Рухани жаңғыру тұғырнамасы

130
0
Бөлісу:

Фархад ҚУАНҒАНОВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Кең резонанс туғызды

– Президент Н.Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ла­малық мақаласы қазақстандық қоғамда кең резонанс туғызды. Әлеуметтік желі­лер­дегі кең талқылау және қазақстандықтардың көптеген ой-пікірлері мен қолдауы білдірілген жаңалықтар таспалары – Елбасы бастамашы болған іргелі өзгерістердің қазіргі заман талабына сай келетіндігінің және қазақстандық қоғам тарапынан сұранысқа ие екендігінің жарқын куәсі.
Мақаласында Мемлекет басшысы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деп атап көрсетеді. Бүгінде ешбір дараланусыз әлемдегі барлық елдер бетпе-бет келіп отырған, бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер мен проблемалар үкіметтерден таптаурын емес, жаңа амал-тәсілдер мен шешімдерді, ең бастысы, қоғам мен азаматтардың жаңарулар мен өзгерістерге дайын болуын талап етеді. Әлемде болып жатқан оқиғалар көрсет­ке­­ніндей, заманауи сын-қатерлерді еңсеру мемлекеттердің бар­лығының бірдей қолынан келіп отырған жоқ.
Сондықтан ұлт Көшбасшысы ұсынған, ұлттық сананың әртүрлі полюстерін біріктіре тұтастыратын рухани жаңғыру тұғырнамасы Қазақстанның табысы мен болашақтағы ұлт Көшбасшылығы үшін айрықша мән-маңызға ие.
Рухани жаңғырудың басты мақсаттарына – халықтың бірлігін сақтауға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігіне және жұмылуына міндетті түрде қол жеткізіледі деген сенімдемін. Өйткені бұл ұлттық кодқа, қазақстандықтардың басым көпшілігінің дүниетанымының мызғымас ұстындарына сүйенеді.
Барлық замандарда қазақ қоғамындағы адамның бірегейлігі, оның адамгершіліктік негіздері, дүниетанымы «Жеті ата», «Тегі» не­­месе ата-бабаға деген құрмет, «Тіл» – ана тіл мен мәдениет, «Жер» – туған жер, «Ел» – мемлекет, ұлт секілді басты ұғымдармен айқындалған. Хромосомадағы гендер адам бейнесін түзетіні секілді, бұл кодтық ұғымдар қазақтың ұлттық бет-бейнесін, мінез-құлқын, оның әлемге деген көзқарасын, өткен және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттемелерін, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қаһарман­дығын, дәстүрлі қонақжайлылығы мен әлемге ашықты­ғын, интернационализмін, сондай-ақ қазақ қоғамының бір бөлшегіне айналған және оның рухани құндылықтарын қабылдаған барлық этностарға қатысты толеранттылығын қалыптастырды.
Елбасының сөздері ұлттық мінез-құлықтың ең нәзік те сезімтал қылын қозғады. Сондықтан да күн өткен сайын көптеген жаңа жақтастар табуда.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті барынша айқын белгілеген рухани жаңғыру жолы қазақстандықтардың әрбір жаңа ұрпағына мінез-құлқының сомдала түсуіне, жетістіктерге жетуіне жәрдем­де­серіне және Үшінші жаңғырудың дәуірлік міндеттерін шешуге септесеріне сенімдімін.


Қайрат ИЩАНОВ, Парламент Сенатының депутаты:

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ 

– Әлемдік дамуда ешкімге ұқсамайтын «қазақстандық жолымыздың» өзіндік ерекшеліктері бар екені ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында солардың бірі әрі бірегейі рухани кемелденуге бастайтын жолымыз егжей-тегжейлі жария етілді.
Ақпарат дәуірі аталатын ХХІ ғасыр бізге өзінің жеделдігімен, жүйріктігімен, өзгерістерімен бірге өзінің жаңа деңгейдегі талаптарымен келіп отыр. Таңертеңгі жаңалық түске дейін ескіріп қалатын заман адамнан білікті болумен қатар ширақ­тықты да талап етеді. Осындай күрделі уақытта мемле­кетіміздің, халқымыздың алдында рухани жаңғыруға бастайтын аса жауапты істер күтіп тұр.
Тарихи қалыптасқан біздің ұлттық дәстүрлеріміз ақпарат дәуірінде осы замандағы озық дәстүрлермен үйлесім табуы үшін қажырлылықпен еңбектенуге тура келеді. Еліміздің жоғары жетістіктерге жетуіне оның табиғи байлығы емес, адами капитал сапасы, адамдарының білімі мен бәсекеге қабілеті, оны іске асыратындай денсаулық сапасы ықпал етеді. Сондықтан әрбір отандасымыз, әрбір қазақстандық алдына үлкен мақсат қойып, табысқа жетуге ұмтылуы керек, сөйтіп ХХІ ғасырға лайықты болуы тиіс.
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттер мен «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар ұлтымызды, яғни, барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлауды көздейді.
Рухани жаңғыру жолында бізге елді елең еткізетіндей тосын жаңалық жасау емес, бабалардан мирас болған ізгі қасиеттерді қайта түлетіп, асылдарымызды ардақтап, ұлттық қазыналарымызды қастерлеп, барымызды қадірлейтін, адамзатқа игілік пен адамгершілік әкелетін алтын діңгек болған дағдылы дәстүрлерімізді өркендету міндеті тұр. Салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бен мәдени құндылықтарымыз баршаның игілігіне айналып, құрметтелуі тиіс.
Бүгінгі ұрпақ әр саладан хабардар бола отырып, өз мақсатына жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалана білуі шарт. Біздің болмысымызға тән ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалана білу өз бейнемізді танытады, мінезіміз бен мәдениетімізден хабардар етеді. Ұлттық код сипатындағы ең ізгі белгілер мен игі қасиеттерді сақтай білу – біздің ортақ парызымыз.
Дүрбелеңге толы дүниеде барлық мемлекеттер заманға сәйкес жаңғыруды қалайды. Уақыт жылдам өзгереді, ғасырлар даму ерекшеліктерімен есте қалады. Уақыт үдесінен шығу үшін жаңғыру өзімізге керек. Тарих та сонымен жасалады. Рухани жаңғыру біздің барша қазақстандықтарға жаңа міндеттер жүктейді. Біз ол биікті де бағындырамыз.


Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Бабалардың ұлттық коды

– Елбасымыздың мақаласында айтылғандай, ұлт тұтастығын сақтай отырып, өз моделімізді құрастыруымыз керек. Кеңес билігі кезінде талай ғасырдан бері келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміз үлкен қатерге ұшырады. Сол сәтте тарихымыз бен рухани қазыналарымыздан бас тартқызатын идеология орнатылып жатты. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста мәдени және рухани дәстүрлерімізді қайта жаңғырту процесі басталды. Дегенмен жылдам жылжып жатқан жаһандану дәуірінде ұлт тұтастығын жоғалтып алу қаупі жойылған жоқ. Сол себепті, рухани құндылықтарды сақтап қалу маңызды.
Халықтың тілі, тарихы, төл мәдениеті, жазба мұрасы – рухани құндылықтардың көзі. Бабаларымыздың ұлттық кодын бізге жеткізетін – қазақтың мәдени әлемі. Ол – ескі ғалымдардың жұмыстары, эпикалық мирастар, музыка, фольклор, салт-дәстүр, архитектуралық ескерткіштер. Бүгінде осылардың барлығы қайта жаңғыртылып, сақталуда. Діни фундаментализм, экстремизм мен терроризмге тек этикалық нормалар, мәдени және дәстүрлі құндылықтар ғана қарсы тұра алады. Руханият үйлесімінің арқасында Қазақстанда діни қақтығыстар, алауыздықтар жоқ.
Елбасымыз Жолдауында «Егер ұлт мәдени кодын жоғалтар болса, ұлттың өзі жоғалады» дейді. Қазақстанның мәдени ескерткіштері ауа райының қолайсыздығына байланысты бұзылып жатады. Олардың барлығын сақтап қалу үшін жедел шаралардың жасалуы міндетті. Айталық, оларды анықтау, белгілеу, инвентаризациялау, картаға белгілеу, мемлекет тарапынан қорғалатын нысандардың қатарына қосу, ғылыми-зерттеу қажет. «Қазақстан – 2050» стратегиясында тарих ғылымының басты шарасы ретінде ұлттық тарихты зерделеу, ел ішінде және шекарадан тыс жерде жатқан барлық материалдарды жинау, жүйелеу мен жіктеу жұмыстарын ұйымдастыру көрсетілген.
Аталған зерттеулер жаңа мәдени ескерткіштерді ашып, руханияттағы маңызын белгілеуге көмектеседі. Соның нәтижесінде, жаңа туристік маршрут құруға жол ашылады. Шығыстану институтында сол үшін «Қазақ халқының рухани құндылықтары: қасиетті жерлердің дәстүрлі мәдениетті сақтаудағы рөлі мен маңызы» атты жоба жасалды. Ол Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағдарламалар мен жобалармен тығыз байланысты.


Камал БҰРХАНОВ, қоғам қайраткері:

Көштен қалдырмайтын өзекті мәселелер

– Елбасы өзінің мақаласында бүгінгі күні елімізге аса қажет өзекті мәселелерді көтерді. Өйткені «Мынадай жаһандану заманында жұтылып кетпес үшін не істеуіміз керек? Өркениет көшінен қалмау үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажет?» деген мәселеде өзінің өрелі ойларымен, бастамаларымен халықпен бөлісіп отыр. Дамыған отыз елдің қатарынан табылу үшін, халықтың ынтымағы, бірлігі, жерінің тұтастығы, елдегі тұрақтылықтың қажеттігі, ол үшін жұртты ортақ идеологияға ұйыстыратын бір ілгек керектігі жақсы айтылған.
Бүгінгі күннің талабы – заманауи технологияны меңгеру, әлем тіл­дерін білу. Білімнің тереңдігі, маманның біліктілігі қажет. Яғни, қо­ғамның жаңаруы, сананың жаңаруы, заманға сай көзқарас қа­лып­тастыру – уақыт талабы. Мұнсыз ілгері басу жоқ. Елбасының сөзімен айтқанда, «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мә­дени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни, барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың та­лап­тарына даярлаудың қамы екені шындық. Өйткені алдағы уа­қытта халықтың өмір салтында, санасында үлкен өзгерістер болады. Біз соған дайын болуымыз керек.
Мақалада көтерілген тағы бір өзекті мәселе – латын әліпбиіне көшу. Рас, өркениет көшінен қалмау үшін бұл керек. Әрине, бұл сатылап алға басатын дүние. 2025 жылы толық латын әліпбиіне көшу үшін алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай мәрте айтқан. Тіпті 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясында 2025 жылы латын әліпбиіне көшеміз деп уақытты нақты белгілеп берген еді. Дайындық сол кезден басталды. Ғалымдарымыз латын әліпбиін меңгерген Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан елдеріне барды. Тәжірибемен танысты, зерттеді. Өйткені оның да өз қиындықтары бар. Еске алатын болсақ, елімізде латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. Содан бері, яғни, 77 жыл біз кириллицаны пайдаланып келдік. Енді оны қысқа уақыт ішінде ауыстыру оңай шаруа емес. Ол үшін Елбасы белгілеп берген 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығарып, сақадай сай болуымыз керек. Алдымен, биыл жылдың аяғына дейін ғалымдар, қоғам өкіл­дері ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикасы жасалмақ. Бұл – үлкен қозғалыс. Өйткені латын әліпбиін меңгеру – қазіргі заманғы технологияны, коммуникацияны меңгеру деген сөз. Ол үшін бүгінгі күннің ілімі қажет. Бұл мақсатта Елбасы әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз деп отыр. Мұны тек құптау керек.


Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, қоғам қайраткері:

Сана сілкінісі

– Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» мақаласындағы ұлттық сана ту­ралы пікірі көпшілікке ой салғандай. Ра­сында да, күн санап құбылып тұрған заманда өмір ағымына қарай икемделмесек, жаңа дә­уірдің бізге қойып отырған талаптарын меңгере алмаймыз. Сон­дықтан да Елбасы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміз – құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап көрсетті. Ұлттық кодты сақтай білу дегеніңіз – ұлттың рухани тамырын жоғалтпау деген сөз. Қазақ халқының қанына сіңген құндылықтарымызды жаңаша жаңғырта отырып, бүгінгі буынның санасына сіңіру. Озық дәстүрлердің қашан да орны бөлек. Әрине, дәстүрдің озығы мен тозығы бар, соны ескерейік деп ой салып отыр мақала. Осы мақсатта Елбасы ұлттық сананы жаңғыртудың бірнеше бағытын ұсынды.
Мәселен, бәсекелік қабілет адамдарға өзгелерден ұтымды дүние жасауға жетелесе, прагматизм – «көміліп» қалған құндылықтардың көзін ашып, оның жарқын үлгісін жарыққа шығаруға үндейді. Ұлттың бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруы да, еліміздің эволюциялық дамуы да ұлттық даму үлгісін әмбебап үлгіге алмастыра отырып, сана сілкінісін жаңғыртуға жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының бұл еңбегі болашаққа бағыт беретін, қандай жолмен дамуымызды айқындайтын құнды дүние деп санаймын.


Найля ӘЛМҰХАМЕДОВА, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың аға ғылыми қызметкері:

Әлеуметтік-экономикалық прогресс кілті

– Жаһандық конъюнктураның өзгеруі және халықаралық бәсекелестіктің шиеленісуі жағдайында Қазақстан осы жылдан бастап экономикалық және саяси жаңғырудың жолына түскен болатын. Бұл жағдайда Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгіленген рухани жаңғыруға көшу мәселесі өте уақытылы болып отыр. Сондай-ақ осы үдеріс қоғамдағы орын алып жатқан экономикалық және саяси реформалардың сәтті жүзеге асуына негіз болады.
Рухани жаңғыру ұлттық қазақстандық бірегейлікті сақтауға және қазақстандықтар санасының жаңа кезеңінің құндылықтарына ашық болуға бағыттайды.
Елбасы Н.Назарбаев мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының іске асырылуына ерекше көңіл бөлді. Бұл жобаның басты мақсаты – талантты және жұмыс істейтін салаларында үлкен жетістіктерге жеткен қазақстандықтардың тағдырлары мен өмірбаяндарын барша халыққа таныстыру. Осы жоба қоғамның назарын қазіргі заманның ірі тұлғаларына назар аударуға және олардың өмірі қазақстандықтар үшін арманына жету жолындағы бағдарға айналуына мүмкіндік береді.


Жанерке КОЧЙИГИТ, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы:

Дәуір талабына сай жаңғыру

– Соңғы онжылдықтың тарихи оқиғалары мен технологиялық прогресс адамзаттың түбегейлі жаңа тарихи дәуірдің табалдырығында тұрғанын айқын көрсетті. Алайда XVII-XIX ғасырларды қамтыған «модерн дәуірін» алмастырушы жаңа «постмодерн дәуірінің» нақты сипаттары мен бағыт-бағдарын бүгінгі ғалымдар әлі нақты ашып айта алмай отыр. Кейбір ғалымдардың тұжырымына сәйкес, бүгінгі жаһандану жағдайындағы қалыптасқан ақпараттық қоғам – «жаңа техногендік цивилизацияның» және жаңа тарихи кезеңнің басталуының көрінісі. Соңғы уақытта халықаралық ғылыми пікірталас алаңында кеңінен тараған бұл мәселелер Елбасының мемлекет те, ұлт та құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті деген тезисін растайды.
Әрі мұндай түбегейлі өзгерістер бет алған, қарқынды даму мен жаһандану үдерісінде ұлт пен мемлекет болып сақталып қалу үшін заман талабына саналы түрде бейімделу қажеттігі айдан анық.
Елбасының бастамасымен қолға алынған саяси жаңғыру мен экономикалық жаңғыру бүгінгі таңда аса өзектілікке ие болған сол заман ағымына сай бейімделуді іс жүзінде орындауға бағытталған. Алайда саналы түрде бейімделу экономикалық және саяси жаңғыруды ғана емес, сананың, дүниетанымның, ойлау үдерісі мен өмір салтының өзгеруін, ұлттық рухтың жаңғыруын талап етеді.
Белгілі тарихшы Л.Гумилев айтқандай, ұлттық рухты этностық пассионарлық күш түрінде қабылдауға болады. Тарихты, адамзат қоғамын алға қозғайтын күш – пассионар адамдар. Олар энергиясын өмірді өзгертуге, қоғамды қайта құруға арнайды. Асарымызды асап, күшіміз сарқылғандай енжарлық таныту – пассионарлық кері кетуге, тіпті ұлт ретінде сақталуымызға қауіп төндіреді. Қазақ халқы сол ұлттық рух пен пассионарлық күштің арқасында қиындықтарды мүмкіндікке айналдырып, талай белестерді бағындырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дәл сол пассионарлық күшке жаңа серпін беруге, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Ғұлама ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде: «Біз де бекер жатпалық, Осыларға таныспай. Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай», Мағжан Жұмабаевтың «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға. Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!» деген үміттері бүгінде Елбасының көшбасшылығымен, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңа дәуір талабына сай рухани, саяси, экономикалық жаңғыруымызға ұласуда.


Шырын ҚҰРМАНБАЕВА, Қазақ гуманитарлық заң инновациялық университетінің ректоры, профессор:

Ұлттық сананы ұштаған

– Қазіргі байқалып отырған әлемдік рухани тоқыраулар кезеңінде жаңа дүниетанымдық бағыт қажеттігі басты мәселеге айналды. Осыған байланысты ұлттық сананы жетілдіру байыпталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы биылғы Жолдауындағы тұжырымдармен сабақтас. Елдігіміздің рухани дамуына серпін беретін негіздерді ұлттық сананы ұштауға бағыттайды.
Ұлттық идеология бізге ауадай қажет. Тілімізді, төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді құрметтеп, сақтап қана қоймай жас ұрпаққа, бүкіл әлемге насихаттау – бізге, ғылым-білім саласы қызметкерлеріне, жүктелетін жауапкершілік. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті білімді елдің ғана шамасы жетеді. Аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған жер», «Мәдени географиялық белдеу» жобалары ғылыми-ағарту зерттеулеріне кең тыныс береді. Сонымен қатар әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуына үндейді. Осы орайда ұлттық сананы жаңаша жаңғыртуда қазақстандық әйелдердің белсене атсалысарына сенемін. Елін, жерін сүйетін батыр ұлдарымыз бен инабатты қыздарымызды бүкіл әлемге қазақ халқының тұлғасын дәріптейтіндей тәрбиелеу мәселесінің дәп осы тұста өзектілігін айтпасақ болмас.
Руханиятымыздың өрісін кеңітетін құндылықты пайымдау­ларды негізге ала отырып ортақ ісімізге жаңа серпін алдық. Оны қапысыз жүзеге асыру міндет деп білемін. Осы орайда дәстүріміздің ең бір асыл үлгісі Әжелер институтын жаңғырту екені сөзсіз.


Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, ақын:

Үлкен істердің қайнары болары хақ

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елге нақты бағыт-бағдар көрсеткен мақаласы жарияланды. Оқып шықтым. Жүрегімізге бір жұлдыз пайда болды. Ең бастысы, бұл мақаланың ұлтқа үлкен мотивация беретін құжат деп есептеуге болатыны. Сондықтан еліміздегі кез келген азамат оқып шығу керек деп есептеймін. Сол себепті, қолына қалам ұстаған сергек жандар талқыласын деген ниетпен «Әдебиет порталына» да көшіріп, жариялап қойдық.
Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын көтергені өз басыма қатты ұнады. Оның ішінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек деген идеясы қуантты. Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткізетініміз талданып-таразыланып жазылыпты. Бажайлап қарасақ, бір ғана осының өзі тиянақты жүзеге асатын болса, үлкен олжа!
«Туған жер» бағдарламасы тіптен керемет! Түйіп айтсақ, бұл мақала үлкен істердің қайнары болары хақ! Санамыз өзгерсе – бәрі өзгереді. Сәтімен болсын!

Бөлісу:

Пікір жазу


*