінара ірі қорған­дардың биіктігі 10-14 метрге дейін жетеді, ал диаметрі 80-150 метр болады.
– Қазірдің өзінде бұл ескерткіштер кешені аумағында экскурсиялар өткізіліп тұрады. Болашақта бұл жерде ашық аспан астындағы археологиялық саябақ жасауды ұсынып отыр, – дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бас маманы Мағжан Саматұлы.
Іс-шарадан кейін болған ұзақ әңгіме-дүкен барысында экскурцияға қатысушылар біздің Отанымыздың тарихы мен мәдени мұрасына қанығып, білімдерін толықтырды. Барлық қатысушыларға сыйлық ретінде кітаптар тапсырылды. Бұл кітапты оқыған жас­тардың ұлттық санасы нығаяды, әрбір жастың бойына патриотизм сезімі ұялайды деп санайды шараны ұйымдастырушылар.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*