Уорд пен Ковалев: кім жеңеді?

124
0
Бөлісу:

17 маусымда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жергілікті кәсіпқой боксшы Андре Уорд пен ресейлік Андрей Ковалев арасында қарымта кездесудің ұйымдастырылатыны белгілі. Сол бокс кешінде Қазақстанның қос өрені – Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов шаршы алаңға шығуы мүмкін. 

Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген Уорд пен Ковалев арасындағы кездесу миллиондаған жанкүйерлерді қатты қызықтырып отырғаны жасырын емес. Бұл боксшылардың екеуі де нағыз «сен тұр, мен атайындар» екеніне ешкімнің күмәні жоқ. 33 жастағы АҚШ-тың саңлағы әлі бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 31 кездесудің тең жартысына жуығын ол нокаутпен аяқтады. Қазіргі кезде Андре үш белді нұсқа бойынша алтын белбеуді иеленуде. 34 жастағы Ресейдің мықтысы 32 рет рингке көтеріліп, 30 рет жеңіс тойын тойлады. 26 қарсыласын есінен тандырды. Бір мәрте ұтылып, тағы бір жекпе-жекті тең аяқтады. Оның үстіне, осыдан бес ай бұрын қос боксшы өзара күш сынасып, бұл тартыс ұпай санымен Уордтың пайдасынан шешілген еді. Сол себепті де жазда өтетін қарымта кездесу көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.

Егер сол кеште қос қандасымыз шаршы алаңға шығатын болса, дүйім жұрттың алдында олардың да беделі біраз өсетіні анық. Осы орайда Мадиярдың да, Мейірімнің де аса дарынды боксшылар екенін айта кетуге тиіспіз. Осы күнге дейін Әшкеев 8 кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытса, Нұрсұлтанов өткен аптада ұйымдастырылған өзінің тұсаукесер кездесуінде қарсыласын ұрып жықты.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*