Сан алуан мәселелер көтерілді

100
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, нұротандық депутаттардың бір сауалы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауына қатысты болды. Онда Мемлекет басшысы еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын.

«Нұр Отан» фракциясының мүшесі К.Мұсырман Үкімет басшысы Б.Сағын­таевтан осы міндеттің қалай орындалып жатқанын сұрады. Депутаттың айтуынша, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. «Өйткені биыл артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіс­пейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстан­дыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Өйткені бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр».
«Нұр Отан» атынан сайланған депутат Б.Тілеухан Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке жүгініп, Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесін көтерді. «Классикалық негіз, академиялық нұсқа қашаннан ғылымға іргетас болған. Жалаң түсіндіру емес, ойлануға үйрету, ізденіп тапқан білімін өмірде тұтынуға бейімдеу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Академиялық жазба­ларға сүйенбей, интернеттен мағлұмат алу және оны еш қымсынбастан кәдеге жарату проффесионализм деуге келе ме? Бұқараның соншалықты наразылығына себеп болған өз ісіне қауқарсыз жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды ма? ҰБТ-ға өрескел қателіктерді жіберген тестологтарды дисквалификацияланды ма?» деп сұрақ қойды депутат министрге.
Нұротандық депутат Б.Мамраев Премьердің назарын клиникалық зерт­теулер жүргізудің маңыздылығына аудартты. Қазақстанда түпнұсқалы дәрілік препараттарды клиникалық зерттеудің заманауи жүйелерін құру және оларды ұлттық деңгейде транспарентті тіркеу өзекті. Осыған байла­нысты депутат Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне «Клини­калық фармаколог» мамандарын даярлау бойынша оқу бағдарламасын бірлесе әзірлеуге тапсырма беруді сұрайды.
«Нұр Отан» фракциясының депутаты А.Нұркина да Премьер-министрге жүгініп, техникалық кәсіптік мамандарды даяр­лаудың маңыздылығына тоқталды. Оның мәліметінше, қазіргі уақытта 817 колледж­дің 473-і – мемлекеттік. Оларда 489 мың адамның 283 мыңы оқуда. 2017-2021 жылдар аралығында «баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы аясында кадрлар даярлауға 106,5 мың адам тартылады. Бұл ретте жыл сайын 21 мың адам қабылданып отырмақ. Депутат осы мемлекеттік колледждер жеке­шелендірілер болса, олардың қыз­мет­керлерінің материалдық және әлеу­меттік жағдайымен байланысты тә­уе­келдерді ескеруді өтінеді.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі
Қ.Қарекен вакцинациялау мәселесін маңызды деп атап, оны Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың қаперіне салды. Жыл сайын елімізде 21 жұқпалы дертке қарсы шамамен 5 миллион адам егіледі. Оның ішінде 1,3 миллион бала бар. Вакциналарды сатып алуға жыл сайын республикалық бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады. 2015 жылы – шамамен 19 млрд теңге, 2016 жылы – 24 млрд теңге, 2017 жылы – 30 млрд теңге. Алайда депутат кейінгі үш жыл ішінде орталықтандырылған түрде сатып алынатын бірқатар вакциналарды жеткізудің жүйелі түрде бұзылып келе жатқанына алаңдайды.
Нұротандық депутат С.Имашева Ин­вестициялар және даму министрі Ж.Қа­сым­бекке жүгініп, сәулет, қала құры­лысы және құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелерін көтерді. Ол жобалау және құрылыс-монтаждау қызметін лицензиялау саласының кемел еместігін айтады.
«Нұр Отан» атынан сайланған депутат С.Бычкова Үкімет басшысына дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері мен бітістіру рәсімдерін дамыту қажеттігін жеткізді. Әйтпесе, азаматтық іс жүргізу саласында жыл бойында шамамен 800 мың іс қаралады екен. Алайда соның тек 2% ғана медиация көмегімен ымыраға келеді. Өзге елдерде бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жететін көрінеді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*