Жеңгемнің жаны жаздай

892
0
Бөлісу:

Өмір дегеніңіз асу-асу бел екен. Уақыттың қалай зырғып ағып жатқа­нын байқамай да қаласыз. Нұрбану жеңгемнің жетпіс беске келіп қалғанын, туған күні жақындағанда ойлап жатыр­мыз. Есіңе қай-қайдағы түседі. Алғаш келін болып, әулетіміздің босағасын аттағанда қандай еді, Нұрбану! Ажарлы, нұрлы, инабатты қалпы осы күнге шейін көз алдымда. Есен ағам 1966 жылы үйленді. «Келін қай жақтан екен?» десіп үлкендер білгісі келеді. Сол кездегі Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданындағы Балқаш көлінің жағасында дүниеге келген екен. Ол уақытта 22 сәуір – Лениннің туған күні, жеңгем де 1942 жылы, дәл сол күн туған екен. Бөрлітөбе ауданындағы Мұқан Төлебаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң, 1960 жылы Алматы шет тілдер институтына түседі. 1964 жылы ағылшын тілінің мұғалімі дипломын алып шықты. Оқу бітірген соң институт жолдамасымен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үңгіртас ауылындағы мектеп-интер­натта ағылшын тілінің оқыту­шысы болып жұмысқа орна­ласады. Екі жыл абыройлы қызмет істейді. Тағдыр табыстырып, Есен ағам екеуі шаңырақ көтерді. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылындағы №159 қазақ орта мекте­бінде зейнет­керлік­ке шыққанға дейін ұзақ жыл жемісті еңбек етті.
Бүгінгі таңда Нұрбану Шатанова – үш ер бала, бір қыз баланы өмірге әкеліп, олардан 12 немере сүйіп отырған ардақты ана. Зейнетке шыққан­нан бергі уақытта бар білгенін ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатыр.
Ағылшын пәнінің мұғалімі ретінде Нұрбану Түсіпбекқызы талай шәкірт тәр­бие­леді. Олардың көбісі тәуелсіз Қазақ елінің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ағылшын тілін меңгеруге баса назар ау­дары­лыпты. «Шіркін, біздің Нұрбанудың заманы енді туды-ау» деп те жатырмыз.
Жеңгеміздің жаны жаздай: Қашан да бір қалыпты жымиып, күлімсіреп қана отырады, ағайын-туыстар орта­сында ардақты, бір әулеттің анасы, ұрпағының панасы. Алла әлі де ұзақ ғұмыр берсін, ұрпағымен мың жасасын деп тілейміз. Құранда да айтылған «шәкірт оқытқан, жол салған, игілікті іс жаса­ғандарға Жаратқанның жеңілдігі бар» деп. Сол айтқандай, жең­гемнің өзі отыр­ған қара шаңырақта қалқайып аман отыр­ғанының өзі бір бақыт.
Сейдомар ЕРМЕКБАЕВ,
Ішкі істер саласының ардагері

Бөлісу:

Пікір жазу


*