Терроризм мен экстремизмнің алдын алады

240
0
Бөлісу:

Елдегі және көрші мемлекеттердегі лаңкестік жағдайларға байланысты Атырау облысында терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар басталды. Бірнеше бағытқа бөлінген жұмыс жоспары бар арнаулы жұмыс тобы Атырау облысының жеті ауданын түгел қамтитын болады.

Аймақтағы құқық қорғау органдары мен білім, дін, әлеуметтік сала басқарма­лары секілді бірнеше сала өкілдерінен құрылған жұмыс тобының алғашқы сапары Жылыой ауданынан басталды. Үш тәулік бойы, арнайы топ Жылыой ауданы мен ауылдарының тұрғында­рымен, мектеп ұстаздары мен оқушылар, олардың ата-ана­ларымен және ауы­сымдық және тұрақты қызметтегі мұ­найшылармен кездесулер өткізді.
Жауапкершілікті істі қолға алған жұмыс тобын аудандарға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бастап барып, аудан активінде іс шараның мақсатын түсіндіріп, нақты шаралар бекітілді. Оның айтуынша, арнайы топ тұрғындарға ден­саулық сақтау, жұмыспен қамту, терро­ризмнің алдын алу бағыттары бойынша түсінік берді. Мемлекет бас­шысының жүр­гізіп отырған саясаты, «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамту» секілді бағдарламалары жөнінде де тұрғындар толық мәлімет ала алады.
Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовтың айтуынша, бұл шараның ауданда өтуінің маңыздылығы жоғары. Бүгінде Жылыой ауданы бойынша жұ­мысшы топтар зерделейтін нысандар анықталған.
Аудан активі алдында сөз алған Атырау облысының прокуроры Ғалым­жан Тоғыз­баев «өткен жылы терроризмнің алдын алуға бағытталған 7 бағыттан тұратын іс-шара елімізде, Ақтөбе облы­сында ұйымдастырылып, өз нәтижесін берді» деп облыстан құрылған жұмысшы топ аудандар тұрғындарымен жүздесіп, әлеуметтік жағдайларын шешуге, барлық салалар бойынша кеңес беруге дайын­дығын айтты.
Терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында құрылған ақпараттық жұмысшы топ, алғашқы күні Жылыой ауданындағы террористік тұрғыда осал нысандардың басшыларымен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. Аталған ауданда мұндай нысандардың саны – 107.
Кездесу барысында құқық қорғау мамандарынан құралған жұмысшы топ тұрғындар көп жиналатын кафе-бар, мейрамхана секілді ғимараттардың әкімшілігіне қойылатын талаптар жөнінде құлағдар етті. Заңдылыққа сәйкес, адам­дар­дың көп жиналатын жерлерінде бейне­бақылау камерасы қойылуы тиіс. Лаңкестік қаупі туған жағдайда халықты эвакуа­ция­лауға дайын болуы ғимарат иесінің жауап­кершілігінде екенін атаған топ мүшесі Аман Меңдіғалиев ғимараттың құжатта­рына да салғырттықпен қара­мауды ес­кертті.
Атырау облысында экстремизмнің алдын алу бағытында құрылған жұмысшы топ Жылыой ауданындағы «Жылыой­мұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы мен Теңіз вахталық қалашығында жұ­мыс­шылардың мәселелерін тыңдап, діни жат ағымдардың белгілерін түсін­дірді. Бұл жерлерде шетелдік азаматтар да еңбек етеді. Кездесу барысында мұнайшылар, ау­дандағы діни ахуалға байланысты кө­кейде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды.
Дін істері басқармасының өкілі Айбек Аташевтың айтуынша, діни әдебиеттерді сату да – экстремизмнің таралуының бір жолы. Тұрғындар діни кітаптарды сатып алған кезде арнайы белгіленген орын­дардан, мешіттерден, ғибадат орында­рынан алу керектігін немесе дүкендерден арнайы сараптамадан өткен кітаптарды тұтыну қажеттігін айтқан топ мүшелері, дәстүрлі дін мен жат ағым ұстанушы­лардың айырмашылығын түсіндіріп өтті.
«Сенімді құрылыс» мекемесінің қыз­меткерлерінің бірі ел арасындағы мол­да­лардың көбі садақа, қаде, жаназа дас­тархандарына белгілі бір мөлшерде ақша бермесе, шақырғанына бармай­тындығын айтып наразылық білдірді. Азаматтың айтуынша, оқиға жақында Ақтөбе қаласында болған. Жаназаға ша­қырылған молда марқұмның туыстарынан қаделердің әрқайсысына бөлек-бөлек ақша сұрап, бермесе, қатыспайтынын айтқан.
Бұл наразылыққа: «Мұсылман адам – тілімен де, ісімен де біреуге зиян тигіз­бейтінін», – айтып жауап берген теолог бұл дін қызметкерінің әрекеті еместігін айтты.
– Қазіргі кезде халық арасында молда атанып кеткен мешіт қызметкерлерінен тыс адамдар да мәселе тудырып отыр. Олар діни біліктілігі болмаса да, жаттап алған «Фатихасымен» халықтың кәдесіне араласып кетеді. Осы кісілер имамдарға көп сөз әкелуде, деген Айбек Аташев елі­мізде тілінен бал тамып, жүрегіңді жы­лытып, көзіңнен жас шығарып уағыз ай­татын дəстүрлі емес, діни ағымды наси­­хат­таушылар барын айтты.
Облыстан барған жұмысшы топтың әсіресе дін саласына қатысты кездесулері өте ширақы, қызу болды. Оның да себебі жоқ емес еді. Дін саласының сарап­шы­ларының пайымдауынша, дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылар Атырау облы­сында көп. Жергілікті дін істері басқар­масы, «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ тарапынан жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұған дейін де түсіндіру жұмыстарымен аудан-ауылдарға барып дәстүрлі діннің қасиетін айтып жүрген тиісті құрылым өкілдері бұл жолы да өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруда.
Жылыой ауданында жұртшылықпен кездескен экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмысшы топ Қазақстандағы көптеген жастардың неден адасқандығын айтып, лаң салып жүрген дәстүрлі емес діннің уағыздаушыларын атады. Слайдтар арқылы дәстүрлі дін туралы кімнің айт­қанын тыңдау керек, қандай кітаптарды оқу керектігі суреттермен көрсетілді. Дәстүрлі емес дінді насихаттаушылардың суреттерін, аты-жөндері мен олардың насихаттап жүрген кітаптарының да суреттері жұртшылыққа көрсетілді. Осы­лайша, кімнің кім екенін анықтауға бағдар берілді. Дәстүрлі дінді түсіндірген шағын бейнебаяндар көрсетілді.
Атырау облысы дін істері басқармасы өкілі және ««Ақпараттық-талдау орта­лығы» КММ-нің басшысы,теолог Айбек Аташевтың айтуынша, адасып жүріп, қайта тура жолын тапқандардың көбісі ғаламтор кеңістігінде кең тараған Дарын, Ділмұрат, Октам секілді уағызшылардың насихатын тыңдағанын айтқан. Әдетте уағыз айтушылардың көбі өздерінің есімдерін Абу Халид, Абу Мұхаммад, Абу Саид деп өзгертіп алатын көрінеді. Мұндай есімдерді Атырау облысынан да кездес­тіруге болады.
Жұмысшы топ төрт тәулік бойы Жы­лы­ой ауданындағы барлық жалпы және орта білім беретін мектептің оқушы­ла­рымен, колледж студенттерімен кез­десті. Кездесу ба­рысында көпшілік тарапынан ең көп қойылған сауал «уахаббис, сәла­фиттер де­ген кімдер, қайдан шықты, оларды қалай ажы­ратуға болады?» болды. Ақпараттық-жұ­мысшы топ барлық сауалдарға жауап бе­ріп, білмеген нәрсені намаз оқи­тындардан емес, мешіт имам­дарынан сұрауға кеңес берді.
Атырау облыстық прокуратурасының бөлім бастығы Аслан Нұрғалиевтің ай­туынша, жастар мен балалардың теріс пи­ғылды діни ағымдардың жетегінде ке­туіне интернеттің ықпалы зор болып отыр.
– Экстремизм мен терроризмнің тара­луының үш бағыты бар, – деді Аслан Нұрғалиев. – Ең біріншісі – діни әдебиет­тердің белгіленбеген жерде таратылуы. Осындай материалдарды жүйелі түрде анықтап ары қарай еліміздің аумағында таратылмауына жол бермеу мақсатында шаралар қабылданды. Жасырын орын­дарда топтасып уағыз айту, идеологиялық насихат жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік желілер арқылы жағымсыз ортаға еріп, оларға еліктеп кету де адамдардың жат ағымдардың құрығына түсуіне апарады. Біз теріс ағымға итермелейтін сайттарға жиі мониторинг жасап отырамыз. Алайда интернет – әлемдік кеңестік. Бір сайт жабылып жатса, басқа жерден ашылып отырады. Сондықтан балаларыңызға жиі көңіл бөліп, әлеуметтік желілердегі дос­тарын да бақылап тұру керек. Биылғы жыл басынан бері Атырау облысында экстре­мизм мен терроризмді насихат­тағаны үшін үш азаматқа қылмыстық іс қозғалған.
Кездесу барысында терроризм мен экстремизмді насихаттау арқылы Қыл­мыс­тық кодексте көрсетілген заңды жауап­кершіліктер түсіндірілді.
Мектептегі кездесулердегі ең қызу тартысты жүздесу мектеп формасын сақ­тауға қатысты болды. Жұмысшы топ­пен жүздескен оннан аса ата-анамен әңгі­мелесу барысында олардың Білім және ғылым министрі бұйрығына бағынғысы келмейтіндері белгілі болды.
– Мемлекеттің дін туралы саясатын, зайырлылық принциптерін түсіндіріп, дәстүрлі емес жат ағым жетегінен жас­тарды арашалау – біздің міндетіміз. Діни сауаттылықтың маңызы, соның кесірінен туындайтын келеңсіздіктер, жат діни ағымдардың жетегінде жүрген жастарды құрыққа түсіру жолдарын, олардан сақ­тану шараларын түсіндіру мақсатында жұмыс­шы топ құрылды. Осыған байла­нысты аудан-ауылдарға іссапармен шық­тық. Төрт тәулік бойы Жылыой ауданы бойынша бірнеше жерге барып, соның ішінде мек­тептерге, колледжге барып жастарға зайыр­лы мемлекеттің дәстүрлі дінінің қасиетін айтып түсіндірудеміз. Бүгін біз мектепке орамал тартып келетін қыздар­дың ата-аналарымен әңгімелестік. Кездесулеріміз қызу болды. Себебі, сол қыздардың ата-аналары тарапынан қар­сылық болуда. Теріс діни бағытты ұста­нушы бір азамат, қыз балаларға хиджаб кию – Алланың парызы екендігін айтып, Ата заңда елімізде тұратын адамның жеке мүдесіне, діни-сенім нанымына қол сұғуға болмайды деп көрсеткендігін алға тартып, мектеп формасына қатысты жар­лықты мойындаудан бас тартты. Осы жағдайды ескере отырып, өз тарапымыз­дан балала­рының құқығын шектеп, психикасына залал келтіріп отырған ата-аналарға заңды түрде шара қолдану туралы ұсыныс айттық, – дейді Айбек Асқарбекұлы.
Мектептегі жағдай – осы. Денсаулық са­ла­сында да, теріс ағымдардың «лаңы» бас­тан асып жатыр. Олар балаларына екпе егу­ден бас тартқаны аздай, әйел­деріне ора­за ұстатып отыр. Бұның ақыры ораза ұста­ған жүкті әйелдің құрсақтағы баласы­ның өлі тууына себепші болған оқиға да кез­дескен.
Сайып келгенде, осының барлығы діни сауатсыздықтан орын алып отырған жайттар.
Айтарлығы бұл жұмысшы топтың Жы­лыой ауданындағы төрт тәулік сапа­рындағы жұмыс сапарының маңыздылары. Алда әлі 6 аудан бар. Бір аудандағы төрт тәуліктегі кездесулерден түйгеніміз, діни сауаттылық әлі де төмен деңгейде. Алайда жұмысшы топтың осы іссапарларынан соң, халық арасында әлеуметтік ахуалды әлеуеттендіру, дәстүрлі дінге деген сенім нығайып, теріс ағымдарға тойтарыс берерінен үмітіміз зор.

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА
Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*