Меморандумға қол қойды

418
0
Бөлісу:

 «Нұр Отан» партиясы мен G-Global халықаралық хатшылық арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сөз басында партия хатшысы Фархад Қуанғанов Елбасы мақаласында рухани жаңғыруға ерекше тоқталғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы өз мақаласында қазақстандық қоғамның үшінші жаңғыруды жүзеге асыруға дайын болуының өте маңызды екеніне тоқталды. Бүгінде барлық азамат инновациялық технологияларға ашық болуы тиіс. Қазақстан 2017-2018 жылы БҰҰ қорғаныс кеңесінің мүшелігіне кірді. Қазақстан «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінің авторы атанып, БҰҰ-ның ресми құжатын алды,–  деп мәлімдеді ол.

Фархад Қуанғанов G-Global арқылы Президент ұсынған әлемдік дағдарыстан шығу жоспарын дамыған елдердің ғалымдары мен саясаткерлері қолдағанын айтып өтті.

– Бүгінгі меморандум Елбасы жобаларының ары қарайғы дамуына, жүзеге асуына үлкен қадам болмақ. Бұл құжатта біздің ортақ іс-әрекеттеріміз көрсетілген. Ең алдымен Мемлекет басшысының G-Global халықаралық жобасын  түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Халық арасындағы энергияны үнемдеу, энергиялық тиімділік пен жасыл экономиканы қолдау идеяларын дамытатын үлкен көлемдегі шаралар мен акциялар өткіземіз, –  деді партия хатшысы.

G-Global халықаралық хатшылық 2011 жылы Президент бастамасымен құрылған. Құрамына 140 елдің жетекші ғалымдары, бизнес-қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін қамтитын хатшылық өркениеттің ғаламдық міндеттерін шешу үшін әлемдік қауымдастықтың күшін біріктіріп, әлемдік экономикалық прогрессивтік даму үшін пәрменді шешімдер жасау саласында жұмыстар жүргізеді.

Хатшылық жетекшісі Серік Нөгербекұлы G-Global-дың халықаралық деңгейдегі бірқатар жетістіктерін айта келе меморандумның негізгі мәніне тоқталды.

– Біз әлемдік дағдарыстан шығуға байланысты екі үлкен конференция өткіздік. Оны БҰҰ құрамындағы 193 мемлекет қолдады. Бүгін «Нұр Отан» партиясымен ғылыми-талдамалық қорларды біріктірмекпіз. Партияның ғылыми-талдамалық қоры өте мықты. Осындағы талдаушылар мен сарапшыларды G20 жобасына қатысты ұсыныс жасауға шақырамын, – деді ол.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Фото, Советбек МАҒЗҰМОВ (фото)

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*