Сен менің сырласымсың өлең деген…

846
1
Бөлісу:

 27 сәуір күні Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ақын, Мәдениет қайраткері Серік Қалиевтің «Жасынның оты жанымда» атты шығармашылық кеші өтеді.    

Әдеби-музыкалық кездесуге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов, Алтынай Жорабаева, Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар мен Бейбіт, Гүлбаршын Тергеубекова, Ғани Мәтебаев, Мұратбек Сарбасов, Қанат Үмбетов және халыққа танымал айтыс ақындары Ринат Заитов, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин жән басқа өнер өкілдері қатысады.

«Айқынның» анықтамасы:

Серік Қалиев – 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби  атындағы  Қазақ ұлттық  университетінің  филология  факультетін, магистратурасын  тәмәмдаған. Қазақстан Жазушылар одағының, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі. Республикалық ақындар айтысының жүлдегері. «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар  антологиясы» жыр жинақтары  мен «Жыр маржан» атты 10 томдық поэзия антологиясына топтама  өлеңдері енген.  2007 жылы «Көзайым», 2012 жылы «Уақыт керуені» жыр жинағы жарық көрген. Елуге тарта  танымал  әндердің  өлеңін  жазған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетіндегі  Студенттер  клубының  директоры, Қазақ радиосында бөлім меңгерушісі, «Атамұра» корпорациясында аға редактор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Қыздар университеті»  баспасының  директоры қызметтерін атқарған.
2010 жылы Мәдениет  қайраткері  төсбелгісімен марапатталған.

 

Серік Қалиевтың өлеңдері

Кеудем менің сағыныштың теңізі,

Толқындары аңсаулардан құралған.

Мұң мен күлкі бір-бірінің егізі,

Шағала боп шарықтайды мың арман.

 

Жағалауын шарқ ұрады үмітім,

Сағымменен арылтпақ боп күмәннан.

Сағынышын тынбай іздеп күні-түн,

Сағынышқа жолығады кіл алдан.

 

Сағынышпен басып кеткен ізің – гүл,

Өңім түгіл қол жетер ме түсімде.

Сырға толы жүрегім де жүзіп жүр,

Кеудемдегі сол теңіздің ішінде.

 

Кеудем менің сағыныштың теңізі,

Буырқанса алабұртқан көңілім.

Сағыныштан тұрады екен негізі,

Мына жердің бетіндегі өмірім.

 

Жүрекке мөрі басылған,

Туған жер дейтін құжаттың.

Арманымды  іздеп ғасырдан,

Өзіңнен кеттім ұзап тым.

 

Сағымдай жылдар көшкенде,

Сағыныш мұңын ішемін.

Жұлдызым көктен өшкенде,

Өзіңе ағып түсемін.

***

Сен менің сырласымсың өлең деген,

Сені ойлап аңсап күтіп елеңдегем.

Сен менсіз өмір сүре алғаныңмен,

Мен сенсіз қуанышқа бөленбегем.

 

Сен менің мұңдасымсың өлең деген,

Егіздей тіршілікті тел емген ем.

Қиянаттан шайлыққан жүрегімнің,

Тамырына нәр беріп мені емдеген.

 

Сені менің қанатымсың өлең деген,

Кезің жоқ аласарып төмендеген.

Парызым бар алдыңда өтелмеген,

Қарызым бар өзіңе төленбеген.

***

Мен жуып тауысамын қай күнәні,

Азайған жоқ жүректе қайғым әлі.

Менің әкем өмірден қайтқан күні

Аспанымнан шытынап Ай құлады.

Түсіме енсең сол баяғы кейпіңде,

Ал, мен өксіп оянушы ем кей түнде.

Құлаған Ай жерге түскен шытынап,

Жарты Ай болып қадалып тұр бейітіңде.

Асыл әке, жарық шашқан өз айым,

Көңіліме қонақтап жүр тез уайым.

Ерін сайлап, өріп жүрмін қамшысын,

Сен көрмеген немерең бар КӨЗАЙЫМ.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

 

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. серікбай маханұлы 4 Мамыр, 2017 at 18:35 Жауап

    ТАЛАСЫП НЕ КЕРЕК ?
    Аулаққа із тастап өмір өткелін ,
    Күннің өзі сәулесімен өткенін .
    Байқайсың ба , қырға шығып сезінші
    Жаймашуақ келіп жеткен көктемін .

    Керім дала гүл раушан тағынып ,
    Ән құстары қанат қақты сағынып .
    Мазалайды жүрек , мүлгіп тұр аспан
    Амалсыздан құдіретке бағынып.

    Тұтасқандай көк тегене сұр бояу,
    Ұқсағандай дүниелер тұр ояу .
    Жылы лапті итермелеп асау жел
    Адасқандай әлде кіммен жүр жаяу .

    Адам пенде аңдысқандай зуылдақ ,
    Аптығасың қайда ғана зуылдап .
    Асықпағын , аяғыңды санай бас
    Тұрған жоқ қой табақ толы қуырдақ .

    Тіршілікте өлім деген зор қауып ,
    Өміріңе алмайсың ба жол тауып ?
    Ажал келіп таусылғанда дәм – тұзың
    Қалар бәрі , жиған малың қор болып .

    Керегі не , пірлеріңе сүйеніп ?
    Бақ таласып , кеуде керіп шіреніп .
    Шамаң келсе қайрымдылық жасағын
    Жүре бермей көрінгенге тіленіп ? !

Пікір жазу


*