«Жетісу бөрісі»

362
0
Бөлісу:

Қазақ күресінің бағын ашып, мәртебесін асырып жүрген «Қазақстан барысы» турнирінің соңғы жылдардағы бәсекелерінде тамаша белдесулерімен жанкүйерлерді тәнті етіп, көрермендердің көзайымына айналған Александр Касачев биыл да Алматы облысының атынан «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынайтын болды. 

Күні кеше Талдықорғанда же­тінші жыл қатарынан «Жетісу бөрісі» турнирі жалауын көтеріп, жарты күнге созылған белдесулер бары­сында Александрдың бағы жанды. Осылайша, жыл сайын Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығы үшін өтетін «Қазақстан барысы» турниріне Алматы облы­сының ірік­теуі болып есеп­телген бәсекенің бас бәйгесін алған талдықорғандық тарлан биыл да облыс намысын қорғау құрметін иеленді.
«Жастар» спорт сарайын дүбірге бөлеген додаға осыған дейін Алматы облысының аудан-қалаларындағы іріктеу жарыстарында бірінші және екінші орын иеленген 38 балуан қатысты.
Қазақ күресінің басы-қасында жүрген мамандар мен жанкүйерлер болжамына құлақ салғанымызда, олардың дені Талдықорған атынан кілемге шығатын Ұлан Рысқұл мен Александр Касачевтің бірі жеңіс тұғырына көтеріледі дегенді жиі айтқан еді. Жарыстан қалмайтын­дардың түйсігі алдамапты. Финалға дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырған Ұлан мен Саша ақтық айқаста кімнің бабы келісіп, бағы жанып тұрғанын анықтады. Жастары қарайлас жігіттердің салмақтарын­дағы айырмашылық анағұрлым еді. Ұланның салмағы Сашажан 30 келіге артық болатын. Жеңілдігіне қара­мастан, алып қарсыласына қарсы қаймықпай айқас салған Александр бірінші болып есеп ашып, бүк ұпа­йын қанжығасына байлап, жартылай жеңіске де бірінші жетті. Ұлан да барын салып бірнеше ұпайын иелен­генімен, шешуші сәтте Алек­сан­дрдың жамбасына түсіп қалды. Осылайша, Касачев таза жеңіске жетіп, «Жетісу бөрісі» атанды!
Енді ол екінші орын алған Ұлан Рысқұлмен бірге «Қазақстан барысы» турнирінде Алматы облысының атынан сынға түседі.
«Жетісу бөрісі» турнирінің үшінші орны үшін болған белдесуде Қарасай ауданының балуаны Асқар Төреқұлов жеңіс тұғырына көтерілді. Ол сарқандық балуан Жігер Сәкен­ұлын ұтты. Жеңімпазға «Лада Гранта» автокөлігі тапсырылып, екінші орын үшін 500 мың теңге, Үшінші орынға 300 мың теңге жүлде берілді.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*