Бар жақсылық – балаларға!

573
0
Бөлісу:

Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы қайырымдылық жасады. Ақтау қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылының жеткіншектеріне тәтті сыйлықтар тарту етіп, үздіктерді марапаттап, дзюдо күресінен шеберлік сабағын өткізді.

– «Жанашырлыққа жан риза» де­гендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсынып, мүмкіндігінше сыйлық жасап тұру – әрбір адамның азаматтық парызы. Бүгін отбасылық үлгідегі балалар ауылына ар­найы келіп, балалардың жағдайымен та­нысып, сыйлықтарымызды табыста­дық. Аймақ намысын облыстық, респуб­ликалық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыздың қатысуы­мен шеберлік сабағын көрсетіп, бала­лардың көңілін сергіттік, – деген облыс­тық «Жас батыр» мамандан­дырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Сындаргүл Ершорақызы, салауатты өмір салтын насихаттап, әр түрлі спорттық шараларға белсене қатысып жүрген Берекет Бай­жанов, Асқар Шопанов, Александр Мин­тагиров, Григорий Хулугуров, Сергей До­рофеевті арнайы алғыс хаттармен ма­ра­­паттап, спорттық үлгідегі киімдер тарту етті.
– Бізге арнайы келіп, алғысхат пен спорттық киімдерді тарту еткен спорт­шыларға алғыс айтамыз. Дзюдошылардың өнерін тамашалап, риза болып қалдық. Өзім футболға қатысамын. Шымкентте, Грузияда өткен жарыстарға бардым. Болашақта футболдан жеңіске жетіп, елімнің намысын әлемдік жарыстарда қорғағым келеді. Ол үшін ерінбей еңбек­тенетін боламын, – дейді Асқар Шопанов.
Бүгінгі таңда отбасылық үлгідегі бала­л­ар ауылында 3 пен 18 жас аралы­ғындағы 48 бала тәрбиеленуде. Олар мектеп формасымен және сапалы азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етілген. Өткен жылы 12 бала кәмелеттік жасқа толып, жаңа өмірге жолдама алған. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Мәди Ташовтың айтуынша, 55 бала Ақтау қалалық әкімдігінен кезек бойынша баспаналы болған.
– Қазір 48 баламыз бар, тағы екі баламен толығатын боламыз. Құжаттары дайындалып жатыр. Біздегі балалар – ағайындылар, яғни бір үйдің 2 немесе 3 баласы бар. Кәмелетке толған балалардың жағдайын да үнемі қадағалап отырамыз. Тағы бір айта кететін жағдай өткен жылы қазақ отбасылары 3 баланы, биыл 2 баланы асырап алды. Одан бөлек Қарақия ауданының азаматы ағайынды 4 орыс ұлтының баласын қамқорлығына алды. Асырап алған отбасылармен де тығыз қарым-қатынастамыз. Балалардың жағдайын біліп, үнемі хабарласып оты­рамыз, – дейді отбасылық үлгідегі бала­лар ауылының директоры Мәди Ташов.
Мұндағы балалар спортқа бейім. Көпшілігі спорттық жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Мәселен, Шолпан Хасанова Ташкентте қол күрестен өткен халықаралық жарыста чемпион атанып, облыс намысын абы­роймен қорғаған. Одан бөлек, Асқар Шопанов, Григорий Хулугуров, Берекет Байжановтар футболдан өткен жарыс­тарда жеңімпаз атанса, Сергей Дорофеев таэквондадан спорт шебері, Александр Минтагиров кір тасын көтеруден жеңім­паз. Алайда, отбасылық үлгідегі балалар ауылына спорт алаңы жетіс­пейді.
– Балаларымызға тәттілерді сыйлап, өнерлерін көрсетіп, қуанышқа кенелткен спортшыларға алғыс айтамыз. Мұндағы қамкөңіл балаларға қамқорлық, ерекше мейірім керек. Осындай игі шаралар жалғасын таба берсін деген тілектеміз. Мұнда жұмыс жасап жатқаныма биыл – 2 жыл. 4 қазақ және 3 орыс баланың тәр­биесіне жауаптымын. Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі, барлығымен тіл табысу үшін көп уақыт керек болды. Барлығының тәрбиесіне, болашағына жауапты болғандықтан, көп іздендім. Гаухарым болашақта танымал актриса болғысы ке­леді, Денисім де білімге құштар бала. Барлы­ғымыз қазақ тілінде сөйлесеміз, бауыр­малмыз, – дейді отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы №8-үйдің ана-тәрбиешісі Роза Жұмадибекова.

 

Венера МИРЛАН

Маңғыстау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*