Ресей неден сескенді?

755
0
Бөлісу:

Корей  түбегі үлкен жанжалдың алаңына айналғалы тұр. Солтүстік Корея жақын  күндері  алтыншы  мәрте ядролық  сынақ өткізеді  деген  сыбыс жаһанды жаңғыртып  тұрғаны  белгілі. Оған жол  бермес үшін АҚШ  бастаған алпауыттар  түбек  маңына әскери күштерін жинақтай  бастады. Бұған қарсы Пхеньян да қаруын  сайлау үстінде. Оңтүстік Корея мен Жапон  қарулы күштері  жоғарғы дайындыққа  көшірілді. Солтүстіктер  тарапынан атылатын  зымырандарды қағып түсіру  үшін, әуе қорғаныс күштері әзірліктен өтуде. Сары  теңіз бен Жапон  теңізі  әскери кемелерге толды. Пхеньян тарапынан  арандату  болса,  бірден  жүздеген «Томагавк»  көзделген нысаналарды  жоюға  әзір. Бұл  түбектегі елдермен   біраз  алпауыт мемлекеттердің  мүддесі  бар. Мәселен,  АҚШ өзінің одақтасы Оңтүстік Корея және  жапон елімен мүдделес  болса, Қытай  мен Ресей  Солтүстік  Кореямен  қарым-қатынасы түзу. Демек,  бұл жердегі тартыс  Сеул  мен Пхеньян  арасында  ғана өрбімесі анық. Бұдан біраз  күн  бұрын  Қытай  150  мың  әскермен әскери  техникасын түбекке  қарай жақындатқанын  әлем ақпарат құралдары жазған-ды.  Бұл  жолы Ресей  әскери  техникаларын  Солтүстік  Кореямен  бөліп  тұрған шекараға  жеткізе  бастағаны  белгілі  болды.

«Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, өткен аптаның соңынан бастап Қиыр Шығыс тұрғындары темір жолмен және көлік жолдарымен ауыр әскери техникалардың Солтүстік Кореямен шекараға қарай әкетіліп жатқанына куә болып жатыр. DVHab.ru сайтында жарияланған видеода әскери техника, оның ішінде зенит-зымыран кешендері тиелген темір жол эшалондарының кетіп бара жатқаны көрінеді. Эшелон Хабаровск өлкесінің территориясымен шекарадан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Владивосток қаласын бетке алып кетіп барады. «Таңертеңнен бері бұл әскери техника тиелген үшінші темір жол құрамы» дейді видеодағы ер адам. Сайттың хабарлауынша, жергілікті тұрғындар ықтимал қақтығыстың Ресейдің Солтүстік Кореямен шектес аймақтары үшін тиетін салдарына қатысты «дүрліге бастаған» деп жазады «Азаттық» радиосы. Демек, Корей  түбегіндегі  текетірес шектен  шыға  бастаған  сынды. Қытай мен Ресей соған  байланысты сақтық шараларын  жасай бастады десек  қателеспейміз.

Айнұр Қазыкенова

Бөлісу:

Пікір жазу


*