Жедел жәрдем қызметі күшейтіледі

75
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар медициналық сақтандыру жобасына қатысты қарыз алу келісімін мақұлдады. Тиісті заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс төрағасы Денсаулық сақтау министріне сырқаты не жарақаты жанына батып, қиналған қазақстандықтарға жедел жәрдем көліктерінің дер уақытында көмекке келіп, ауруханаға да кешікпей жеткізуге тиістігін қадап айтты.
Жиында депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медицина­лық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Осы келісімге №1 қосымшада «жедел медициналық жәрдемді күшейту» жоспарланған.
– Біз бірінші кезекте жедел жәрдем деңгейінде өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуді көздеп отырмыз, – деді ми­нистр Е.Біртанов. – Ол үшін жедел меди­циналық көмек көрсету бойынша халықаралық стандарттар елімізде енгізіледі. Бұл ретте жедел жәрдемнің, барлық құт­қару қызметтің, емханалар мен ауруханалардың шұғыл қызметтерінің қызметкерлері жаппай соған оқытылады. Бұған қоса, санитарлық авиацияның республикалық орталығы базасында шұғыл медициналық көмектің Ұлттық үйлестіру орталығының материалдық-техникалық жарақтандырылуы күшей­тіледі.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жедел жәрдемді сан алуан қызмет көр­сетеді: олардың қатарында жедел меди­циналық жәрдемнің өңірлік қыз­меттері, Ішкі істер министрлігінің медициналық-құтқару қызметтері, трассалық медици­налық-құтқару пункттері бар. «Олардың бір-бірімен ықпалдастығы нашар. Осы­ған орай тұрақты әрі тәулік бойы жұмыс жасайтын «Ұлттық үйлестіру орталығын» құру және оны қажетті құрал-жабдық­тармен жарақтандыру қарастырылуда. Ол онлайн режимде шұғыл жағдайлардағы барлық меди­циналық көмекті қадағалап отырады» деді Елжан Біртанов.
– Әрине, мұндай бірыңғай орталық­тың құрылғаны дұрыс-ақ, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. – Әйткенмен, жедел жәрдем қызметін халықаралық стандарт­тарға сай реформалау туралы сөз қозға­ған­да, бірінші кезекте жедел жәрдем кө­ліктерінің сырқатқа жылдам келуі, қа­жетті көмекті шұғыл көрсетуі және ста­ционарға дер уақытында жеткізуі назарда болуы қажет. Жедел жәрдем стансасы да, диспетчерлік қызмет те тиісті техникалық жарақтандырылуы және жаңғыртылуы керек. GPS жүйесі ендірілгені жөн.
Денсаулық сақтау министрі дәл солай жасауға уәде етті. «Онлайн мониторинг жүргізу және жедел жәрдем көліктерін GPS мониторлармен жарақтандыру көз­делуде. Жалпы, көліктердің кешігіп келу проблемасы олардың шұғыл көмек талап етілмейтін шақыруларға тартылатынымен байланысты. Сондықтан жоба аясында Call-орталық құрылады, өңірлік сall-орталықтармен ықпалдаса отырып, олар­дың қызметін үйлестіреді. Нәтижесінде, әлгіндей шақырулар өңірлердегі емха­налар мен ауруханаларға бағытталады. Бұл жедел жәрдемнің жүктемесін азайтуға және бригадалардың босауына мүмкіндік береді» деді министр.
– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді іске асыру үшін ақпа­раттық жұмысты жоғары деңгейде өткі­зуіміз керек. Жоба бойынша бұл жұмыс бірнеше бағытта жүреді. Біріншіден, МӘМС туралы арнайы бейне және аудио­роликтарды әзірлеп, оны телеар­налар және кинотеатрлар, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы телемо­ниторлар арқылы таратамыз. Екіншіден, буклеттер, көшедегі баннерлер секілді түрлі-түрлі жарнама материалдарын жасаймыз. Үшінші бағыт аясында интер­нетте, әлеуметтік желілерде, электронды және дәстүрлі ақпарат құралдарында материалдар жарияланады, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Құжатта заемдық қаражаттар «халық үшін денсаулыққа төнер салмақты проб­лемалардан туындайтын қаржылық тәуекелдерді азайтуға да жұмсала ала­тыны» жазылған. Бұл қандай тәуекелдер? Е.Біртановтың түсіндіруінше, қаржылық тәуекелдерге «азаматтардың медици­налық жеке шығындарының бақылаусыз өсуі жатады». Ресми мәлімет бойынша, елімізде «денсаулық сақтау саласы шы­ғыс­тардағы азаматтардың жеке шығын­дарының үлесі 39 пайызға дейін жеткен». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның ұсынымы бойынша, бұл шығындар үлесі 25 пайыздан аспауы керек.
– Бұл тәуекелдерді азайту мақсатында екі тетік қарастырылуда. Біріншісі, мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) аясында емханаларда тегін дәрілермен қамтамасыз етуді кеңей­ту арқылы азаматтардың дәрі-дәрмек алуға кететін шығындарын азайтуды көз­дейді. Екіншісі, медициналық диагнос­тикалық қызметтерді қамтиды, әйтпесе, халық мемлекеттік емханалардағы кезек­ке іліге алмай, өз дертін анықтау үшін осы қызметтерді өздері сатып алуға мәжбүр. Біз оларды да медициналық сақтандыру пакетіне қоспақшымыз. Бұл азаматтарға жеке клиникалардың да диагностикалық қызметін МӘМС аясында пайдалануға мүмкіндік береді, – деді министр.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*