ҮШ АЙДА – 25 МЫҢ БАСПАНА

121
0
Бөлісу:

Қазақстанда құрылыс саласы экономикадағы көшбасшы рөлін әлі сақтап отыр. Елдің құрылыс саласы өткен жылы да даму қарқынын бәсеңдетпей, салынған инвестиция көлемі де артқан. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Астанада өткен арнайы брифингте айтты.

Комитет төрағасы салада биыл да өсім бар екенін тілге тиек етті. Нақты айтқанда, 2017 жыл­дың алғашқы үш айында құрылыс саласындағы өсім – 7,1 пайыз. Биылғы үш айда тұрғын үй құ­рылыс са­ласына 174 млрд тең­генің инвес­тициясы салы­ныпты. Жалпы алғанда, дәл осы салаға 2015 жылы – 740 млрд, 2016 жылы 830 млрд теңге инвес­тиция салын­ған. Бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй құрылысына аудары­лып жат­қан қаржы аз емес. Со­ның нәтижесінде, 2016 жылы елдегі тұрғын үй қоры 10,5 млн шаршы метрге көбейіпті. Бұл дегеніңіз – 90 мыңға жуық пәтер деген сөз. Демек, салада шы­нымен де алға басу байқалып тұр.
Әрине, халықты тұрғын үй­мен толық қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Деген­мен тек 2017 жылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер салынбақшы екен. Оның 25 мыңы мем­лекеттік инвес­тициясы есебінен салынатын көрінеді. Демек, мемлекеттік салаға жеке секторды ғана тартып отырмағанын, арнайы бағдар­ламаларды тыңғылықты орындап отырғанын көрсетеді.
Сонымен бірге, мемлекет жеке тұрғын үй салу, халықтың әлеуметтік әлсіз топта­рын қолдау тәрізді бағыттарда да нақты жұ­мыстар атқарып жатыр. «Нұрлы жер» бағ­дарламасын жүзеге асыру үшін арнайы пилоттық жоба да әзірленіпті. Жеке тұрғын үй құрылысын да­мыту үшін облыс орталықтарында жүзеге асы­рылуы тиіс пилоттық жобада біркелі сәулеттік үлгідегі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, бұл шаруаны бір ғана құрылыс салушыға беру, сонымен қатар Тұрғын үй құрылысы ком­бина­тының технологиясын қолдану арқылы тұрғын үй құ­нының қол­жетімділігін қамта­масыз ету және кезекте тұрғандар үшін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің жеңілдетілген займ­дарын беру арқылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көз­делген. Әлеу­меттік тұрғыда әлсіз деп есеп­телетін топтар үшін жалға берілетін үйлер салынбақ. «Ха­лықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқы­ғын­сыз арендалық баспана са­лынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пай­далануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушы­лардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипоте­калық несие­лен­дірудің қолжетім­ділігін арттыру көзделуде» деп атап өтті Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Қысқасы, мемлекет тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық­ты дамыта бермек ниетте. Бұл ба­ғытта түрлі жоба-жоспарлар бар­шылық. Мәселен, осы салада таяу жылдар ішінде 83 жоба іске асырылмақ. Бұл жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желі­лерінің тозуын 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, биыл сумен қамта­масыз ету үлесін қала­лар­да 2 пайызға, ауылды жерлерде 2,7 пайызға көбейту көзделіпті. Бұл дегеніңіз – ауыл­дағы үйлерге де ауызсу құбырмен келеді деген сөз. Сол сияқты қалаларда да су мәселесін түбегейлі шешпекке бел буыл­ғанын байқатады. Бір сөзбен айтқанда, халықты баспа­на­мен, сумен қамтамасыз ету, кәріз және жылыту жүйелерін жаңарту және өзге де комму­нал­дық мәселелер Үкіметтің наза­рында болмақ.
А.ІЗГІЛІК

Бөлісу:

Пікір жазу


*