Қарым-қатынас нығаяды

318
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестицияларды тарту, өнеркәсіпті әртараптандыру және басқа елдермен әріптестік бай­ланысты нығайту туралы тапсырмасын іске асыру аясында Жам­был облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Иран Ислам Республикасының Гилян провинциясында жұмыс са­парымен болды. Іссапар барысында аймақ басшысы Гилян про­винциясының губернаторы М.Наджафимен кездесіп, өңірлер ара­сындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда-эконо­мика­лық, рухани-мәдени байланыстарды нығайту бойынша әңгімелесті.

– Бүгін біз Сіздің шақы­руы­ңызбен өңірлер арасындағы әріптестік байланысты нығайту мақсатында тарихы терең Рәшт қаласында өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Бұл қарым-қатынас екі өңір арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге шығарады, – деген аймақ басшысы киелі Әулиеата өңірінің жағдайымен көпшілікті таныстырып өтті. Сондай-ақ, бас­қосуда кәсіпкерлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын екіжақты әріптестік жө­ніндегі меморандумға қол қо­йылды.
– Біз тиісті меморандумға қол қоя отырып, нақты салаларда қа­рым-қатынасты одан ары артты­рамыз деп ойлаймын. Ол өз кезе­гінде өңірлеріміздің бәсекеге қа­білеттілігін арттырып, әлеу­меттік-экономикалық дамуына септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, бұл кездесу Жамбыл облысы мен Гилян провинциясының арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін береді деген сенімдемін. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынасымызды одан ары арттыра түсу мақсатында, өзіңізді және гиляндық әріптестерді Жам­был облысына арнайы сапармен келуге шақырамын, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Үш күндік жұмыс сапары кезінде жамбылдық делегация Рәшт қаласындағы Шәһид Әнсари атындағы кәсіптік-техникалық оқу орталығы мен Әнзәли еркін сауда-өнеркәсіп аймағы мен айлағының жұмысымен танысып, сондай-ақ, Уылдырықты балық институты­ның, «Иран-Радитор» зауытының жұмысын көзбен көрді. Жалпы экономикалық талдау көрсет­кендей, Жамбыл облысының Иран Ислам Республикасымен тауар айналымы 2016 жылы 919 мың АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам ұлғайды. Ал оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 802,5 мың АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 780,7 мың АҚШ долларын, импорт 21,8 мың АҚШ долларын құрады. Негізі Жамбыл облысы арқылы Иранға пияз, кептірілген жасымық пен бидай экспортталса, біздің аймаққа Ираннан құрма, құры­лыста пайдаланатын заттар, ре­зеңке бұйымдары, тоқыма мате­риал­дары, шыны ыдыстар, қара металлдан әзірленген бұйымдар, радиаторлар, электр шамдар және басқа халық тұтынатын тауарлар импортталған. Сондай-ақ, Иран елінен жалпы көлемі 62,2 тоннаны құрайтын құрма, авокадо, манго, гарциния секілді жемістер жеткі­зілген. Бүгінгі күнге аймақта мақ­сарыны қайта өңдеу және оның майын өндіру бойынша «ҚазИрАгро» серіктестігімен бірлескен құны 5,7 млн АҚШ дол­ларын құрайтын жоба іске асы­рылды. 2016 жылы бұл кәсіпорын шамамен 190 млн теңгеге 600 тонна өнім өндіріп үлгерді. Бұған қоса «Меркі ет» компаниясы Иранға жылына 3 мың тоннаға дейін ірі қара және ұсақ мүйізді малдың етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бүгінгі күнге Иранға 15 тонна ет жіберілді. Сондай-ақ облыста, Халал стан­дартына сай жоғары технологиялы ет өнімдерін өндіретін «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-ы жұмы­сын бастады. Кәсіпорын бүгінде ет өнімдерін Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттауды бастады. Иран Ислам Республи­касының Гилян провинциясына жұмыс сапарымен барған делега­ция құрамында облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, басқарма, жоғары оқу орны мен бірқатар ірі, орта кәсіпорындар, шаруа қожалықтардың басшылары және Іскер әйелдер қауымдасты­ғының өкілдері бар.

Ерман ӘБДИЕВ
Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*