Даңғой президент Дональдтың әрекеті әдепсіздік пе?

346
0
Бөлісу:

Әлемдік саясатта  мемлекет басшылары келіссөзінен кейін мәлім етілмейтін жайттар бар. Кейде келіссөзде әңгіме болған жайт ашық айтылады, ал кейде жасырын,  ешкім білмейтін, жария етілмейтін жағдайда  құпия болып қалуы да мүмкін. Бірақ қазіргі уақытта саясаттағы этиканы сақтай бермейтін мемлекет басшылары да бар. Бұл әсіресе, АҚШ президенттеріне қатысты. Өздерін «әлемнің әміршісі» сезінетін Ақ үйдің басшылары үшін бұл қалыпты құбылыс болса керек.

Қазір Корея түбегіндегі жағдай аса шиеленісіп тұр. Ким Чен Ынның қайта –қайта ядролық сынақ жасауы көрші ел мен қандас әріптестеріне ұнамай отырғаны ақиқат. Корей түбегі жағалауында Пхеньянды нысанаға алып, АҚШ –тың әскери кемелері сақадай сай әзір тұр. Ресми Пхеньян да елде төтенше жағдай жариялады. Ел астанасындағы 600 мыңға жуық адамды көшірді. Бірақ мәселе басқада. Осыған дейін де ресми Вашингтон Солтүстік Кореяға Қытай арқылы ықпал жасау  қажеттігін айтып келген. Енді сол жоба жүзеге аса бастағандай. Кеше АҚШ президенттігіне келгеніне үш ай шамасы болған Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге қатысты мәлімдеме жасады.

–Мен Қытай президентіне Солтүстік Корея тарапынан төніп тұрған қауіпті сейілтетін болсаңыз, екі жақты сауда айналамында көп табысқа жететін боласыз. Менің сөзімнен кейін Қытай президенті осы бағытта қатты жұмыс істеуде. Барлық сарапшылар қазіргі уақытта Қытайдың корей аймағындағы шиеленіскен жағдайды шешуге ниеті зор екенін көріп отыр. Солтүстік Кореядан көмір тиеліп келген алып жүк кемелері қайтадан Пхеньянға қарай кетіп жатыр. Біз үшін басқа да жағымды жайттар байқалуда. Мен  Си Цзиньпинді осындай үлкен еңбегі үшін құрметтеймін, –деп салды.

Осыған қатысты бірқатар әлемдік сарапшылар «Трамп саяси келіссөздегі әдепті сақтамай жария етіп жіберді» деп жазып жатыр.

Бұл жерде шындығында да Қытай төрағасының жағдайды реттеудегі ролін жоққа шығаруға болмайды. Америкаға  барып келгеннен кейін ол Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И мырзаны Солтүстік Кореяға жібергені рас.

Бірақ әңгіме не туралы өрбіді, ресми Пекин ол туралы ләм-мим деген жоқ. Ал анығы, Қытайға Пхеньян жақтан келген жүк кемелерінің  ізін суытып үлгерместен кері қайтып жатыр. Соған қарағанда, Дональд Трамптың Италия премьерімен кездесуде айтып отырғаны рас болса керек.

Жалпы Қытайдың Солтүстік Кореяға ықпал ететіндей жөні бар.  Өйткені 1953 жылдардың ортасында Корея екіге бөлінгенде, солтүстегі кәрістер Қытаймен Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойған. Содан бері Пхеньянға Қытай тарапы көптеп көмектесіп келеді.

Ал АҚШ-тың ыңғайына көніп, Қытай неге аяқ астынан Солтүстік Кореяға қыр көрсете бастады. Бұл жерде мәлім етілмеген бір жасырын келіссөз болуы да мүмкін. Өйткені ресми Пекин Американың Оңтүстік Кореяға ядролық қару орналастырғанын қаламайды. Сондықтан солтүстіктегі диктаторлық мемлекетті көндіру үшін қытайлықтар Ақ үйдің ыңғайына уақытша көніп, осындай әрекеттерге баруы мүмкін.

Ал Трамптың кішкентай ел Италияның премьер-министрімен кездесуде айтқан сөзінің астарында америкалық билікке тән астамшылық және Трампқа тән  даңғойлық жатуы да жатуы мүмкін. Бірақ «әлемнің әміршісі» секілді кез келген кездесуде әдептен тыс әңгіме айта беру жараспайды, әрине.

Ол ол ма, жалпы америкалық президенттің ойына не түссе, соны айта беретін басшы екенін мынадан-ақ байқауға болады: Осыдан бірер ай бұрын Дональд Трамп EFE порталына берген сұхбатында былай деді: «Билл Клинтон өзінің кітабында Ким Чен Ирмен бейбіт келіссөзге келдік» деп жазды. Ал Барак Обама Солтүстік Корея лидерімен сөйлесе алған жоқ. Түк те бітірмеді. Соңғы бес жылда  Ким Чен Ир Барак Обаманы алдап кетті»  деп айтқаны бар. Ең бір қызығы, Дональд Трамп айтып отырған Ким Чен Ир 2011 жылы қайтыс болып кеткен, ал  оның орнына қазіргі басшы Ким Чен Ын келгені белгілі. Трамптың Солтүстік Кореяны қай уақытта, қай президент басқарғанын білмеуі әрине адамға күлкі тудырады. Жалпы өз штаттарының қай жерде орналасқанын білмейтін америкалықтарға мұндай қателік ұят емес.

Бірақ шын мәнінде АҚШ пен Солтүстік |Корея арасында соғыс бола қалған жағдайда Пхеньянның баллистикалық ракетасы АҚШ-тың қай штатына жетеді?  Америкалық сарапшы  Дэнни Рой Солтүстік Корея ядролық соққы берген жағдайда АҚШ-тың Гавайи штатаның біраз бөлігі қирауы мүмкін екенін айтты. Аталған қалада 1,4 миллион адам тұратынын ескерсек, ядролық соққыдан 60 мың тұрғын қайтыс болады. Британдық Daily Star басылымының хабарлауына қарағанда, сарапшы Дэнни Ройдың мәлімдемесінен кейін Гавайи штатының билігі қауіп-қатерден қорғану мақсатында жертөлелер салу үшін  биліктен қосымша қаржы сұраған көрінеді.

…Трамптың бір ауыз сөзінен кейінгі ойға келген саяси оралым осы еді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*