Заңмен тыйым салынады

185
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесті.

Жиынға Президент Әкімшілігі бас­шысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Е.Маямеров, имамдар – К.Дүйсенбай, Н.Есмағанбет, Н.Ауысханұлы, А.Керім­бек, Т.Оспан қатысты.
Елбасы қатысушыларға арнаған сөзін­де Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, мемлекет тарапынан діни қарым-қатынастарды реттеу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
– Мемлекет бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Проблемаларға талдау жасап, осы салаға қолдау көрсететін арнаулы министрлік құрдық.
Жақында мен тарихи және рухани байлығымызды сақтай отырып, оны арт­тыру, сананы жаңғырту қажеттігі туралы мақала жарияладым. Патриотизм, Отан­ды сүю, ел ішіндегі және өңірлердегі тұ­рақтылық – біздің болашағымыз. Сол үшін біз бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық тех­ноло­гиялар дамыған дәуірде Қазақстан өзінің ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аударды.
– Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурс­тарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамы­мыздың ынты­мағын бұзуға тырысу­шылар. Хал­қымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу – бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мем­лекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр, – деді имамдарға арнаған сөзінде Елбасы.
Президент Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстана­тынын, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.
– Бүгінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында 3800 имам жұмыс істейді. Олардың жартысы діни сауатты­лықты арттыру курстарынан өткен. Алай­да мұның жеткіліксіз екенін айта кеткен жөн. Бізге осы салада жұмыс істейтін имамдар мен мамандардың білім деңгейін арттыру жайын ойластыру қажет. Оқыған имам ғана дұрыс білім бере алады. Ол өз дінін терең танып, өзге діндердің ерек­шеліктерін зерттеп, басқа да білімдерді игерген адам болуы тиіс. Имамдар ше­шендік өнерді, адам психо­логиясын меңгерген идеологтарға ай­налуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әңгіме барысында Қазақстан Прези­денті Нұр Мүбарак университетінің жұ­мысымен және оны бұдан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Елбасы жас ұрпақтың діни сауатсыз­дығына айрықша назар аударды.
– Діни сауатсыздығының нәтиже­сінде, жастарымыз сақал қойып, шал­ба­рының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді, – деді ұлт Көшбасшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мәдение­тінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәс­түрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты.
– Егер жастарымыз халқымызға жат уағыздарға ерсе, мемлекетіміздің бола­шағы не болмақ? Біз бұған жол бермейміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жар­қын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс. Біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шық­қан­дарға көне алмаймыз. Бұл – мем­лекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы халық арасындағы діни сауат­тылықтың маңыздылығын атап өтіп, имам­дардың өз қызметі барысында пат­риот­тық тәрбиеге ден қоюға тиіс екен­дігіне назар аударды.
– Нағыз мұсылманды киген киімінен емес, ішкі иманынан таниды. Кімнің жүрегінде сүйіспеншілік болса, соның иманы бар. Біз өркениетті әлемге қарай қадам басып, ғылым мен білім есігін ашуымыз қажет. XVIII-XIX ғасырларға дейін мұсылман дүниесі бүкіл әлемде көшбасшы болды. Ол ғылымның қайнар көзі, философтардың, дәрігерлер мен жазушылардың Отаны болды. Қазір біз бұл жағынан көшбасшылық орнымыздан айырылып қалдық.
Бүгінде азаматтарымыз интернет ар­қылы түрлі мәліметтер алады. Осылайша, дәстүрлі емес ағымдардың да уағызын тыңдап жүр. Ол үшін түрлі әдістер мен технологиялар қолданылуда. Біз де олар­мен күрес жүргізу үшін ақпараттық тех­нологияларды қолдануымыз керек. Қажет болған жағдайда, мемлекет Қа­зақстан Мұсылмандары діни басқар­масына қолдау көрсетуге дайын.
Мен өзімнің мақаламда «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөлдім. Ол бізге әр өңір, әр елдімекен туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Әрқай­сысымыздың жүрегімізде патриотизм бо­луға тиіс. Осы орайда өз уағызда­рыңыз­да Отанды сүю тақырыбына ай­рықша көңіл бөлулеріңізді сұраймыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы кү­рестегі өзара іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі ойларын ортаға салды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*