ӘР ӨТІНІШ ПЕН ҰСЫНЫС – ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

307
0
Бөлісу:

Халыққа қолдау көрсетіп, көмек қолын созу – «Нұр Отан» партиясының басым бағыты. Сондықтан да оған өз өтініштерін айтып келетін азаматтардың қатары қалың. Әрқайсысын жеке қабылдап, мәселесінің оң шешілуіне ықпал жасап келе жатқан партия өкілдері көптеген игі іске мұрындық болды. Осыған орай кеше «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед азаматтарды қабылдады. Іс-шара барысында ол зиялы қауым өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен, жас өнертапқыштармен және туған жерінің ертеңіне бей-жай қарамайтын бірқатар азаматтармен кездесті. Сондай-ақ бейнебайланыс және онлайн-портал арқылы еліміздің әр өңіріндегі тұрғындар да партия Төрағасының Бірінші орынбасарына өз өтініш-тілектерін тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауына келген зиялы қауым өкілдері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламалық мақаласына қатысты өз ойларын білдірді. Атап айтқанда, белгілі ғалым, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Қаржаубай Сартқожаұлы Мемлекет басшысының ұлт руханиятын жаңғыртуға қатыс­ты тың бастамаларын толық қолдайтынын жеткізіп, бұл тарихи жобаны тиімді жүзеге асыру туралы өз ұсыныстарын айтты.
Бағдарламалық мақаланың ел патриоттарына ерекше қуаныш сыйлап, сана-сезімін дүр сілкіндіргенін айтқан профессор: «Бұл бір күнде, бір мезетте туған дүние емес. Оны жариялау үшін Елбасымыз 25 жыл бойы ой елегінен өткізіп, әбден толғағы жеткен кезде халыққа ұсы­нып отыр. Әрине, рухани жаңғыру бағдарламасын ұсыну үлкен жауапкершілік екені белгілі. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында оған әртүрлі кедер­гілер де болды. Мәселен, кеңестік идеологиямен сусындаған халықтың саяси танымын, түйсігін өзгерту, жаңа нарықтық экономикаға бейімдей отырып, саяси идеологияны еңгізу оңай шаруа емес. Кеңестік режимнің үрейінен арылу үшін де уақыт қажет болды. Оның үстіне Одақ күйрегеннен кейін ел экономикасы әбден тұралап қалды. Сондықтан Елбасы бірінші кезекке экономиканы шығарып, ширек ғасыр бойы бұл салаға басымдық беріп келді. Нәтижесінде, бүгінде экономикалық тұрғыда етек-жеңі түзелген, еңсесі тіктелген елге айналдық. Әлем­­­нің барлық алпауыт елмен және көр­шіле­рімізбен тату қарым-қатынас орнату арқылы сенім­ге ие болдық. Соның арқасында адами капи­талдың сапасы да жаңа деңгейге көтерілді», – деді.
Мемлекет басшысы өзінің бес институционал­дық реформасында: «Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда», – деген болатын. Осы бастамаға ерекше назар аударған Қаржаубай Сартқожаұлы Елбасы сол кезде айтқан философиялық тұжы­рымын жаңа бағдарламалық мақаласында терең­детіп, оны жүзеге асыратын негізгі тетіктерді көрсетіп бергенін атап өтті. Сондай-ақ мақаланың түпкі мақсаты Қазақстан халқын біртұтас ұлт ретінде қалыптастыру, қоғамдық сананы жаңғырту және адами капиталдың сапасын арттыру екеніне тоқталған түркітанушы ғалым осы бастамаларды жүзеге асыруға қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
«Мақалада ұлттық кодты сақтау туралы нақты айтылған. Бұл ұғымды тіл, діл, дін, тарих және мәдениет сияқты рухани құндылықтарымыз құрайды. Осылар арқылы Қазақстан халқының бет-бейнесі айқындалады. Бұл ерекшеліктер бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы болуы тиіс. Сонда ғана бұқаралық сана өзгереді. Сонда ғана адами капиталдың сапасы жаңғырады, жақсарады. Сонда ғана біз біртұтас ұлт боламыз. Осы ретте Президентіміз айтқан латын әліпбиіне көшудің де маңызы зор. Себебі, әліпби дегеніміз – аса қуатты, күрделі саясат. Кезінде Көк Түрік империясы бір ғана бітіг (руна) әліпбиімен бүтін ұлысты бір тудың астына ұйыстырған. Сол алып империяның қуаты, рухы түркі халықтарын XXI ғасырға аман-есен алып келді. Демек, біз қолданғалы отырған халықаралық латын әліпбиі Қазақстан халықтарын ұйыстыратын бірден бір қару және қуатты саясат болмақ», – деген Қ.Сартқожаұлы отандық ғалым­дардың аталған бастамаларды жүзеге асыру жолында өз үлестерін қосуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар ғалым ұлтты ұйыстыратын ұйытқылардың қатарында ұлттық спорт түрлерін бұқаралық деңгейге шығару, ұлттық киімдерімізге ерекше мән беру, ұлттық этикалық озық ғұрыптарымызды бүкіл халықтық дәрежеге көтеру сияқты маңызды мәселелер бар екенін айтты. Осылайша, тарихи тамырымыздан нәр алып, ұлт болмысын даралауға болатынына айрықша назар аударды. Одан бөлек, ұлтқа байланысты кеңестік кезеңде қалыптасқан кейбір ғылыми терминдерді қайта қарауды ұсынған профессор ру-тайпалық жүйге қатысты теріс ұғымдарды өзгертетін кез жеткенін тілге тиек етті.
Қабылдауға келген ғалымдардың бірі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы Елбасының мақаласында айтылған бастамаларды толық қолдайтынын айтып: «Ұлттың рухани жаңғыруында біз Жа­пония мен Кореяның тәжіри­бесін үлгі тұтуымыз керек деп есептеймін. Мақалада Мемлекет басшысы ұлттың кежегесін кейін тартатын, тозығы жеткен әдет-ғұрыптардан арылатын кез келгенін айтты. Меніңше, бұл ретте ысырапшылық, әсіре­тойлаушылық, рушылдық пен жершілдік сияқты пайдасынан зияны көп дүниелер айтылған», – деді.
Латын әліпбиіне көшу туралы мәселеге
Т.Зәкенұлы байыппен қарауды ұсынды. Бұл жөнінде ол: «Елбасымыз жаңа әліпбиді жаратуда жазудың көркемдігіне, әріптердің мүмкіндігінше көзге қа­нық болуына және 26 әріптен тұратын клавиатураны негізге алу керектігін айтқан болатын. Бұл та­лаптарды толық қолдаймын. Үшінші өлшемге қатысты немістердің тәжірибесін пай­далануды ұсынамын. Сондай-ақ латынға көшпес бұрын ең соңғы үш нұсқаны халықтың талқысына ұсынып, солардың ішінен қолайлысын бекітсе деген өтінішім бар», – деді.
Президент мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба туралы өз ойын білдірген Т.Зәкенұлы бұл тұрғыда алды­мен Алтай мен Жетісуды сабақтастыратын, көне түркілік құндылықтарымызды орнық­тыратын бастама ретінде Өскеменде Күлтегін аллеясын, ал Жамбыл облысында Батыс Түркі қағанатының қағаны Істеми қағанның көне ордасын қайта жаңғыртып, тарихи ескерткіштер ансамблін қалыптастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Астана мен Алматыда, Тараз бен Өскеменде түркі дәуірінің даңқты қағандары мен батырларына, қолбасшыларына арналған аллеялар ашылып, онда олардың мүсіндері сомдалып, Орхон руникалық мәтіндерінің праг­менттері қашалып жазылуы керектігіне назар аударды. Осыған қатысты ол: «Бұл біздің түркі ел­дерінің арасын­дағы, тіпті бүкіл әлемдегі беделімізді көтеріп, Қазақстанның көне Түркі қағанатының заңды мұрагері екенін айқындай түседі және Қазақ­стандағы парасатты туризмді дамытуға да өз сеп­тігін тигізеді», – деді.
Президенттің әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару жөніндегі бастамасына ерекше назар аударған шығыстанушы ғалым: «Бұл істе Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония және Малайзия сияқты елдердің тәжірибелерін негізге алған орынды. Әсіресе, тұрмыс салты мен өмірлік ұстанымы ұлтымызға жақын Шығыс халықтарының оқулықтарына көбірек мән берілуі керек. Мақаланы оқу арқылы Президенттің жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдар кафедраларын қайта құру мәселесіне де айрықша көңіл бөліп отырғанын байқаймыз. Бұл да кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Осыған орайлас мәдени мұра бағытындағы жобаларды да жалғастыруымыз керек», – деді.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауында болған белгілі журналист, еліміздегі оқырманы көп қазақ тілді сайттардың бірі Abai.kz ақпараттық порталының директоры Дәурен Қуат та Елбасының бағдарламалық мақаласы идеологиялық дүние­танымды қамтыған филосо­фиялық туынды екенін айтты.
«Бұл мақала ел арасында ерекше серпін тудырып, халық оны идеологиямызды бекітіп берген басты құжат ретінде қабылдады. Дегенмен қоғам болғаннан кейін түрлі көзқарастар, пікірлердің қарама-қайшылығы да болмай тұрмайды. Мәселен, мақаладағы кейбір бастамаларға қатысты тоқсаныншы жылдарда айтылып, бүгінде әбден таптаурын болған тақырыптарды қайта қопсытып, өздерінің сыни пікірлерін ашық білдіріп жатқандар да кездеседі. Сондықтан ақпарат майданында ондай мақалаларға жедел жауап беретін жұмыстарды жүйелеуді ұсынамын. Бұл тұрғыда әлемге әйгілі ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуымыз керек деп санаймын. Өз кезегімізде біздің портал Түркия, Германия сияқты елдердегі әріптестерімізбен үнемі байланысып отыратынын жеткізгім келеді», – деген Д.Қуат Елбасының мақаласын халыққа түсіндіруде интернет кеңістігінде, соның ішінде белгілі әлеуметтік желілерде ақпараттық жұ­мыстарды күшейтуді ұсынды. Себебі, интернет – жас буынмен байланыстың басты құралы. Оның үстіне Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мен жаңа мақаласы да негізінен ел жастарына арналғаны белгілі.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстарын толық қолдап, қоғамдық сананың жаңғыруы Елбасы бастаған ауқымды саяси және экономикалық қайта құрудың негізгі өзегі екенін айтты. Сондай-ақ ол қазақтілді интернет порталдарын ұдайы бақылап отыратынын қаперге алып, осы салада тер төгіп жүрген жастардың жұмысына сәттілік тіледі. Сөз арасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғаны да назардан тыс қалмады. Осы ретте аталған комиссияның құрамында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан партия қайраткері қабылдауда айтылған ұсыныс тілектердің барлығы жаңа органның қарауына жолданатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы дамудың жаңа дәуірінде жаңғыру мен тың идеялар арқылы өз жарқын болашағымызды қалыптастыруға тарихи мүмкіндік туғанын айтты. Халықтың Елбасы мақаласының маңызын сезініп, ондағы оң бастамаларға қолдау білдіргені көңілге қуаныш ұялатады», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Қоғамдық қабылдауда қазіргі таңдағы өзекті мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, «Арқалық жылуэнергетикалық компаниясы» директорының орынбасары Асқар Кетебаев Қостанай облысының бірқатар ауылында қордаланған ауызсу мәселесін оң шешіп беруге көмек сұрады. Оның айтуынша, бүгінде облыстағы Жалғызтал, Матросов және Целинный ауылдарында бұл мәселе өзекті болып отыр. Себебі, жергілікті халық ауыз судың бір кубын 4 мың теңгеге сатып алуда.
Өз кезегінде жас та болса елдің қамын ойлаған Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты Айбек Таутен нұротандықтарды аталған аудан орталығында салынып жатқан жабық спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын бақылауға алуға шақырды. Солтүстікқазақстандық кәсіпкер Сергей Тимофеев те құрылыс жұмыстарына мемлекеттік бақылауды күшейту керектігін айтты. Оны аталған салада жұмыс істеп жүрген, алайда еш тәжірибесі және материалдық-техникалық базасы жоқ біркүн­дік компаниялардың салғырттығы алаңдатады. Қабылдау барысында осындай мәселені көтерген жас өнертапқыш, менеджер астаналық Тимур Әлиев те «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарына бұл түйткілді шешудің жолын айтып берді. Аталған мәселені шешу үшін ол «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс нысандарына онлайн-мониторинг жүргізуді ұсынды.
Есту қабілеті нашар жандардың жұмысын қамтамасыз ететін «Үнсіз әлем» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Төлепбергенова Мұхтар Құл-Мұхаммедтен Түркістан қаласында қолдан жасалған ұлттық кәдесыйлардың са­тылымын ұйымдастыруға қолдау көрсетуді сұрады. Оның ай­туынша, бұл игі іс қорға өз өндірісін айтарлықтай кеңейтуге жағдай туғызып, мүмкіндігі шектеулі мыңнан астам адамды тұрақты айлықпен қамтамасыз етпек.
Жалпы бұл қоғамдық қорға «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы және партияның Ақтау қалалық филиалы арқылы қолдау көрсетілгенін айта кетейік. Яғни, қорға Ақтау қаласынан өз кәдесыйларын дайындауға арнайы орын бөлінген.
Ақмола облысындағы мү­гедектер ерікті қоғамының төрағасы Серік Әкімбаев өз отбасы туралы әңгімелеп берді. Ол балалар үйінен 39 бүлдіршін мен жасөспірімді патронаттық тәрбиеге алған. Жүрегі кең азамат жетімдердің барлығына толыққанды отбасылық жағдай туғызу үшін өз тәжірибесін рес­публикалық деңгейде қолдануды ұсынды.
Осы ретте С.Әкімбаевтың қамқорлығына алған балалары тоғыз ұлттың өкілдері екенін ерекше атап өткен жөн. Олардан бөлек, өзінің туған бес баласы және бар. Ақмола облысының Макинск қаласында тұратын ол балаларының барлығын қазақ тілді мектепке берген, Серік Құрмашұлы өзге ұлттан болса да балалардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін мақтанышпен айтады. «Балаларым үйде тек қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті кейбірі мемлекеттік тілден өткен аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Арасында ұлттық спорт түрлерінен, соның ішінде қазақ күресінен өткен турнирлерде топ жарып, спорт шеберлігіне үміткер атанғандары да бар. Қазақ әндерінен өтетін байқауларға қатысып жүрген ұл-қыздарым да жақсы жетістіктерге жетуде», – деген азамат елімізде жетімдер үйі азайса, олардың орнын осындай отбасылық үлгідегі үйлер басса деген ұсынысын жеткізді.
Қоғамдық қабылдау кезінде бейнеконференция арқылы байланысқа шыққан павлодарлық кітапханатану магистрі Наталья Колодина елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде кітапхана мәселесінің өзекті екенін айтты. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарынан осы істе республикалық деңгейде қолдау көрсетуді сұрады. Ол қазақстандықтардың қоғамдық сана-сезімінің серпін алуына және рухани жаңғырудың басты мақсаттарының бірі болып табылатын ұлттық кодты сақтауға кітап оқудың көп көмегі тиетінін айтты.
Жамбыл облысындағы Мүгедектердің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі одақтың басшысы Руслан Төлегенов те бейнебайланыс арқылы сөз алып, партия Төрағасының Бірінші орынбасарына көзі нашар көретін мектепке дейінгі балалардың мемлекеттік сауықтыру бағдарламасымен қамтылмай қалғанын, сондай балдырғандар үшін арнайы орталықтар ашу керектігін мәлімдеп, осыған партия тарапынан қолдау болса деген ұсынысын білдірді.
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылының жас тұрғыны «Нұр Отан» партиясының ауыл мектептерін жоғары жылдамдықтағы интернет-байланысымен қам­тамасыз етуге ықпал жасауын сұрады. Шығыс Қазақстан облысының Зырянов ауданына қарасты Зубовск кентінің тұрғыны Гүлмира Толмачева аудандағы жолдардың нашар екеніне шағымданды. Айта кетейік, аталған ауданда қазіргі таңда су электр стансасы салынуда. Сондықтан бұл өңірде жол мәселесінің өзекті екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселені назарында ұстайтынын жеткізген Мұхтар Құл-Мұхаммед елімізде «Нұрлы жол» президенттік бағдарламасы бойынша жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына өте үлкен көлемде қаржы бөлінгенін, нәтижесінде Қазақстанның барлық өңірінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында да қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Онлайн-портал арқылы байланысқа шық­қандардың бірі Қостанай облысы Лисаков қаласының тұрғыны, «Ұлан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Борис Қуанов. Ол өңір жастарын осы бағытта тәрбиелеуге арналған жобасын жүзеге асыру үшін партиядан көмек сұрады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті техникалық ғылымдар факультеті деканының орынбасары Өтеген Сариев қара сүймен өндіруге бағытталған инновациялық жобасын жүзеге асыру үшін шағын зауыт ашуға қолдау керектігін айтты.
Жамбыл облысы Байзақ ауылының тұрғыны, «Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Шартықбаев «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасы аясында 6 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын қолға алған. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарына интернет арқылы хабар­ласқан ол аталған жобаның еліміздің тек бес өңірінде ғана жүргізілгенін айтып, алдағы уақытта бұл игі бастама барлық аймақта жүзеге асырылса деген ұсынысын жеткізді.
Қоғамдық қабылдау кезінде өз өтініштерімен ғана емес, партияға алғыс айту үшін де хабар­ласқандар бар. Солардың бірі – көкшетаулық Серік Жамшитов. Ол бұған дейін партияның Ақмола облыстық филиалында өткен қабылдау кезінде Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттанып, хабарсыз кеткен атасы Жамшит Атумбаевтың жерленген жерін біліп беруді сұраған болатын. Нәтижесінде партияның арқасында Ж.Атумбаевтың Ресейдің Воронеж облысындағы №118 бауырластар бейітіне жерленгені белгілі болды. Сол үшін партия басшы­лығына алғысын білдірген С.Жамшитов барша нұротандықтардың жұмысына табыс тіледі.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қабылдауға келгендердің әрқайсы­сының талап-тілектерін мұқият тыңдап, олардың бірде біреуі назардан тыс қалмайтынын айтты. Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед партия тарапына жасалған барлық өтініш міндетті түрде бірыңғай электронды жүйеге тіркелетінін, бұл өз кезегінде азаматтардың талап-тілектерінің орындалу барысы мен өзекті мәселелердің оң шешілуін қатаң қадағалауға мүмкіндік беретінін назарға алды. Сондай-ақ Орталық аппарат басшысына кеше қабылдауына келген барлық азаматтың өтініші бойынша тиісті министрліктерге хат жолдауды тапсырып, партияның облыстық филиал бас­шыларына да тиісті міндеттер жүктеді және әр талап-тілектің орындалу барысын өзі тікелей бақылауға алатынын жеткізді.
Сондай-ақ Мұхтар Абрарұлы қоғамдық қабылдау арқылы халыққа қол ұшын созу партия жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылатынын айтты. Соңғы 15 айда «Нұр Отан» партиясына халықтан келіп түскен 283 мың өтініштің 92 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 8 пайызы бойынша жұмыстар жүргізілуде және олар партияның ұдайы бақылауында.
Жалпы партиядан көмек сұрап келгендердің мәселесі оң шешімін табуы қалыпты жағдайға айналды десек, қателеспейміз. Оған көптеген мысалдар да келтіруге болады. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қабылдауында болып, оқуын жалғастыруға көмек сұраған І топтағы мүгедек, астаналық Аркадий Губарев бүгінде Қазақ технология және бизнес университеті жанындағы колледждің 3-курсында тегін білім алуда. Тіпті партияның қолдауымен шетелдің үздік оқу орындарында білім алып жүрген жастар да бар. Қызылорда қаласындағы «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының түлегі Медет Дәлі солардың қатарында. Аталған балалар ауылының директоры Лиза Сқақова да өткен жылы партия Төрағасы Бірінші орынбасарының қабылдауында болып, шәкіртіне қолдау көрсетуді сұраған болатын. Нәтижесінде, бүгінде М.Дәлі Мәскеудегі Болат және құрыш қорыту институтында білім алуда.
Бұл партия көмек қолын созған игі істердің бір парасы ғана. Соңғы үмітін партияға артып, көмек сұрап келетіндердің де саны уақыт өткен сайын өсіп отыр. Тек өткен жылдың өзінде халықтан келіп түскен өтініштер үштен бірге артқан. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл көрсеткіш ел арасында партия беделінің артқанын білдіретініне назар аударды. Сондай-ақ ол электронды қоғамдық қабылдау, партия сайты, «жедел желі», Skype бағдарламасы мен WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы байланысқандардың саны да айтарлықтай өскенін атап өтті.

Еламан ҚОҢЫР,
суретті түсірген
Рустам АМАНТАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*