Светлана АЙТБАЕВА: Баршаңыздан сақ болуды сұраймын!

8121
0
Бөлісу:

Газетіміздің бүгінгі нөмірінде жарияланған «Мақсатым – өнер жолы» атты Димаш Құдайбергеннің сұхбатына байланысты әншінің анасы пікірін білдірді.

 Светлана АЙТБАЕВА, Димаштың анасы:

I am a singer жобасының финалы біткенімен, келісім-шарт уақыты әзір біткен жоқ. Себебі алдағы уақытта, яғни 22 сәуірде гала-концерті өтеді. Содан кейін барып Димаш Қазақстанға оралады.

Бүгінде Димаштың атынан фейк-аккаунт ашып, сұхбат беретіндердің көбейіп кеткені бізді қынжылтып отыр. Әлеуметтік желідегі ресми фан-клуб емес, жалған парақшалардың саны кем дегенде елуге жуық. Сондықтан баршаңыздан сақ болуды сұраймын!

Осы күнге дейін Димаш өзінің мәдениетін, білімін, қандай екендігі сұхбаттары мен жазбаларында көрсетті. Сондықтан күдіктеніп, күмәнмен қарауларыңызды сұраймын. Мәселен «Айқын» газетіне берілген сұхбатта ол адамның Димаш емес екендігі көрініп тұр. Барлық журналистерге айтарым – тексеріп алса, бет-жүзін көрмей, сұхбат жасамаса екен. Біз барлық БАҚ үшін ашықпыз. Маған кез келген адам хабарласып, сұхбаттаса алады. Республикалық БАҚ-қа, соның ішінде «Айқын» газетіне біз үнемі қуана келісеміз. Керісінше, журналистермен бірлесіп, жұмыс жасауымыз қажет. Димаштың әр күні әртүрлі жұмысқа толы. Ол физикалық тұрғыдан үлгермейді. Түсіністікпен қараған халыққа, журналистерге алғысымды білдіремін.

«Айқын» басылымы біздің отбасымызды ғана емес, талай өнерлі жандарды насихаттап жүр, беделді басылым. Алаяқтық жасап жүрген адамдарға нақ осы газеттің тап болғаны өкінішті. Дегенмен мұның барлығы түзелмейтін нәрсе емес. Бұл азғантай ғана қателік деп ойлаймын.

Димаштың жеңісінен кейін «Айқында» жазылған «Дүние дидарындағы Димаш» атты мақаланың тақырыбының өзі қандай! Бұл – бір ғана мақала, ал одан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей, өнер адамдарының жаңалықтарын елден бұрын жеткізіп, сүйіншілететін басылым екендігін бәрі біледі. Сондықтан газетке үлкен ризашылығымды білемін.

«Айқындықтарға» тек қана сәттілік тілейміз!

 Жадыра АҚҚАЙЫР

ФОТО: AKTOBEGAZETI.KZ

Бөлісу:

Пікір жазу


*