Сирек металдар нарығының көшбасшысы бола аламыз ба?

279
0
Бөлісу:

Қазақстан табиғи байлығының молдығы жағынан әлемде алтыншы орынға ие. Бұған ешкім дау айта алмасы хақ. Әсіресе, сирек металдар шикізатының аса бай қоры бар. Нақтылай түсетін болсақ, Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99-ы елімізде бар. Олардың 70 түрі қай маңда орналасқаны барланып есепке алынса, 60 элемент түрі өндіріске енгізілді. Мысалға, еліміз барланған мырыш, вольфрам, барит қоры жағынан әлемде бірінші орында, күміс, қорғасын, хром қоры жағынан – екінші, мыс пен флюорит­тен – үшінші, молибденнен – төртінші, ал алтын қоры жағынан – алтыншы орында. Жалпы, ТМД бойынша Қазақстан қорғасын мен хром кенінің көптігі жөнінен алдыңғы орында болса, мұнай, күміс, мырыш, никель, фосфор тыңайтқыш қоры жағынан екінші, газ, көмір, алтын қоры жөнінен үшінші орында тұр. Оларды өндіру жағынан бірінші орындамыз.
Әсіресе, еліміз үшін көмір, мұнай, газ, алтын, қорғасын, мырыш, хром, мар­га­нецтің рөлі үлкен. Бұлардың қай-қайсысы да ел экономикасының тегершігі іспетті рөл атқарады. Осы шикізаттың көп бөлігі Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай және Еуроодақ елдеріне экспортқа шығарылуда. Түсетін пайда да жаман емес. Әрине, мұндай шикізат тек біздің елде ғана бар десек қателескеніміз. Әсіресе, осы кендерді сыртқа экспорттау жөнінде бұған дейін алдыңғы орында Қытай тұрды. Бірақ соңғы үш-төрт жыл көлемінде Қытай бұл кендерді экспорттауды қысқартты. Оның орнын әзірге ешкім баса қойған жоқ. Осы тұста еліміз бұл мүмкіндік­ті пайдаланып қалуға тырысқаны жөн сияқты.
Қытай сирек металдарды неге шектей бастады? Өйткені заманауи технологияға қол жеткізген соң, барлық минералды шикізатты өз жерінде қайта өңдеуді қолға алды. Сосын барып оны өнім ретінде экспорттау ұшан-теңіз пайда әкелетінін білді. Бар гәп осында.


Әрине, Қазақстан сирек ме­талдар (цирконий, гафний, кадмий, индий, вольфрам, таллий, селен, теллур, бериллий, тантал, ниобий, ванадий, галлий, скандий, рений, осмий, молибден) қорына бай бол­ғанымен, оны 100 пайыз өңдеп, өнім ретінде ұсынуға қол жеткізе алған жоқ. Қайтпек керек? Ол үшін, әрине, озық технологиясы бар елдермен бірлесе жұмыс істеу, біріккен кәсіпорындар құру керек-ақ. Осы жерде тағы бір еске сала кететін жайт, елімізде рений, галлий, осмий-187 секілді өзге мемлекеттерде жоқ сирек металдар бар. Сондай-ақ оларды өндіретін әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі һәм бірегейі бізбіз.
Әлемдік нарықта рений мен галлийдің бағасы өте жоғары. Осмий-187 – әлемдегі ең қымбат металл. 1 грамы – әлемдік нарықта 200 000 доллар. Ол тек Жезқазған кен орындарынан ғана алынады. Тіпті мамандар 1 грамы 10 миллион доллар болатын калифорний-252 металы да Қазақстанда кездесуі мүмкін дегенді айтады. Ол үшін, әрине, тау-кен барлау саласын жандандыру қажет-ақ. Әрине, бұл сирек кездесетін металдарды өндіру елімізде жақсы жолға қойылған. Бірақ көбіне-көп олардың жұмысы құпия болып келеді. Содан болар нақты дерек ала қою қиынның қиыны.
Айтқымыз келгені, тек мұнай мен газға ғана арқа сүйеп отыра бермей, осындай сирек металдарды өндіруді, олардан өнім алып сыртқа экспорттауды бірізділеу керек. Өйткені қара алтынның бағасы құлап, одан түсетін пайда азайған тұста, сирек метал­дарды саудалау тиімді. Қазынаға түсетін миллиардтаған доллар осылардан түсері анық. Сирек металдар өніміне сұраныс қазір өте жоғары. Өйт­кені бұл өнімдер аса жоғарғы тех­нологияда, яғни ядро­лық энер­гети­када, ғарышта, авиация­лық техникада, қазіргі заманғы байланыс құралдарында, лазерлік техникаларда, композициялық материалдарға аса қажет. ХХІ ғасыр жоғарғы технология заманы дейтін болсақ, онда еліміздегі сирек металдарды өндіріп, өңдеп саудаға салатын кез туды деп ұққан жөн сияқты.

Ильяс ИСАЕВ, экономист:
– Кеңес заманында Қазақстандағы зерттелген кен орындарына байланысты карта жасалған еді. Сол картада еліміздегі кен орындары, онда қандай элементтер бар екені көрсетілген. Қазақстан – көмірсутегі шикізаты мен түрлі-түсті металдарды қоспағанның өзінде әлемде өте сирек кездесетін аса құнды, бағасы тым жоғары сирек металдарға аса бай әрі санаулы мемлекеттердің бірі. Алайда біз сол сирек металдарды өндіруді әрі өңдеуді жолға қоя алмай отырмыз. Өйткені оған үлкен қаржы керек. Содан болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер қойнауындағы байлық­ты игеру үшін сырттан инвестиция тар­тыңдар деп Үкіметке жиі тапсырма беретіні. Мәселен, чех хрусталы әлемде қатты бағаланады. Бірақ Қазақстанда одан да сапалы шыны шығаруға мүмкіндік беретін кен орындары, құмдар бар. Біз соны игере алмай отырмыз. Ол үшін алдымен қаржы, озық технология және білікті мамандар керек. Өйткені бәленбай жүз тоннадан әлгі сирек металдардың бірнеше грамы ғана алынуы мүмкін. Демек, оны өндіру оңай емес. Егер осы саланы белгілі бір деңгейге көтере алсақ жаман болмайды. Ондай өнімдерге сұраныс жоғары. Миллиардтаған доллар өзі келер еді. Қазіргідей қаржылық дағдарыс тұсында бұл біздің экономиканың тұрақтылығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ете алар еді.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*