Бейбіт күннің қаһарманы

466
0
Бөлісу:

Алматы облысында кішкентай бүлдіршінді педофилден құтқарған мектеп оқушысы Тимурбек Жамал­ладиновқа облыс әкімінің білім гранты берілетін болады. Басын қауіпке тігіп, ерлік танытқан жас өренге облыс әкімдігі ризашылығын білдіріп, осындай шешімге келді. 
Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Тимурбектің көзсіз ерлігі бүкіл жұртшылыққа үлгі екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде «Тимурбек Жамал­ладиновтың ерлігіне барша қазақстан­дықтар тәнті. Ол жалғыз өзі кішкентай қыздың өмірін зорлықтан сақтап қалды. Мұндай батыл қадамды біз назарсыз қалдыра алмаймыз. Түрген ауылындағы Қонаев атындағы мектепте білім алатын балаға облыс әкімінің білім гранты беріледі. Қазір ол 11-сыныпта оқиды. Мектепті бітіріп, қолына аттестатын алғаннан кейін бірден Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетіне қабылданады» деді.
Сонымен бірге, өңір басшылығы бұл оқиғаның құрбанына айнала жаздаған
2-сынып оқушысының жағдайын да назар­да ұстайтынын, кішкентай қызға барлық қажетті медициналық қызмет көрсетіліп жатқанын айтты. Естеріңізге сала кетейік, Тимурбек 14 сәуір күні кешкісін Ең­бекшіқазақ ауданына қарасты Түрген ауылында 11-сынып оқушысы 8 жасар қыз­ды зорлықтан құтқарып қалған болатын.
Қазір арам пиғылын жүзеге асырмақ болған 32 жастағы күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша
ҚР Қылмыстық Кодексінің 121-бабы, 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*