Су тасқынына қарсы кешенді шараларды талап етті

35
0
Бөлісу:

Жалпы отырыстарында сенаторлар үйлер мен жолдардың су астында қалуына байланысты апаттың алдын алмаған атқарушы билікті сынға алды.

Жоғарғы палатаның бір топ депутаты Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Оны әріптестері атынан депутат Марат Тағымов оқып берді. Ресми ақпаратқа сәйкес, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны 11 сәуір­ден бастап белең алды. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар елдімекендері мен жолдарды еріген қар мен мұз су басты.
«Отандастарымыз үйінен, бар жиған-тергенінен айырылды, бес мыңнан астам үй-жай құлау алдында тұр, мыңдаған қазақ­стан­дықтар осындай қиын жағдайға душар болып отыр. Жергілікті атқарушы билік пен құ­зырлы мемлекеттік органдар депутаттар алдына келіп, тасқын судың алдын алу шараларына қыруар қаржы бөлуді сұрайды және оны алады. Алайда жыл са­йын осындай жағдай қайта­ланып, су тасқы­ны кезі біз үшін үйреншікті төтенше жағдайға айналды» деп қынжылады сенаторлар.
Төтенше жағдай басталғаннан бері Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында 454 үй суға кетіп, 1379 адам көшірілген. Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам үй су астында қалу қатерінде, Ақтөбе облы­сында 500-ден астам тұрғын үй су астында қалған.
«Құзырлы мемлекеттік органдар болса, осындай жағдай Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарындағы су қоймаларына тасқын және еріген қар суы толассыз ағып келуіне байланысты елді­мекендер мен автожолдарды су басты деп қол қусырып отыр. Құзырлы органдардың жауап­ты қызметкерлері қашанғы өздерінің кәсіби біліктілігінің төмендігіне табиғатты қалқан ете береді? Олардың жауап беретін күні келе ме?» деді М.Тағымов. Сенаторлардың байла­мынша, көктемгі еріген суға байланысты апатты жағдайдың алдын алуда кешенді шаралар қабылдануға тиіс.
Сенаторлар Премьер Б.Сағынтаевтан отандастарымызды толғандырып отырған мұндай жағдай қайта орын алмас үшін Үкімет тарапынан қандай шаралар қолға алынатыны туралы ақпарат беруді сұрады.
Ел Парламенті кеше «Кейбір заңнамалық актілерге әуе кеңістігін пайдалану және авиа­ция қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жоба­сын қабылдады. Енді Елбасының қол қоюына жіберілетін бұл заңға сәйкес, ұшқыштарға жалған анықтама қағаз берген дәрігерлерді ірі көлемде айыппұлдар күтіп тұр. Инвести­циялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бектің түсіндіруінше, ауру ұшқыштарға заң­сыз түрде ұшуына ұлықсат еткен авиа­циялық медицина қызмет­керлеріне енді 100, ал бұл қылмысты қайтара жасаса 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл жазасы қолданылатын болады. Бұл қаржы түрінде шамамен 400 мың теңгеге дейін барады.
Отырыста сенаторлар Қазақстан мен Сербия арасындағы үкіметаралық халықара­лық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялады.
«Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңын депутаттар бірден екі оқылымда қабылдады. Ол бойынша қолданыстағы заңнама мәселен, «музей-қорық» деген жаңа ұғымымен толықтыры­лады, ол тарихи-мәдени мұра объектілерін және мәдени құндылықтарды сақтау, зерделеу мен көпшілікке көрсету үшін қажет екен. Заң мәдениет ұйымдары мен театрларға өз қызметіне қатысты сатып алуларын жеңіл­детуге, ал Мәдениет және спорт министрлігіне қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығарғанда оның авторларының қалама­қысын көтеруіне мүмкіндік береді.
Отырыс барысында сенаторлар депу­тат­тық сауалдарын жария етті. Сенатор М.Ал­тын­баев – авиация қауіпсіздігі, М.Бақтиярұлы – киіктерді қорғау үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігі, Н.Қылышбаев – елор­дадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен М.Горький атындағы Мемлекеттік акаде­миялық орыс драма театрына жаңа ғимараттар салу, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ұлттық театр мәртебесін беру, Ж.Ерғалиев – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Қарасай және Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешенінің жағдайы туралы мәселелер көтерді.
Депутаттық сауалында сенатор Мұхтар Алтынбаев елімізде жалғыз мемлекеттік орган өзі сертификаттап, өз қызметіне қадағалау мен бақылауды да өзі жүзеге асыратынына назар аудартты. «Азаматтық авиация саласын сертификаттау, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қадағалау және бақылау функциялары Қазақ­стан­да бір ғана органның – Азаматтық авиа­ция комитетінің қарауына жатады», – деді сенатор.
«Бұл қалыптасқан жағдай, меніңше, қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етпейді, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасауға жағдайлар мен мүмкіндіктер жасайды, соның негізінде авиациялық оқыс оқиғалардың туындау тәуекелі артып отыр. 2012 жылдан 2016 жылға дейінгі уақыт ішінде Қазақстанда 30-ден астам әуе апаттары мен оқыс оқиғалар орын алып, 85-тен аса адамның өмірін қиды, бұл сертификаттау мен қадағалау рәсімдері сапасының төмендігін көрсетеді» деген М.Алтынбаев аталған функцияларды әртүрлі ведомстволарға қайта бөлуді ұсынды.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*