АҚШ Иранды нысанаға алды

425
0
Бөлісу:

Бұрынғы АҚШ  президенті Барак Обамамен  ымырашыл Иран президенті Хасан  Рухани орнатқан екі ел  арасындағы  жылымықтан соңғы  бірер  күнде  түк қалмады.  Тыныштықты  ала тайдай  бұзған АҚШ-тың жаңа  әкімшілігі.  Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон: «Иран терроризмді  қаржыландырып отырған  әлемдегі бірден  бір ел. Талай  қанды қақтығыстардың, апаттардың зардабы  Иранның  иығында.  АҚШ-тың  Сирия, Ирак, Ливан, Йемендегі мүддесіне қауіп  төндіруші. Израиьдің  күлін көкке ұшырғысы келетін әзәзіл  орда»  деп Иранды айыптады.

АҚШ  мемлекеттік хатшысының бұл  мәлімдемесіне  ұқсас   ойды  бұдан  бұрын президенттік  сайлауалды үгіт-насихат кезінде Дональд  Трамп та айтқан. Ол Иранның   ядролық бағдарламасына  байланысты жасалған алтылықтың  (АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Ресей  және Германия)  келісімін жоққа  шығарған. «Ираннан санкцияны  алу  қателік. Ол ел уақытша ядролық бағдарламасын  тоқтатқанымен, түбі  атом қаруын жасауды  қолға алады» деген еді. Сондай-ақ  Трамп  билікке  келісіммен Иранға байланысты  санкцияны қайта қарайтынын айтқан еді. Бірақ ол әзірге сөз ретінде  қалған. Бірақ  Сирияны «Томагавкның» астына қалай алды, солай бұрынғы айтқанын  орындауға  көшті.  Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонның  мәлімдемесі  соның басы  болса керек-ті. Бірақ  Сирияны  қанатты зымыранмен  соққының  астына алды.

Ауғанстанға  «барлық бомбалардың анасы» деп аталған  он тонналық  бомба тастады.  Корей түбегіне  аса  ірі әскери кемелерді  топтастырып, «ту-талақайыңды  шығарамыз» деп  Солтүстік Кореяны үркіткеніндей ендігі  әлімжеттік Иранға жүре  қоймасы анық. Иран оңай  шағылар жаңғақ  емес.  Парсы  шығанағында  жатқан елдердің  ішіндегі  ең  мықты армия сонда. 545  мың  жауынгер, 2895  танк, 1500  бронды көлік, 860 әуе қорғаныс кешені,1858 ұшақ, 800  тікұшақ және жүздеген әскери  кеме, катерлері  бар. Бұған орта  және  алыс қашықтыққа  ұшатын жүздеген  зымырандарын  қосыңыз. Егер де АҚШ  тарапынан  Иранға  қарай  бір  қанатты зымыран  ұша қалса,  ресми Теһран Парсы  шығанағында  орналасқан  АҚШ  базасын  талқандауға  күші  жетеді. Сайып келгенде,  Ақ  үй  Иранды жаулап алып, табан астына тастағысы келсе,  кем дегенде  300 мыңнан  1 миллионға  тақау әскерді, «Томагавкмен»  жарақтанған  кемелер армадасын аттандыру  қажет. Бұған АҚШ-тың мүмкіндігі  жоқ. Олай  болса, Трамптың  да,  мемлекеттік хатшы Тиллерсонның да  мәлімдемелері  жай  ғана қоқан-лоқы болып қала бермек.

 

Айнұр Қазыкенова

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*