«Мирас» кеңесі Елбасы мақаласын талқылады

209
0
Бөлісу:

 

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды.

Мәулен Әшімбаев отырыстың негізгі мақсаты мақаланы насихаттау, түсіндіру мен жүзеге асырудың тектіктерін қарастыру екеніне тоқталып өтті.

– Елбасы мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың нақты бағыттарына тоқталып, мазмұнды ойларымен бөлісті. Біздің ұзақ мерзімдегі мақсатымыз айқын. Ол  – әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы елдерге қосылу. Сондықтан Қазақстан үшін жаңғыру  – ұлтты, егемендікті сақтап қалудың шарты, – деді ол.

Мәулен Әшімбаев  ол мақсатқа жету үшін саяси және экономикалық жаңғырудың жеткіліксіз екенін, рухани жаңғырудың рөлі зор екеніне тоқталды.

– Елбасы атап өткендей, рухани жаңғыру  –  ұлттық кодты сақтай отырып, әлемдегі озық, прогрессивті ұстанымдағы қағидаттарды бойға сіңіру. Бұл –үлкен жүйелі жұмыс, – деді ол.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Мемлекет басшысының мақаласын руханият саласындағы азаматтарды үлкен қуанышқа бөлеген мақала екенін атап өтті.

– Еліміз енді тәуелсіздік алғанында Президент жанындағы біздер рухани идеологияны қолға алуды ұсындық. Сонда Елбасы әлі бәрі болатынын айтып, алдымен экономиканы көтеріп, онан кейін саясатқа көшу керегін мәлімдеген еді. Міне, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырын тойлағаннан соң рухани жаңғыру мақсатындағы көлемді мақаласын жариялап отыр, – деді ол.

   Сонымен қатар ол мақалада көрсетілген идеялардың орындалуында министрліктен бастап әр азаматтың көтерер жүгі барын айтып өтті.

– Мемлекет басшысының мақаласына байланысты отандық масс-медиада мыңдаған материал жарық көрді. Елбасы гуманитарлық білім бағытындағы әлемдегі 100 оқулықты қазақшаға аудару керектігін айтты. Мысал ретінде, журналистика саласындағы шетелдік авторлардың кітаптарын қазақшаға аударуды қолға алғанбыз. Соның негізінде, еліміздің журналистика факультеті студенттеріне қыркүйек айынан бастап «Медиаэтика» кітабы тегін таратылмақ, – деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Көркем ӨМІРӘЛІ

Фото: Советбек МАҒЗҰМОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*