ШЫҰ саммиті Астанада өтеді

111
0
Бөлісу:

Астанада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен ШЫҰ бас хатшысы мен ШЫҰ Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы Атқарушы комитеті директорының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) кезекті отырысы өтті. Кездесу ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің маусымда Астанада өтетін отырысына қорытынды дайындық кезеңі болды.

–2016 жылдың маусымынан бастап Қазақстан ШЫҰ-да төрағалық етіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің өткен отырысында белгілеп берген, Ұйым шеңберіндегі Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары Сіздерге мәлім. Ол ШЫҰ-ның
2025 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру тұрғысынан өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту,
транзиттік-көлік әлеуетін ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету, – деді Қ. Әбдірахманов өз сөзінде.

ШЫҰ Сыртқы істер министрлері ұйымның маусымда Астанада өтетін саммитінің күн тәртібін айқындады.

Отырыста министрлер ШЫҰ-ға жаңа мүше ретінде Үндістан мен Пәкістанның қосылу процесін аяқтау мәселелерін талқылады. Қатысушылардың пікірінше, бұл екі ел толыққанды мүше етіп қабылдануы даму мен көпжақты ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа кезеңін ашып, Ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайта түседі.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Ұйымның экономикалық және
мәдени-гуманитарлық салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттілігіне баса назар аударды. Қ. Әбдірахманов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «ЭКСПО-2017» шеңберінде бірқатар
іс-шаралар, сондай-ақ Астанадағы XI білім аптасы, Өнер фестивалі және «Жасыл экономика, туризм мен спортты дамыту» тақырыбында ШЫҰ Жастар форумы өтетінін хабарлады.

СІМК отырысы барысында қатысушылар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі шараларды, ШЫҰ-ның алдағы кеңеюі шеңберінде ынтымақтастықты дамыту перспективаларын да талқылады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары күн тәртібінің жобасы туралы шешім қабылдады. ШЫҰ Астана декларациясының жобасы келісілді. Сондай-ақ, Ұйым саммитінің қорытындылары бойынша қол қоюға енгізілетін Құжаттар тізбесінің жобасы туралы шешімге және басқа да құжаттарға қол қойылды.

ШЫҰ саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада өтеді.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*